Министр бұйрыққа бағынбағандарға қандай шара қолданылатынын айтып берді
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектептерде ақша жинау жайлы 20 шағым келіп түскенін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
“Түрлі комиссияларға директорлар, сондай-ақ ұжым аста-төк дастарқан жайып, сәлем-сауқат салып береді екен. Мысал ретінде Қоянды ауылындағы мектептің бірін айтуға болады. Олар ет асады екен. Сәлем-сауқат ретінде май, қымыз, құрт береді екен. Бұл енді бір ғана жағдай. Мұның алдын алу үшін қандай да бір шаралар қарастырылып отыр ма?” – деп сұрады журналистер министрден.
Ғани Бейсембаев бұған дейін Оқу-ағарту министрлігінің мектептерде қаржы жинауды шектеу жайлы бұйрығы шыққанын айтып өтті.
“Мен де мектеп директоры болып істеген кезімде, осы үрдісті тоқтатқанмын. Шектеу қойғаннан кейін, мектеп ұжымы да, ата-аналар да көндікті. Бұйрыққа бағынбаулар болғанын анықтаған соң, менің өзіме де шағымдар түскен соң, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікпен осы бағытта жұмыстарды бастап кеттік. Агенттіктің хабарлауынша, Call-центрге 20 шақты шағым түскен. Кез келген ата-ана сол Call-ценртге хабарласса болады. Бұрынғы дәстүрді жалғастырып, ақша жинайтын мектеп басшылығына 10 айлық мөлшерінде айыппұл салу қарастырылып отыр”, – деп жауап берді министр.