Бір топ мұғалім Тоқаевтан министр Ғани Бейсембаевты отставкаға жіберуін сұрап, ашық хат жазды

Qaz365.kz редакциясы

Мұғалімдер министрді отставкаға жіберуді сұраудың үш негізгі себебін келтірді

amanatpartiasy.k

Бір топ мұғалім Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Парламент Мәжілісі төрағасы Ерлан Қошановқа Ашық хат жазып, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевты отставкаға жіберуді сұрады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Халық түзелуінің үміті  – жастарда, сондықтан жастардың қалай оқып, қалай тәрбиеленуі бәрінен бұрын ескеріліп, бәрінен жоғары қойылатын жұмыс», – деген ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы. Бізді де алаңдататын сол жағдай. 

Бүгінгі ұрпақ қалай тәрбиеленіп жатыр?

Дарынды жастар  «Педагог мәртебесі туралы» заң  қабылданған соң, ұстаздыққа бет бұрды. Еліміздің білім саласы пандемиядай қиын жағдай болса да, соңғы жылдары үздіксіз дамып келеді. Қазір білім-ғылымға бет бұрған жастардың да легі артуда. Бұл – еліміздің болашағы үшін үлкен күш. 

Бірақ соңғы тағайындалған Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы Бейсембаев  бұл өзгерістерге саботаж жасауда. Жүрген жерінде көпірме сөз бен өтіріктен аспайтын министр тіпті шағын мектепті басқаратын деңгейі жоқ екендігін көрсетуде. Бұлай кете берсе, еліміздің болашағы үшін аса маңызды сала – ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне тіке қатысты сала – оқу-ағарту ісіндегі соңғы жылдары жасалған оң өзгерістер құрдымға кетеді”, – делінген Ашық хатта.

Осылай деген мұғалімдер 3 себепті негізге алған:

1.Бейсембаев Гани Бектаевич Оқу-ағарту министрі болып келгеннен бері бүкіл министрлікті тазалап, министрліктің басшылық құрамы толықтай өзгерді деуге болады. Өз адамдарын жинап жатыр. Бірінші вице-министрден бастап комитет төрағалары, оның орынбасарлары, аппарат жетекшісі, орынбасары, департаменттердің директорлары, орынбасарлары – барлығын ауыстырды. Тіпті бас маманға дейін қуғынға ұшырады. Бұрыннан жүргендерден ешкім қалмады десе де болады. Тамыр-таныстық белгілі бір өзгеріске не жаңашылдыққа апармайтыны бұрыннан белгілі.

       Бейсембаев Ғани Бектайұлы бұған дейін Білім мазмұнын сараптау орталығы директоры мен Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясының президенті болған кезде де, өкінішке орай, сол мекемелердің  тоз-тозын шығарған еді.

2. Ғани Бейсембаев министр болып тағайындала салысымен, мұғалімдердің құқығын қорғап, білім саласындағы жемқорлықпен ашық күресіп жүрген кейбір белсенді мұғалімдердің үстінен министрліктің аппарат жетекшісі ІІМ мен Бас Прокуратураға шағым жазды. Шағым министрліктің белгісі қойылған арнайы қағазға жазылған. Сондықтан бұл шағымға министрдің қатысы бар екені анық.  

Олардың әлеуметтік желідегі жазбаларына сілтеме жасап, қылмыстық іс қозғауды сұраған. Осы мәселеге қатысты кейбір белсенді мұғалімдер жергілікті полиция қызметкерлерінің алдына барып, жауап берді. 

Жазбаларында қылмыстық құрам болмаса да, қарапайым мұғалімдерді полицияға сүйреу министрге жараса ма? 

 Бұл іс-әрекет министрдің белсенді мұғалімдерді қудалап, Конституция берген өз ойын ашық айту құқығын шектегені. 

Министрліктің қылмыстық іс қозғауды сұраған шағымында: «Министрліктің заңсыз іс-әрекеттері туралы жазбалар жазды», – депті.  Заңсыз іс-әрекеттерге қарап отыра алмағандары үшін кінәлі ме мұғалімдер?

Министрліктің ІІМ-не жазған шағымынан соң, облыстар мен аудандардың білім саласындағы басшыларының белсенді мұғалімдердің үстінен арыз беруі, қысымға алуы көбейіп кетті. 

Батыс Қазақстан облыстық  Білім саласында сапаны қамтамасыз ету Департаменті жанындағы Әдеп кеңесінде мемлекеттік тілді қолдаған ашық хатқа азаматтық парызын орындап, қол қойғаны үшін жергілікті мұғалім Тілекқабыл Нұрышевтің мәселесі қаралған. Артынан жұмыстан шығарып, сот арқылы 250 мың  теңге айыппұл  салған.   Айыппұл арқалаған қарапайым мұғалімнің қазіргі таңда айыппұлды төлей алмағаны үшін есепшоттарының бәрі бұғатталған.

Ал маусым айында шымкенттік белсенді ұстаз Өмір Шыныбекұлының үстінен ОАМ аппарат жетекшісі ІІМ мен Бас Прокуратураға шағым түсірсе, оны өмірде мүлдем танымайтын алматылық бір мектептің директоры «Ұлтаралық араздық қоздырды» деп, Шымкент қаласының Полиция Департаментіне арыз жазды. Абырой болғанда ІІМ де, Бас Прокуратура да, Шымкент қаласының Полиция Департаменті де дәлел болмаған соң, қылмыстық іс қозғаудан бас тартты.

 Қазір Түркістан облысы Жетісай ауданындағы бір мектептің директорының орынбасары  сотқа беріп, сот жүріп жатыр.  Екеуі де ұстаздың әлеуметтік желідегі жазбаларына қатысты.

Өмір Шыныбекұлының бар кінәсі басшыларынан әбден қысым көрсе де, ауданнан тыңдар құлақ таппай, өзінен көмек сұраған 2 мұғалім мен 2 техникалық қызметкердің бейнеүндеуін  «Бейнеүндеуде айтылғандардың ақ-қарасын құзырлы органдар анықтай жатар» деп жариялап, артынан ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің бастығы Мұрат Төлеубаевтың қабылдауына ертіп барғаны. Қазір сол үшін сот алдында жауап беріп жүр.

Білім саласында ұлттық мектеп жобасын іске асыру жұмысымен айналысқан белсенді ұстаз Аятжан Ахметжанұлы да өзіне жасалған түрлі қысымдардан өз еркімен мектеп директоры қызметін тастап кетті.

Ал, ол екі жылда Астананың шегіндегі мектептен қаншама елдің білім саласына үлгі болатын жоба шығарды, қаншама үздік шәкірт тәрбиеледі!

Бұл бірер мысал ғана. 

Қудалау, үркітіп-қорқыту, өзгелер арқылы соттастыру  министрдің қолымен істеп отырған ісі деп түсінеміз.  Сонда министрліктің  өз ойын ашық айтып, әділетті Қазақстанды құруға,  жаңаруға үлес қосқысы келетін шын жанашырларды қудалаудан өзге тірлігі жоқ па?! Өкінішке қарай, білікті мамандар мен білім саласының жанашыр жандары жаңа министрге керек емес.

3. Келгеннен бері құр ұран, құр сөздермен тойғызып келеді. Біткен немесе нақты істелген іс жоқ. Білім саласының, оның ішінде оқу-ағарту саласына, білім сапасын көтеру, материалдық-техникалық база жұмыстарын реттейтін құжаттардың  шикі тұстары одан әрі шикілене түсті немесе таза бизнеске қарай нақты жол ашып берді деуге де болады.

Қарапайым мұғалімдердің аттестациясы, білім мазмұны, білім бағдарламасы, тіпті оқу жоспарына дейінгі құжаттар одан сайын былығып, мамандар әуре-сарсаңға түсіп жатыр. Әлі бірде-бір нақты құжат жоқ, жылға жуық уақыт бос сөзбен келеді, керісінше қаншама іс үсті-үстіне қосылып жатыр. 

Білім саласы – күрделі сала, ол саланы қалай болса солай істеу біздің елді тығырыққа тіреп, сауатсыз маман қалыптастырады. Бұл әрекеттер елдің экономикасы мен болашағына соққы.

Қоғамдық пікірлер немесе кәсіби сарапшылардың нақты дәлелді пікірлерімен санаспайды, ескермейді.  Өздерінің қолдан жасап алған сарапшыларының өтірік аргументтерімен  жұмыс жасайды. Тіпті қолдан сөзін сөйлейтін сарапшылар тобын жасақтап отыр. Одан ары қазір Оқу-ағарту министрлігінің жанындағы қоғамдық кеңеспен де ешқандай мәселені кеңесіп жатқан жоқ.

Тек популизм мен бос  сөзбен жүр.

“ҚҰРМЕТТІ ПРЕЗИДЕНТ МЫРЗА!

Біз, бір топ ұстаздар – білім саласының жанашырлары, сізден тез арада қатаң шешім қабылдап, 27-ақ айда министр дәрежесіне қоғамға белгісіз жолмен  жете салған адамды отставкаға жіберіп, елдің болашағын айқындайтын білім саласынан бейкәсіби маманды аластауды талап етеміз!  

Біз әділетті Қазақстан құру бастамасы тұсында бұндай өрескел қателіктерге қарап тұра алмағандықтан, сізге өтініш айтып отырмыз.

Біз сізден Оқу-ағарту министрлігінің тізгінін осы саланың жілігін шағып, майын ішкен мықты маманға, басшылық қызметте жеткілікті тәжірибесі бар білікті менеджерге беруіңізді сұраймыз!

Білім басқармаларын Оқу-ағарту министрлігіне тікелей бағындырып, білім саласына бөлінетін қаржыны Мәжіліс депутаттарына әр тоқсанда бір рет есеп беретін бір операторға беру қажет”, – делінген хатта.

Мұғалімдердің айтуынша, осы хат дайындалып жатқанда БАҚ беттерінде «Талдықорған облысында Сыбайлас жемқорлыққа қатысты күрес Департаментінің қызметкерлері кейінгі 3-4 жыл аралығында ғана қала мектептерінде барлығы 4,6 млрд теңгенің қолды болғаны», «Ақтөбе облысында 110 педагогтан жалған сертификат анықталғаны», «Оқушылардың 64%-ы оқыған мәтінді түсінбейді» (Рауан Кенжеханұлы) деген ақпараттар пайда болды.

Ашық хатқа қол қойған мұғалімдер:

1.  Өмір Шыныбекұлы – «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері (Шымкент қаласы)

2. Аятжан Ахметжанұлы (Астана қаласы) 

3. Айман Сағидулла  (Алматы облысы Қарасай ауданы )  

4. Мейіржан Темірбек (Шығыс Қазақстан облысы)

5. Тілекқабыл Нұрышев  (Батыс Қазақстан облысы)

6. Айнұр  Сабыр ( БҚО Орал қаласы)

7. Айнұр Елтоқ  (Шымкент қаласы)

8. Абдиханова Рано Рыстаевна (Шымкент қаласы)

9. Ажибекова Лаззат Булегеновна (Шымкент қаласы)

10. Батырхан Айдана (Шымкент қаласы)

11. Әбдімомын Мейрамкуль Нұржауқызы (Шымкент қаласы)

12. Барсаева Жанылсын Дуйсенбиевна (Маңғыстау облысы Ақтау қаласы)

13. Бисенгалиева Сандугаш Турмаганбетовна  (Батыс Қазақстан облысы)

14. Ширимбекова Салтанат (Түркістан облысы)

15. Рахметова Кенжегүл Абдикаликовна  (Жамбыл облысы)

16. Жалғасова Мария Смагуловна  (Алматы облысы Қарасай ауданы)

17.  Сапарбаева Каламкас Нуржановна  (Түркістан облысы Түлкібас ауданы)

18. Дәулетбақова Гүлнәр (Шымкент қаласы) 

19. Канатова Ардак Батыровна  (БҚО Орал қаласы)

20. Серикова Айгерим  (БҚО Орал қаласы)

21. Мирзабаев Ербол  (Шымкент қаласы)

22. Нүсіпбек Мейрамгүл Барақазатқызы  (Алматы қаласы)

23. Алыпкараева Маржан  (Шымкент қаласы)

24. Есмурзаева Алия Асылбековна  (Алматы облысы Қарасай ауданы)

25. Дана Дербіс  (Шымкент қаласы)

26.  Қайырова Меруерт Жумабаевна  (Шымкент қаласы)

27.  Сакетаева Жанна (Шығыс Қазақстан облысы)

28.  Сманова Эльмира (Түркістан облысы)

29. Сания Нүсіпәлі Нүсіпжанқызы (Алматы облысы Талғар ауданы)

30. Манапова Айнұр Абайқызы  (Жамбыл облысы)

31. Бағила Бегиндикова (Түркістан облысы Жетісай ауданы Асық ата кенті)

32. Айбар Абайұлы (Ақмола облысы)

33. Кулманова Джамила (Түркістан облысы Жетісай ауданы Асықата кенті)

34. Ниязбаева Динара (Абай облысы)

35. Мендибаев Мырзагали ( Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласы) 

36. Сұлтан Орынбасар (Сауран ауданы) 

37. Сейсенбай Ержан (Түркістан облысы) 

38. Ходжаканова Айгул Сакеновна (Түркістан облысы)