«Тазалық – өмір айнасы», «Болашақ жеңімпаз», «Өмірің өз қолыңда» атты жобалар таныстырылды
Бұл туралы Астана қаласында «Өзіңді тап – өзегіңе орал» атты дәстүрлі жалпыұлттық ата-аналар форумында айтылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Сенімен Болашақ» Республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің бастамасымен Қазақстанның Азаматтық Альянсының бірігуімен ұйымдастырылған форумға еліміздің барлық облыстарынан педагогтар, психологтар, білім беру ұйымдарының ата-аналар комитеттері мен қамқоршылық кеңес мүшелері, сондай-ақ 700-ден аса белсенді ата-ана қатысты.
Биыл үшінші рет өткізіліп отырған шараның мақсаты – қоғамда ата-ана мәдениетін қалыптастыру, олардың белсенділігін арттыру, бала тәрбиесіндегі рөлін күшейте отырып, отбасы құндылықтарын насихаттау, бала құқығы, білімі, денсаулығы, қауіпсіздігі секілді мәселелерді жан-жақты мәселелерді талқылау.
Басқосу барысында ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Рамазанова, Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан, Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов, Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Данияр Әлиев, Қоғамдық даму минстрлігінің Жастар және отбасы істер комитетінің төраға орынбасары Лира Райсова, «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар бірлестігінің құрылтайшысы, идея авторы, қоғам қайраткері Нүркен Асановтар отбасылық құндылықтар, балаларды қолдауға арналған әлеуметтік жобалар, балалардың өмірге ынтасын арттыру, электронды шылым және жаман әдеттерден арылу хақындағы мәселерді көтерді.
Осы мәселе ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төраға орынбасары Ләззат Рамазанованы бейжай қалдырмады.
– Биыл жасөспірімге қарсы жасалған қылмыстың саны соңғы 6 айдың ішінде көбейе түскен. Мәселен, былтыр бұл көрсеткіш 450-ге жетпесе, биыл 456-дан асып кеткен. Ал жасөспірімдердің арасында да қылмыс былтырғы жылдың 6 айында 723 болса, биыл 785-тен асқан. Сонда ұл-қыздарымыз тәрбиені көшеден алып жүр ме? Әлде дастархан басында өсиет емес, өсек айтылып жүр ме? Неге еліктеп жатыр? Неден тәрбие алып жатыр? Нағыз тәрбие тек отбасынан басталады. Мемлекет болып көтеріп келе жатқан жүктің ең ауырын әрі күрделісін, сіздер, «Сенімен Болашақ» Республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі алып келе жатырсыздар. Қазақ дәрімен ғана емес, сөзбен де емделген елміз. Осы сөздің нағыз тиімді кезі – бүгін. Осыны жоғалтып алмайық, – деді өз сөзінде ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Рамазанова.
Оның айтуынша, бүгінгі форум еліміздің белсенді ата-аналарын бір жерге тоғыстырып, бас қосты. Былтыр оқу жылы аяқталғанда Оқу-ағарту министрлігі осыған ұқсас форум өткізген. Бірақ бүгінгі шараның ерекшелігі – ата-аналардың басқосуында. Әйтпесе, көпке дейін отбасы институты еленбей келді. Өкінішке қарай, ел бәсекеге түскеннен кейін, нарықтық экономиканың қайнап отырғаннан кейін екінші орынға көшті. Соның қатарында тәрбие сұрақтары, отбасы құндылықтары алдыңғы шеңберден кеткенін сөз етті.
– Бүгінгі форумның тақырыбы – ең алдымен халқымыз, мемлекетіміз үшін өте маңызды. Мемлекеттің басты байлығы – бала. Бала – бауыр етіміз, келешегіміз. Сол себепті бала тәрбиесі әрқашан өзекті болып қала бермек. Ұрпақ тәрбиесі – адамзат қоғамының, мемлекет дамуының негізгі алғышарты. Бұл сөзді қайталып айтып, санамызға сіңіре беруіміз керек. Олай болса, әрбір ата-ана, мектеп, педагог, қоғам болып, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», осы жағдайды түзетуге күш салуымыз қажет. Бүгінгі форум осындай бастаманың өзегі болып отыр. Сондықтан ұрпақ тәрбиесіне барлығымыз жауаптымыз. Мемлекет бала тәрбиесі мен біліміне ерекше көңіл бөліп, үнемі қолдау көрсетіп келеді. Біз балаларымызды біліммен ғана емес, олардың адами құндылықтарға негізделген дінін берік, келешекте елдің мүддесіне адал қызмет ететіндей азаматтық мінезін қалыптасуға атсалысуымыз керек, – деді ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан.
Еділ Оспан атап өткендей, ведомство бүгінде басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, біртұтас тәрбие бағдарламасын әзірлеген. Осының аясында құндылықтарға негізделген тәрбие мен білім беру саясатын іске асыру мақсаты қолға алынған. Сөйтіп, 1 қыркүйектен бастап біртұтас тәрбие бағдарламасы оқу-тәрбие процесіне енгізіледі. Бағдарламаның аясында «Жеткіншектің жеті жарғысы», «Еңбегі адал жас өркен», «Оқуға құштар әке, ана, бала, ұстаз» жобаларын іске асыру жоспарланып отыр. Бала тәрбиесіндегі отбасы институты рөлін нығайту мақсатында білім беру ұйымдарында «Ата-аналар мектебі», «Әкелер мектебі», «Аналар мектебі», «Әжелер мектебі» жобалары жаңа мазмұнда жалғасын табатынын сөз етті.
«Өзіңді тап – өзегіңе орал» атты дәстүрлі жалпыұлттық ата-аналар форумында сөз сөйлеген Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов елімізде балаларға білім беретін мұғалім тапшылығы қалай шешіліп жатқанын айтып берді.
– «Болашағын ойлаған ел бесігінен бастайды» дегендей, еліміздің дамуы ең алдымен бала тәрбиесімен байланысты. Ал балаға тәрбие беретін ата-анадан бөлек, ол – ұстаздар, мұғалімдер. Осы тарапта біздің министрлік не атқарып жатқанын, қалай көмектесе алатынын бөліспек. Рас, елімізде педагог кадрлардың тапшылығы өзекті мәселенің бірі. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы мұғалімге деген қажеттілік 4 600-ден асып отыр. Астананың өзінде жыл сайын мың мұғалім қажет. Әсіресе, бастауыш сынып, математика, информатика, ағылшын тілі өте қат. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Үкіметке Астанада жаңа педагогикалық ЖОО құру мәселелерін пысықтауды тапсырды. Бүгінде республикада 49 университеттің кадрларды даярлауда педагогикалық бағыт бойынша лицензиялары бар. Педагогикалық бағыт бойынша білім алушының саны шамамен 186 мың студент. Оның ішінде 43 мыңнан аса студент мемлекеттік тапсырыс бойынша оқиды. Бұрын педагогикалық мамандыққа түлектер «қалдық» қағидаты бойынша түссе, қазір олардың арасында «Алтын белгі» иегерлері секілді дарынды жастар түсіп жатыр. Тіпті, мұғалім мамандығына оқитын студенттердің стипендиясы да көтерілді. Яғни, 26 186 теңгеден 67 200 теңгеге дейін өсті. Оған қоса, жыл сайын педагогикалық бағыттарға бөлінетін гранттар саны да артып келеді, – деді вице-министр.
Талғат Ешенқұловтың айтуынша, бүгінде тәрбие беру мәселелері жаһандық сипатқа ие болып отыр. Өйткені әлеуметтік желілердің өскелең ұрпақтың ақыл-ойы мен санасына әсері орасан зор. Сәйкесінше, ата-аналарға оған қарсы тұру күннен-күнге қиындап бара жатыр. Осыны ешкім жеке, өз күшімен шеше алмайды. Ол үшін ата-аналардың, мектеп пен университеттердің әр баланың ерекше дарынын ашып, дамыту үшін бірлескен күш-жігер қажет. Форум қатысушылары осылай бірлесіп қана өскелең ұрпаққа тәрбие бере алатынын жеткізді.
Форумның екінші бөлімінде ата-аналар тәжірибелі спикерлердің эксперттік пікірін тыңдады.
«Сенімен Болашақ» РҚБ төрағасы Жансая Бердімұрат бірлестік жүргізген зерттеулердің қорытындысын жариялады. Зерттеу саналы ата-ана болу құзыреті, баламен сапалы уақыт өткізудің жолы, саналы баланы тәрбиелеу мен ынталандыру тәсілдері бойынша жүргізілген.
Сондай-ақ ата-анаға қатысты өзге де қажетті кеңестер, заманауи әдіс-тәсілдер айтылды. Ал Швейцариядан арнайы келген халықаралық деңгейдегі коуч, гуманды педагогиканың рыцары, педагогика ғылымдарының докторы Марина Чайка баламен достасудың жеті негізгі жолын көрсетіп, талдап берді.
Сондай-ақ бірлестіктің бастамасымен өзге өңірлерде жүзеге асып жатқан «Тазалық – өмір айнасы», «Болашақ жеңімпаз», «Өмірің өз қолыңда» атты жобалардың барысы таныстырылды.
Ата-аналар бала тәрбиесі, ата-ана мен баланың қарым-қатынасы, қоршаған ортамен байланысы мәселелеріне қатысты сұрақтарын қойып, мамандардан жауап алды.
Форум соңында арнайы қарар қабылданды.