Жаңа оқу жылында Жезқазған қаласында алғашқы жекеменшік «Зерделі» мектебі ашылғалы жатыр
Бұл туралы Ұлытау облысында өткен ұстаздар тамыз кеңесінде айтылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Мектептер желісін ұлғайту мақсатында Ұлытау облысында да «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асады. Жоба шеңберінде 6 мектеп салынбақ. Оның алғашқысы биыл Жезқазған қаласындағы «Қабанбай» шағынауданында бой көтермек. Әзірге жобалық сметалық құжаттар дайындалып жатыр. Басқа мектептерге де жер бөлінген. Әзірге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Олардың құрылысы келер жылы басталады. «Жайлы мектеп» – аты айтып тұрғандай білім алушылар үшін барлық жағдай жасалған мектеп. Оның өзге мектептерден айырмашылығы тек ғимараты ғана тұрғызылып қоймай, бастауыш балалар мен жоғары сынып оқушылары бөлек оқуымен ерекшеленеді. Оған қоса бөлек асхана, заманауи жабдықталған кабинеттер, бөлек спорт залдары, т.б. мүмкіндіктер қарастырылатын болады.
Жаңа оқу жылында Жезқазған қаласында алғашқы жекеменшік «Зерделі» мектебі ашылғалы жатыр. Онда оқуға 600-ге тарта оқушы өтініш білдіріпті. Сынақтан сүрінбей, үздік шыққан оқушылар «Зерделіде» білім алу мүмкіндігіне ие болмақ.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернатында 200 орындық жатақхана құрылысы басталған. Ол 2024 жылдың қыркүйегінде айында қолданысқа берілмек.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры арқылы Ұлытау аданындағы № 1 тірек мектебінің базасы толық жаңартылды. Биыл Жаңаарқа ауданының Бименде Амалбеков атындағы тірек мектебіне де заманауи оқу кабинеттері, арт-студия, телестудия, робототехника, STEM кабинеттері жабдықталады және материалдық-техникалық базасы толығымен жаңартылады.
Техникалық және кәсіптік білім беруге келсек, колледждерде облыстағы еңбек нарығының сұранысына қарай «Ветеринария», «Экология және қоршаған орта», «Шетел тілі» мамандықтары ашылған.
Облыс орталығындағы тағы бір қуанышты жаңалық – Ұлытау техникалық университеті құрылуы. Бас жоспарға сәйкес, қаланың жаңа бөлігіндегі 30 га аумақта университеттің жаңа кампусы салынатын болады. Заманауи білім беру стандарттарына сәйкес оқытушылар білімдерін жетілдіре алады. Жоспарға сәйкес, жаңа университет келер жылдың қыркүйегінен бастап студенттерді қабылдай бастайды.