Біреулер аталған пәнді өткізгені үшін жыл бойы жалақы алып келген
Әлеуметтік желіге тарап кеткен бейнежазбада Қарағанды қаласындағы №5 мектептің мұғалімі Игорь Жарликов 2022-2023 оқу жылында «Патриотизм және жаһандық құзыреттер» сабағы оқытылмағанын айтты. Оның мәлімдеуінше, қазір мектеп басшылығы 11 сынып оқушыларын сол пәнді өтті деп айтуға мәжбүрлеуде, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Үзіліс кезінде маған 11 «Б» сыныбының оқушылары келіп, мектеп басшылығының оларды былтырғы оқу жылында «Патриотизм және жаһандық құзыреттер» пәні өтті деп жазып беруге мәжбүрлеп жатқанын айтты. Олар балаларды қорқытып, егер жазбаса, қиындыққа тап болатындарын жеткізген. Тағы да айтамын, шындықты айтудан ешқашан қорықпаңдар! Біздің Қазақстан – онсыз да жемқор мемлекет. Бюджет ақшасы талан-таражға салынып, ұрланып жатыр. Біреулер аталған пәнді өткізгені үшін жыл бойы жалақы алып келген, ал бұл – сендердің ата-аналарыңның, салық төлеушілердің ақшасы. Бірақ бұл жерде ең бастысы – сендер және сендердің ұстанымдарың. Сондықтан, ұлдар мен қыздар, азаматтық ұстанымдарыңызды көрсетулеріңізді сұраймын. Негізі мектепте патриоттыққа, адалдыққа тәрбиелеу керек, бірақ олар сендерді өтірік айтуға мәжбүрлеп жатыр. Онымен қоймай, Әділ Қазақстан құрамыз дегенді де талмастан айтуда», – деді тарих пәнінің мұғалімі.
Сонымен қатар ұстаз аталған факт бойынша салғырттық тартқан тұлғаларды жауапқа тартуды сұрап, ресми түрде Қарағанды облыстық прокуратурасына шағым түсіргенін мәлімдеді.