"Өмірде ғалым үшін ең үлкен жетістік – үздік шәкірт тәрбиелеу": Алматыда профессор Әбжановтың мерейтойы өтті

Жұлдыз Әбіл

Ұлттың ұлағатты тарихшысы 70 жасқа толды

egemen.kz

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қатысуымен белгілі тарихшы-ғалым, ҚР ҰҒА-ның академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Х.М. Әбжановтың 70 жасқа толуына орай «Тарихтың қозғалысы және Қазақстандық жол: кезеңдері, сабақтары мен болашағы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі.

Шараға тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА-ның академиктері  Мамбет Қойгелдиев, Берекет Кәрібаев, Зиябек Ермұханұлы, Ғабит Қапезұлы, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры, тарих ғылымдарының кандидаты Гүлжан Дәулетбекқызы, ҚР Ұлттық музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ақмарал Ғосманқызы,  Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Ағыбайұлы мен тарих саласының   мамандары, БАҚ өкілдері  қатысты.

«Қазақстандағы қуғын-сүргін мен ұлт менталитеті», «Оқиғалар хроникасы», «Ұлттық идея мен ұлттық тарих», «түркі әлеміндегі Қазақстан: іргелі тарих пен методология» сынды тағы көптеген ғылыми еңбектердің авторы Ханкелді Әбжанов – тек тарихшы ғана емес, алаш мүддесін бәрінен биік қойған, ұлтжанды азамат. Ұлтының рухын асқақтатып, азаттық үшін күрескендерді жете тануға, тарих арқылы келешек ұрпақтың өткенін білуге барын салып, танымдық еңбектер жазып жүрген ол – терең білім иесі.

Республикалық конференцияда белді тарихшының үздік шәкірттері мен ұстаздары да бой көрсетті. Жиында сөз алған ҚР ҰҒА-ның академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Берекет Кәрібаев:

«Соғыстан кейін дүниеге келген жас ұрпақтың өмірі белгілі. Жеті жаста мектепке барып, 17 жасында бітіріп шығады. Бағы жанса, жоғары оқу орнына түседі. Ауылда туып-өскен Ханекең – мектепті үздік бітіріп, еліміздің маңдайалды университетінде оқуға мүмкіндік алады. Студент болып жүріп, бәріне үлгеріп, жан-жақты жігіт екенін көрсетті. Ешбір академик, профессор – бірден қалыптаспайды. Кімде-кім студент кезінде үздік оқып, қоғамдық жұмысқа белсене араласса, белсенділігі оны үлкен жетістіктерге бастамай қоймайды. Ханкелді Әбжанов – бірінші болып докторлық атағын алған адам. Оның тарихқа деген махаббаты, тынымсыз ізденісі осындай белеске алып келді. Себебі ол тарихтың рөлі мен маңызы қай заманда да маңыздылығын жоймайтынын ерте түсінді. Қазіргі кезде тарих – атом  бомбасынан да қауіпті. Себебі тарихты жіті игере алмаса, дұрыс ұстаздық ете алмайды, жастарды тәрбиелеуге қауқары жетпейді. Осы тұрғыда Ханкелді жарады!», – деп мерейтой иесін құттықтап, ілтипатын білдірді.

Алаш қозғалысының тарихын терең зерттеп, архивте талай күндерін өткізген Ханкелді Әбжанов – тың деректерді табу үшін Алаш қайраткерлерінің еңбектерін, мақалалары мен құжаттар жинағын, мерзімді басылым беттерінде жарық көрген материалдарын ақтарып, қазақ қоғамы үшін құнды да өзекті асыл мұрасын жеткізумен келеді. Мұны өзіне дәріс берген ұстазы да жоққа шығармайды.

Тарих ғылымдарының профессоры Қалқаман Тұрсынұлы:

«Ханкелді Әбжанов – университет қабырғасында жүріп, Ленин стипендиясын алған еді. Тарих факультетінің ғана емес, ҚазҰУ-дың мақтанышына айналған студент болды. Ежелгі және ортағасырлық тарихты зерттеп, қазақ тарихының теориясы мен методологиясын терең зерделеп, ұлты үшін үздіксіз ізденісте ғалым. Ұлттық парасатты жоғары деңгейге көтеріп жүрген ардақты алаштың ұлы», – дейді.

Отандық тарих ғылымындағы өзекті мәселелер талқыланған жиында сөз сөйлеген ҚР ҰҒА-ның академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор М.Қойгелдиев тарихи тың дерекнамалар бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізуде қазақ тарихшыларының көршілес мемлекеттермен салыстырғанда, әлдеқайда озық екенін айтады.

Профессор М.Қойгелдиев:

«Қазақстан репрессия тақырыбын зерттеуде алда келе жатыр. Өзбекстан мен Қырғызстаннан, Тәжікстан мен Түркменстаннан да әлдеқайда көш ілгері. Бағыты мен мазмұны жағынан ұқсас болғанымен, репрессия салдарынан зұлмат күн кешкен – қазақтың жағдайы тым ауыр болды. Біздің көтеріп жүрген мәселе бойынша айтсар болсам, жүгіміз зор. Алайда ғылыммен айналысамын деген тарихшыларға қолдау бар, жол ашық», – деп конференцияға жиналған тарихшыларға тарихи танымға қатысты өз ойларымен бөлісіп, мерейтой иесі, әріптесі Ханкелді Әбжановқа былайша ізгі тілегін жолдады:

«Өмірде ғалым үшін ең үлкен жетістік – үздік шәкірт тәрбиелеу. Осында еліміздің әр өңірінен арнайы келген шәкірттеріңіз жақсы ниетін білдіруде. Ханеке, сіз, расында бақытты адамсыз. Ұстаздық жолға ертерек келіп, жұлдызы жанған адамсыз. Ғылымда да үлкен жетістіктерге жеттіңіз. Мәдениет, методология, теория саласын зерттеп, жемісті еңбек етіп жүрген ғалымдардың бірегейі – өзіңіз. Еңбегіңіз жана берсін!».

Расында да бүгінгідей жаһандану заманында тарихшыларға артылар жүктің салмағы ауыр. «Біз қазір қай жерде тұрмыз, енді не болмақ?» деген сауалдарға тұщымды жауап беретін де – терең ізденістегі тарихшылар. Тарихнама, деректану, музейтану  салалары бойынша ғылыми түрде өзін жетілдірген тұлғалар ғана – ғасыр қойнауындағы қазынадан хабар береді.

Отанды сүю, ұлттық рухты қалыптастыру мәселесін үнемі жаңғыртып жүрген академик Ханкелді Әбжанов ұлттық тарихымызға байланысты  туындаған сан сауалдың жауабын іздеуде, тарих саласындағы күрмеуі көп мәселелердің шешімін айтуда, жас ғалымдар мен шәкірттерге бағыт-бағдар беруде жемісті еңбек етіп келеді.

Шарада сөз алған М.Әзезов атындағы Әдебиет және өнер институты директорының орынбасары, әдебиетші Төрәлі Қыдыр былай деді:

«Арпа ішінде бір бидай» демекші, тарихшылардың ішінде біз, әдебиетшілер де келіп отырмыз. Себебі Ханкелді ағамыздың жазған мұралары тек тарихи тұрғыдан ғана емес, әдебиетшілердің де жиі ат басын бұратын, зерделейтін еңбектерінің бірі. Әдебиетіміз бен тарихымыздың тілі мен мазмұнының дамуына зор үлес қосып жүрген тұлға. Еліміздің отандық тарихын дамытуда қажырлы еңбек етіп келесіз. Жастарға өнегегіз. Тарих ғылымы жолындағы ізденісіңіз – сізді жарқын белестерге бастай берсін!».

Конференция барысында жас тарихшы ғалымға арналған ҚР ҰҒА-ның академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Х.М.Әбжанов атындағы стипендия – тарих мамандығының 1-курс докторанты Айжан Асхатқызына табысталды.

Қызылорда өңірінде бір ғылым докторын, 3 ғылым кандидатын дайындаған Ханкелді Әбжановқа кеш соңына қарай «Қорқыт Ата атындағы» алтын медаль табысталды. Шәкірттері иығына шапан жауып, естелік суретке түсті.