Ақтаудағы №1 мектептегі жағдай резонанс сипатына ие болып, шуы Астанаға дейін жетіп жатыр
Ақтау №1 орта мектебінің оқушылары биология пәні мұғалімінің жұмыстан шығарылғанына наразы. Олар осы мектепте педагог болған Наталья Дроздованы қызметіне қайтаруды талап етіп, Мемлекет басшысына жүгінді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ақтаудағы №1 мектептегі жағдай резонанс сипатына ие болып, шуы Астанаға дейін жетіп жатыр.
– Таяуда бізде пән олимпиадасы өтеді. Бізге мектеп әкімшілігі қандай үлгі көрсетіп отыр? Наталья Викторовнаны қолдаймыз десек, бізді қорқытып, үркіткісі келеді. Біз өзіміздің ата-аналарымыздың талабына қосыламыз, – дейді оқушылар.
Оқушылар ата-аналары секілді мектеп әкімшілігін тексеруді талап етеді.
– Біз Наталья Дроздованы жоғары санатты мұғалім деп есептейміз. Мәселеге бей-жай қарай алмаймыз, – дейді олар.
Үндеуге оқушылардың ата-аналары да қосылған. Ата-аналар мектептің қазіргі басшылығы оқу ордасын құлдыратып жатыр деп есептейді.
Жергілікті Лада.кз екі күн бұрын білім бөлімі жұмыстан босатылған биология пәні мұғалімі Наталья Дроздованы жұмысқа қайта қабылдау туралы хабарлама берілгенін жазған. Алайда 14 қарашада Наталья Дроздова редакция журналисіне білім бөлімінің бұйрығына қарамастан, жұмыстағы лауазымы қалпына келтірілмегенін хабарлаған.
– Бүгін таңертең жұмысқа қайта қабылдау туралы бұйрық алу ниетімен мектепке келдім, алайда директордың міндетін атқарушы маған құжат беруден бас тартты. Ол бұйрықтың дұрыс жасалмағанын, сондықтан менің лауазымға қайта оралуым туралы мәселе шешілмегенін айтады, – деді жұмыстан шығарылған мұғалім.
Ақтаудағы №1 мектептен шығарылған мұғалімнің оқиғасы осылай үлкен дауға ұласып тұр. Алдымен, бұл мәселені ата-аналар көтерген. Олардың пікірінше, мұғалім үлгілі болған әрі кеткісі келмеген. Сондықтан жаңалық оларды да, оқушыларды да таңғалдырған.