"Болашақ" стипендиясы иегерлерінің тізімі жарияланды

Qaz365.kz редакциясы

Үміткерлер әлемдік рейтингіде жоғары тұратын жоғары оқу орындарына түсті

Sputnik / Владислав Воднев

Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі Республикалық комиссияның шешімімен 167 қазақстандық "Болашақ" халықаралық стипендиясының иегері атанды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

“Оның ішінде 131 адам магистратурада, 4 адам докторантурада оқиды, 32 қазақстандық әлемнің жетекші жоғары оқу орындары мен өндірістік орталықтарына тағылымдамадан өтуге жіберіледі.

Бұл ретте стипендиаттардың басым көпшілігі инженерлік-техникалық бейін бағыттары бойынша даярлықтан өтеді. Оқыту 66 мамандық бойынша жүргізіледі”, – делінген хабарламада.

Биыл "Болашақ" бағдарламасын қайта бағдарлау бойынша инженерлік-техникалық мамандарды даярлауға ерекше көңіл бөлінді. Инженерлер мен медицина қызметкерлеріне, магистратураға үміткерлерге квоталар енгізілді. Олар оқуды бастамас бұрын 12 айға дейін тілдік дайындықтан өте алады, ол үшін стипендияға өтініш берген кезде университеттен шақыру қажет емес.

Үміткерлер University of Aberdeen, University of Illinois at Urbana-Champaign, Australian National University, University of Oxford сияқты әлемдік рейтингтер қатарына кіретін жоғары оқу орындарына түсті. "Ақпараттық технологиялар және жүйелер", "Үлкен деректерді талдау", "Құрылыс инженериясы" және "Геология. Тау-кен ісі. Геодезия" сияқты мамандықтар үміткерлердің үлкен қызығушылығын тудырады.

“Сондай-ақ, шетелде кадрлар даярлау жөніндегі Республикалық комиссияның шешімімен 481 қазақстандық әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өту үшін грант иегері атанды. Стипендиаттар 9 бағыт бойынша зерттеулер жүргізеді: инженерлік ғылымдар, жаратылыстану ғылымдары, гуманитарлық сала, агроөнеркәсіптік кешен, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, әлеуметтік ғылымдар, білім, медицина, өнер”, – делінген хабарламада.

"Болашақ" стипендиясы иегерлерінің төртінші легінің тізімін мына жерден көруге болады.