Мектепке орамал тағып жүрген оқушылар музыка, сурет сабақтарына қатыспайтын болған – сарапшы

Qaz365.kz редакциясы

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың мектеп оқушыларының хиджабына байланысты айтқан пікірі әлеуметтік желіде сынға қалды

inform.kz

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың мектеп оқушыларының хиджабына байланысты айтқан пікірі әлеуметтік желіде сынға қалды. Бұған қатысты жұрттың пікірі әдеттегідей екі жарылған. Осы ретте әлеуметтану ғылымдарының кандидаты, Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми сарапшылық кеңес мүшесі Талғат Жақиянов мұның себебін түсіндірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Екі тараптың да айтатыны құқықтық түсіндірме. «Зайырлылық» қағидасы мен нормаларын әр тарап өзіне қарай тартып, өзінше интерпретация жасайды. Алайда бұл жерде мынадай мәселелерге назар аударған жөн. Біріншісі, мектеп – әлеуметтік институт. Оның атқаратын нақты функциялары бар. Білім беруден (оқыту+тәрбиелеу+дамыту) басқа мектептің маңызды міндеттерінің бірі –эгалитарлық функция. Яғни, теңдестіру (уравниловка) дегенді білдіреді. Мектеп әртүрлі ортадан/отбасынан келген балалар үшін (жасанды болса да) бірдей әлеуметтік кеңістік қалыптастыру», – дейді Талғат Жақиянов.

Ол өзі де бірнеше жыл мектепте қызмет еткенін, мәселеден хабары барын айтқан.

«Кез келген қоғам таптар мен қабаттарға бөлінеді. Біздің қоғамда да жоғарғы, орта және төменгі (тіпті, андеграунд) таптар бар. Мектепке келген оқушылар осы таптардың өкілдері. Олардың материалдық жағдайы, ең алдымен, сыртқы келбеттерінен көрініс береді. Балалардың бірінің қымбат киінуі, ал бірінің жұпыны киінуі білім кеңстігінде түрлі проблемаларды туғызады: психологиялық қолайсыздық, жікке бөліну, т.б. Бірыңғай форма мектептегі таптық жіктелу көрінісін жасырып, жағымсыз салдардардың алдын алу үшін қолданылатын эгалитарлық құрал. Барлық баланы әлеуметтік-материалдық тең ету емес, теңсіздік көріністерін жасыру қызметін атқарады. Санасы енді қалыптасып келе жатқан періштедей жас буын өзінің және өзгелердің таптық белгілерімен бас қатырмай, білім алуы керек», – дейді сарапшы. 

Ол қазіргі хиджап (орамал) мәселесін көтеріп жатқан азшылық «бұл ұсыныс тек мұсылмандар тарапынан ғана айтылуда, басқа діндер сұрап отырған жоқ, сондықтан рұқсат беру керек» деген пікір білдіріп жүргеніне тоқталды. 

«Алайда жағдай олай емес. Бірнеше жылдар бойында қызмет бабымен барлық өңірлерді, түрлі елді мекендерді үздіксіз аралап, «көзбен көріп, қолмен ұстап» жүрген адам ретінде айтайын. Мұндай ниет басқа діни ағымдарда да бар. Бізде ресми тіркелген 18 конфессия (діни бағыт) бар. Тіркелмегендері одан да көп. Хиджап/орамалға рұқсат беру осы ағымдардың көпшілігінің мүддесін оятады. Себебі «зайырлы» елде діндердің құқықтары тең.
Діни атрибуттардың мектепте көрініс беруі исламмен ғана байланысты емес. Еліміздің солтүстік өңірінде православ сенушісі болып табылатын мектеп директоры оқушы қыздардың барлығына православ үлгісімен орамал таққызып қойған жағдайлар болған. 
Аралас мектептердің бірінде «сатаналық» сектаға кірген жоғарғы сынып оқушыларының «сатана» образында киініп жүргенін бірнеше жыл бұрын  көргенмін»
, – дейді әлеуметтік ғылымдар кандидаты.

Осылай рұқсат бере берсек, этнос өкілдері бой көтереді деп отыр. 
Мәселен, бірыңғай тәжіктер шоғырланып қоныстанған Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы Фирдауси ауылындағы мектепте сондай жағдай болыпты.

« 2017-2018 жылғы оқу жылына дейін ол мектепке тәжік балалары өздерінің ұлттық киімдерімен. Қыздар ала көйлектерімен, ала шалбарларымен сабаққа баратын. Жанар Сапар директор болғалы ғана жағдай реттелді. Сол үшін оны жергілікті консервативті топтар бүгінге дейін жазып, сотқа беріп, қудалап жатыр. Енді салафиттер араласып, бұл шиеленісті «орамал шиеленісі» ретінде көрсетуге тырысуда. Осы сияқты Ақмола облысындағы жекелеген елді мекендерде шоғырланған шешендер қыздарын мектепке өз ұлттық белгісі бар киімдермен жіберіп отыр.Мектептерде гендерлік қабаттар да көрініс бере бастады. Естеріңізде болса, былтыр Астана қаласындағы мектептердің бірінде сырға таққан, тырнағы ұзын қызтеке оқушыны көрдік. Оған да шуладық», – дейді Талғат Жақиянов. 

Ол мектепте хиджап киюді белсенді талап етіп жатқан топ – салафи ағымын ұстанушылар. Олар мектептерде намазхана ашуды да талап етіп отыр.
Өңірлерде жекелеген мектептерде орамал киетін бірді-екілі оқушыға көз жұмып, үнсіз рұқсат беріп отырған басшыларды да көрдік. Оларды да түсінуге болады. Басында униформа талап еткен, діншіл ата-аналармен соттасқан. Алайда кейбір прокурорлар мен судьялар олардың өзін жазалаған. Жоғарыдағы басшылар бұған бас қатырғысы келмей, мектеп әкімшілігін проблемамен бетпе-бет жалғыз қалдырған деп отыр.

«Қалай шешсең, олай шеш» деген жалтақтық. Әрине, бұл жердегі басты проблема білімнің зайырлылығын нақты белгілейтін құқықтық тетіктердің әлсіздігінде. Ол – басқа әңгіме.
Міне, осы хиджапқа үнсіз рұқсат берген мектептерде енді басқа проблемалар көрініс берген. Орамал киген оқушылардың ата-аналары мектеп кеңістігінде өз балаларына қолайлы жағдайлар қалыптастыруға кіріскен. Музыка, дене шынықтыру, көркем сурет пәндеріне қатысудан бас тартқан. Ән айтуды (соның ішінде әнұран орындауды да), би билеуді «харам» деп, мектептің қоғамдық өмірінен алшақтаған. Жаратылыстану, тарих пәндерінен өздерінің діни догматтарына сай келмейтін тақырыптарды алып тастауды талап еткен. Асханаларды тексеріп, «халал» меню талап еткен. 
Проблема хиджаппен ғана шектелмейді. Онымен бірге мектеп кеңістіктеріне кешенді проблема енеді деген сөз.
Дәл қазіргі жағдайда діни атрибут ретіндегі «орамалдың» мектептерге енуі, ең алдымен, салафилік идеологияның енуіне мүмкіндік береді. Сондықтан салафизмге заңмен тыйым салмайынша, бұл мәселені қарастыруға болмайды»
, – дейді сарапшы.