1 қыркүйектен бастап біртұтас тәрбие бағдарламасы оқу-тәрбие процесіне енгізіледі - Еділ Оспан

Qaz365.kz редакциясы

Бағдарлама аясында бірқатар жобалар іске асырылады

 Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан Астана қаласында «Өзіңді тап – өзегіңе орал» атты дәстүрлі жалпыұлттық ата-аналар форумында айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

– Бүгінгі форумның тақырыбы – ең алдымен халқымыз, мемлекетіміз үшін өте маңызды. Мемлекеттің басты байлығы – бала. Бала – бауыр етіміз, келешегіміз. Сол себепті бала тәрбиесі әрқашан өзекті болып қала бермек. Ұрпақ тәрбиесі – адамзат қоғамының, мемлекет дамуының негізгі алғышарты. Бұл сөзді қайталып айтып, санамызға сіңіре беруіміз керек. Олай болса, әрбір ата-ана, мектеп, педагог, қоғам болып, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», осы жағдайды түзетуге күш салуымыз қажет. Бүгінгі форум осындай бастаманың өзегі болып отыр. Сондықтан ұрпақ тәрбиесіне барлығымыз жауаптымыз. Мемлекет бала тәрбиесі мен біліміне ерекше көңіл бөліп, үнемі қолдау көрсетіп келеді. Біз балаларымызды біліммен ғана емес, олардың адами құндылықтарға негізделген дінін берік, келешекте елдің мүддесіне адал қызмет ететіндей азаматтық мінезін қалыптасуға атсалысуымыз керек, – деді ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан.

Вице-министр атап өткендей, ведомство бүгінде басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, біртұтас тәрбие бағдарламасын әзірлеген. Осының аясында құндылықтарға негізделген тәрбие мен білім беру саясатын іске асыру мақсаты қолға алынған. Сөйтіп, 1 қыркүйектен бастап біртұтас тәрбие бағдарламасы оқу-тәрбие процесіне енгізіледі. Бағдарламаның аясында «Жеткіншектің жеті жарғысы», «Еңбегі адал жас өркен», «Оқуға құштар әке, ана, бала, ұстаз» жобаларын іске асыру жоспарланып отыр. Бала тәрбиесіндегі отбасы институты рөлін нығайту мақсатында білім беру ұйымдарында «Ата-аналар мектебі», «Әкелер мектебі», «Аналар мектебі», «Әжелер мектебі» жобалары жаңа мазмұнда жалғасын табатынын сөз етті.