Құзырлы органнан платформаның сананы улайтын жарнамасын тексеруді сұраған
Бас прокуратура «Күнделік жүйесін» қатаң сынаған депутат Ерлан Сайыровқа жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Мәжілісмен бұдан бұрын Оқу-ағарту министрлігі «осы шетелдік жүйе үшін жылына 800 млн теңге жұмсап отыр деген ақпаратты тексеруді» талап еткен. Құзырлы органнан платформаның сананы улайтын жарнамасын тексеруді сұраған.
Еске сала кетсек, бұған дейін Ерлан Сайыров Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға, Бас прокурор Берік Асыловқа сауал жолдап, жоба арқылы 4 миллион қазақстандық оқушының жеке мәліметтерін жинау, сақтау және өңдеу қызметін ешқандай іріктеу мен байқаусыз, шетелдік компанияға 12 жылға беріліп кеткенін хабарлаған еді. Оның сөзінше, бұл салада шетелден басқарылатын қолдан жасалған монополия пайда болған. Депутат сыртқы монополия күшімен Қазақстанның барлық балалары, мұғалімдері мен ата-аналары (жалпы саны 7 миллион адам) мемлекет пайдалануға міндеттеген «Күнделіктен» күнделікті жағымсыз жарнама көруге мәжбүр екенін атап өтеді.
«Бұл аз болғандай, «Күнделік» жүйесі «Ұлттық ақпараттық технологиялар» атты мемлекеттік мекеменің серверлерін пайдаланады және ол үшін Оқу-ағарту министрлігі жыл сайын 800 млн теңге қаржы төлейді деген ақпаратты Бас прокуратура тексеруі қажет», - деді депутат.
Сайыров «қазақстандықтардың мәліметтері жоғалса, жарнама берушілерге сатылса немесе астыртын зиянды жолмен қолданылса, кім жауап береді?» деп дабыл қаққан.
Алайда Бас прокуратура Күнделік жүйесінің жарнамасы тексерілгенін, олардың бұл әрекеті мемлекеттік-жекешелік əріптестік туралы заңнаманың талаптарына қайшы келмейтінін хабарлайды.
«Сондай-ақ «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ (бұдан əрі – «ҰАТ» АҚ) ресурстарында «Күнделік» АЖ орналастыруға жыл сайын сервер ұсынғаны үшін қаражат бөлінетінін хабарлаймыз. Биыл 309 млн 893 мың теңге, 2022 жылы - 259 млн теңге бөлінді. Бұл қаржыландыру цифрлық даму жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті мен «ҰАТ» АҚ арасында хостинг ұсыну бойынша қызметтер көрсетуге арналған шартта көзделген», - деп хабарлайды құзырлы орган.
Бас прокуратура Ұлттық экономика министрлігі уəкілетті орган ретінде «Күнделік» электронды журналдары мен күнделіктерінің жобаларына салалық сараптаманың оң қорытындысын бергенін ескертеді. Қазір елдегі мемлекеттік мектептерде 4 цифрлық білім беру платформасы қолданылатынын жеткізді.
«Күнделік» АЖ 15 өңірде пайдаланылады, қалған өңірлерде жергілікті атқарушы органдар өзге де цифрлық білім беру платформаларын («Edus mektep», «Bilim All» «Bilim class») дербес айқындады. Тиісінше, білім беру платформаларының балама нұсқалары бар. «Күнделік» АЖ жұмыс істеуіне қатысты, оның ішінде жарнаманы тарату мəселелері бойынша Бас прокуратураға қандай да бір шағымдар мен арыздар келіп түскен жоқ», - деп хабарлайды Бас прокуратура.