Әдепсіз: Оқушыны ұрған мұғалім жұмыстан кетті

Qaz365.kz редакциясы

Мектеп директоры тәртіптік жазаға тартылды

Видеодан кадр

Ақмола облысы Аршалы ауданының Жібек жолы ауылында оқушыны ұрған мұғалім жұмыстан шығарылды, ал мектеп директоры тәртіптік жазаға тартылды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі  ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Ақмола облыстық білім басқармасының мәліметінше, И.Құтпанұлы атындағы мектепте болған оқиға бойынша 5 қазанда педагогикалық әдеп кеңесі өткен.

Онда мектептің тарих пәні мұғалімінің теріс қылығы қаралған. 

«Кеңес мектеп директорына әдепсіз теріс қылық жасағаны үшін осы жұмысты жалғастыруға сәйкес келмейтін мұғалімді қызметінен босатуды ұсынды. Тарих пәнінің мұғалімі Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі негізінде жұмыстан босатылды. Мектеп директоры мектеп мұғалімінің педагогикалық этика нормаларын сақтауын жеткіліксіз бақылағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды», — деді білім басқармасы. 

Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметінен атап өткендей, осы оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 140-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру қолға алынған.