Президентке жалған ақпарат беріледі. Журналист білім гранттарының бөлінісіне шүйлікті

Qaz365.kz редакциясы

Бұл мәселені жылдам арада шешпесек, керісінше, жоғары білім саласына зиян тигіземіз

Григорий Сысоев/РИА Новости

Асхат Аймағамбетов Білім және ғылым министрі болғанда баспасөз хатшысы, кеңесші қызметтерін атқарған журналист Ерболат Мұхамеджан әлеуметтік желіде мемлекеттік гранттар санының көптігіне шүйлікті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«94 мың оқушы грантқа тапсырады. Ал бөлінген грант саны 73 мың. Бәсеке мүлдем жоқ. 1 грантқа 1,5 мектеп түлегі таласқан. Менің ойымша, Президентке дұрыс ұсыныс айтылмайды немесе жалған ақпарат беріледі. Осындай қате ұсыныстың арқасында жақсы оқитын да, үлгерімі нашар да грантқа ие болады. Нәтижесінде университеттер түсініксіз жағдайда қалады», – дейді Ерболат Мұхамеджан.

Ол тағы бір мәселе – мемлекет төлейтін грант құны нарықтық бағадан бірнеше есе төмен деп отыр. Мемлекет нарықтық жағдайды әділетсіз реттейтінін айтты.  

«Мысалы, ұлттық университетте грант құны – 1 миллион 300 мың теңге, ал мемлекеттік – 900 мың, жекеменшікке – 700 мың. Айтпақшы, осыдан 3 жыл бұрын 350 мың болып, сол кездегі министр қазіргі сомаға көтерген еді. Ал оқу ақысының өзіндік құны - 1 -1,5 миллионның арасы. Бұл мәселені жылдам арада шешпесек, керісінше, жоғары білім саласына зиян тигіземіз. Себебі министрлік осындай гранттың құнымен сапалы білімді талап етуі орынсыз. Сонымен қатар ақылы оқитын студент жатақхананы ең соңғы болып иелену керек», – дейді журналист.

Ол бұл мәселені шешудің дұрыс жолы бар екенін айтады. Біріншіден, гранттың санын азайтып, артылған сомаға құнын өсіру керек деп санайды. Себебі, жыл сайын гранттың санын өсіргеннен білімнің сапасы жоғарыламайды. Керісінше, ертең мықты университеттер грантқа түсудің шекті балын көбейтіп, нәтижесінде ұлттық және мемлекеттік университеттердегі білім сапасы одан сайын нашарлап, жағдайлары қиындай түсетінін жеткізді.

«Екіншіден, министрлік ғалымдарды тікелей қаржыландыруды қолға алу керек. Себебі гранттық қаржыландыру арқылы, керісінше, коррупциялық тәуекел бар. Сонымен қатар ол өз нәтижесін бермейді. Егер университеттегі мықты ғалымдарды тікелей қаржыландырса, жауапкершілікті арттыруға болар еді.  Бұл ұсыныстар жеке өзімнің атымнан. Министрге осыған дейін де өз ойымды жеткізгенмін. Менің ойымша, мәселені жылдам арада шешпесек, салаға, керісінше, зиян тигіземіз», - дейді Ерболат Мұхамеджан.