Мұғалімдер шетелге қара жұмысқа кетіп жатыр - министр бұдан хабарсыз ба

Qaz365.kz редакциясы

Сондай-ақ ол мұғалімдерге жасалған жағдайды қалай бағалайтынын айтты

elements.envato.com

Еліміздің педагогтарының арасында шетелге қара жұмысқа кетіп жатқаны көп екені туралы БАҚ құралдары мен әлеуметтік желіде жиі жазылып жүр. Бүгін тілшілер Үкімет отырысынан кейін оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтан бұл жағдайдан хабары бар-жоғын сұраған болатын, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Әділетсіздікке ұшырап, қарызға батқан кейбір ұстаз елден кетіп, Англия секілді мемлекеттерге қара жұмысқа кетіп жатыр екен. Бұдан сіздің хабарыңыз бар ма?» - деп сұрады журналист.

Бірақ министр мұнымен келіспеді. Ол керсінше позитивті жағын айтайық дегендей болды. 

«Біздің елімізде және мектебімізде өте табысты жұмыс істеп жатқан қаншама мұғалім бар. Біз неге соларды көбірек айпаймыз?» - деді Ғани Бейсембаев.

Сосын елміздің бас ұстазы «министр ретінде мұғалімдерге жасалған жағдайды 5 балдық жүйемен қаншаға бағалайсыз?» деген сауалға жауап берді.

«Ұстаздарға жасалған жағдайды мұғалімдердің өзі бағалауы тиіс. Мәселе, жағдайды қандай деңгейде екенін қабылдаған адамнан білген жөн деп ойлаймын», - деді ол.

Айта кетейік,  былтыр «31 арна» дайындаған сюжетте соңғы 15 жыл ішінде 400 мыңнан астам адам шетелде оқып, жұмыс істеуді жөн санайтыны айтылған. Қазақстандықтар қаражат табу үшін Ресей, Германия және Оңтүстік Кореяға жиі барады. Көбіне 25-40 жас аралығындағы азаматтар елден көшуге бейім. Олар шетелде жалақы жоғары екенін айтады. Солардың арасында педагогтар да бар.