Қазір көптеген студент кітапхана мәдениетінен ажырап жатыр - Саясат Нұрбек

Qaz365.kz редакциясы

Заманауи кітапхана ашылды

Видеодан кадр

«Қазір көптеген студенттер кітапхана мәдениетінен айырылып жатыр». Сүлейман Демирель атындағы университетте заманауи кітапхананың ашылу салтанатына қатысқан ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек осылай деді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Кітапхананың ашылу салтанатында министр рухани орталық студенттердің сапалы білім алуына, тұлғалық дамуына серпін беретінін атап өтті.

«Қай кезде, қай заманда болмасын, кітап құндылығын жоғалтпайды. Бүкіл әлемдегі кітапханалар – білім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікірлердің мекені. Осы тұрғыда кітапхана әр университеттің жүрегі десек болады. Дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды», – деді министр.

SDU ғылыми кітапханасы «Open access» стилінде жасақталып, электронды жүйе арқылы басқарылады. Білім алушы жастар үшін қолайлы жағдайлардың барлығы жасалып, үш қабатты ғимаратты оқу залы, демалыс орындары, конференц-зал, компьютер бөлмесі ашылған. Университет кітапханасының қорында 410 мыңнан астам кітап бар. Оның ішінде қазақ тілінде 119 113, орыс тілінде 32 565, ағылшын және басқа тілдерде – 258 638 дана кітап бар.
Шараға еліміздің ЖОО ректорлары, профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушы жастар қатысты.