Орыс әдебиетін алып тастауға келіспеймін. Қаракөз Сүлейменова Ринат Зайытовқа қарсы шықты

Qaz365.kz редакциясы

Жалпы, өнер тілге, ұлтқа бөлінбеуі керек

коллаж Qaz365.kz

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов мектептердегі орыс әдебиетінің орнына әлем әдебиетін оқытайық деген ұсыныс айтқан болатын. Осыған қатысты тележүргізуші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қаракөз Сүлейменова пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Ең бірінші, орыс әдебиетінің сағат саны қазақ әдебиетінен көп болмау керек. Ол дұрыс. Бірақ оны кеңестік кезеңде емеспіз деп алып тастауға келіспеймін. Бізде қазір шетел әдебиетін ағылшын тілінде екінің бірі оқи алмайды. Ал шетел әдебиеті қазақ тіліне аударылып біткенше әлі жылдар керек. Бұл ұзақ үрдіс. Екіншіден, қазақта Абайдан ұлы кем шығар. Абайдың өзі орыс әдебиетін жоғары бағалап, қазақ әдебиетінің дамуына сол арқылы үлкен жаңалықтар әкелген.  Пушкиннен реализм әдісін қазақшаласа, Крыловтың мысалдарындағы сатиралық жанрды қазақы болмыста бейімдеді.  Сондай-ақ Абайдың Лермонтовты ерекше сүйіп, өлеңдерін көп аударғанын бәріміз білеміз», - дейді Қаракөз Сүлейменова.

Ол қазақ әдебиетінің қалыптасуында мұндай мысалдар жетіп жатқанын тілге тиек еткен. Ол алдымен орыс әдебиетінен өтіп барып, әлем әдебиетін танимыз деп отыр. 

«Жалпы, өнер тілге, ұлтқа бөлінбеуі керек. Дүниенің қай жерінде болса да өнер, әдебиет оқырманды ізгілікке шақырады. Санасын оятып, жаңа сатыға көтереді.  Ұлттық сана, ұлттық рух бір елдің әдебиетін жоғалтқанмен көтерілмейді. Бұл жерде ұлттық тәрбие деген терең мәселе жатыр. Біздегі идеологиялық жұмыстардың әлсіздігі бар. Ең бастысы, халықтың экономикалық, әлеуметтік қауіпсіздігі шешілмеген. Мінберде отырған депутаттарға  әдебиеттен де күрделі мәселелер жетеді деп ойлаймын», - дейді тележүргізуші.

Ол алдымен халықтың экономикалық қауіпсіздігі шешіп алайық дегенді айтты .
  

«Неліктен, Еуропа елдерінде волонтерлікпен, мәдениетпен көп айналысады. Адамның тұрмыстық қажеттіліктері өтелгенде, біздегідей кредитке тамақ ішпегенде, кітап оқуға да ниеттері ауады. Қазақтың тілі, ділі, дәстүрі отбасындағы тәрбиеден басталып, ары қарай қоғамда жалғасын табу керек. Біз ұлттық тәрбие түсінігіне, өкінішке қарай, әлі де терең қарай алмай жатырмыз», - дейді Қаракөз Сүлейменова.

Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов мектептерде орыс әдебиетінің орнына әлем әдебиетін оқыту керек деген ұсыныс айтқан еді.

Қаракөз Сүлейменова - атақты әдебиет сыншысы Асқар Сүлейменовтің қызы, актер Досхан Жолжақсыновтың жұбайы.