Оқушылар директор бір жыл бойы сабақ өткізбегенін айтты
Астанадағы Алаш ардақтысы Қошке Кемеңгерұлы атындағы №49 орта мектептің оқушылары өтпеген сабағы үшін ақша алған директор туралы айтып берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Үстіне әскери киім киген оқушылар 2022-2023 оқу жылында оқуы тиіс 3 пәннің өтпегенін айтып берді.
«Өкінішке қарай, бұл пәндер биылғы оқу жылының қыркүйек айынан мамыр айының соңына дейін өткізілмеді. Өйткені бұл пәндерден біздің мектеп директоры М.А (Арай Мұхамеджанова – ред) сабақ беруі керек еді. Ол бұл пәндер ешқашан өтпегенімен, жалақы алып жүрді. Неліктен сабақ болмағанын сұрағанымызда, біз барда өзінің жоқ екенін немесе ол болғанда біз жоқ екенімізді айтты», - дейді видеоүндеуде.
Оқушылар директордың жауабына көңілі толмайтынын, сапалы білім алудан үміті үзілгендіктен әрі бір жыл бойы білім алмағандары үшін осы видеоны түсіргенін жеткізді.
Сондай-ақ мектеп оқушылары келесі жылы өтпеген сабақтардан емтихан тапсыратынын, сол кезде қиналатынын айтып отыр.
«Келесі жылы біз қабылдау емтихандарын тапсырамыз, онда эссе жазуымыз керек. Бірақ біз оны қандай біліммен жазамыз?! Мектеп директорының өзі немқұрайлылық танытып, оқушыларды оқытуда әділетсіздік танытып отырғанда бұл қандай «Жаңа Қазақстан» болмақ?» - дейді оқушылар.
Осыған байланысты Астана қалалық білім басқармасының пікірін білген едік.
«Аталған видеоға қатысты бүгінгі күні Астана қаласы білім басқармасының жанынан арнайы комиссия құрылып, ішкі бақылау жүргізіліп, заң шеңберінде шешім шығаратынын хабарлаймыз», – делінген хабарламада.