Смайылов әкімдіктерге балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруды тапсырды

Qaz365.kz редакциясы

Оның айтуынша, ауыл балаларына қажетті деңгейде көңіл бөлінбейді

liter.kz

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2022-2023 жылғы оқу жылының аяқталуы және каникул кезінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және еңбекпен қамтылуын ұйымдастыру мәселесі қаралды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жазғы демалыспен және сауықтыру шараларымен 1-10 сынып оқушыларының 85%-дан астамы, яғни әлеуметтік осал санаттағы 500 мыңға жуық баланы қоса алғанда, шамамен 2,8 млн бала қамтылады деп жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта жазғы лагерьлерде алдағы маусымға дайындық бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Жалпы 218 қала сыртындағы және 10 мыңнан астам мектеп жанындағы бейінді және шатыр лагерьлер өз есігін айқара ашады.

Премьер-Министрдің айтуынша, өңірлерде балалардың жазғы демалысы мен бос уақыттарын тиімді өткізу ісі көп жағдайда формалды түрде ұйымдастырылады. 

«Әсерлі, мағыналы іс-шаралар аз. Көбіне сапасы сын көтермейді. Ауыл балаларына да қажетті деңгейде көңіл бөлінбейді», — деді Әлихан Смайылов. 

Үкімет басшысы балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру кезінде көптеген маңызды мәселелерді ескеру қажеттігін айтты. Әсіресе, балаларға арналған бұқаралық іс-шаралар, соның ішінде қорытынды емтихандар бекітілген кестеге сәйкес сапалы өтуі тиіс. 

«Жазғы демалыста балалардың қауіпсіздігі басты назарда болуы керек. Ішкі істер, Төтенше жағдайлар, Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау министрліктері, өңір әкімдері тиісті қызметтердің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуі қажет», — деді Үкімет басшысы. 

Осы орайда әкімдер жаз айларында оқу орындарындағы қауіпсіздік жүйелерін жаңғыртып, жабдықтау жұмыстарын күшейтуі тиіс. 

Премьер-Министр өңір әкімдіктеріне әлеуметтік осал топтағы балалардың жазғы демалысын ұйымдастырып, оларды сауықтыру шараларымен барынша қамтуды тапсырды.

«Ауыл балаларының бос уақытын тиімді өткізу ерекше назарда болуы керек. Олар үшін спорт алаңдары мен даму орталықтарын жабдықтап, ойын-сауық, мәдени іс-шараларды ұйымдастыру қажет», — деді Әлихан Смайылов.