Көкшетаулық ұстаз өз мектебін Халықаралық PASCH бағдарламасының тізіміне қосты

Qaz365.kz редакциясы

Мұғалім өз мектебін PASCH жобасына қосуға 5 жыл бойы күш жұмсаған

bilimdinews.kz

Көкшетаулық оқушылар қазақстандық педагогтің арқасында жыл сайын Германиядағы тегін тіл лагеріне барады, деп хабарлайды qaz365.kz тілшісі. Бұл туралы жаңалықты ҚР Оқу-ағарту министрлігі мәлім етті.

Бұл жағдай №1 мектеп-гимназиясы мұғалімінің арқасында мүмкін болды. Дина Грищенко балаларға неміс тілінен сабақ береді. Әртүрлі тілдік жобаларға белсенді қатысқан мұғалім өз мектебін халықаралық PASCH бағдарламасының тізіміне қосуға мүмкіндік алды.

Дина Грищенко білім саласында 20 жылдан астам қызмет етіп келеді. Ұстаздың шәкірттері жыл сайын түрлі байқаулар мен олимпиадалардың жүлдегерлері, жеңімпаздары атанып жүр. Оның шәкірттерінің бірі Иванова Виолетта неміс тілін тереңдетіп оқуының арқасында Зальцбург университетіне грантқа түсе алды. Мұғалім өз мектебін PASCH жобасына қосуға 5 жыл бойы күш жұмсаған.

“PASCH халықаралық жобасына қатысу мектепті неміс баспаларының оқулықтарымен және оргтехникамен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар оқушыларымыз да, ұстаздарымыз да тәжірибе алмасу үшін түрлі байқауларға қатысып жүр. 2009 жылдан бері жыл сайын 2-3 оқушымыз Германиядағы тіл лагерьлерінде тегін демалады. Бүгінде түрлі жобаларға қатысудың арқасында 9 түлегіміз Германия мен Австрия қалаларында неміс тілін үйреніп жүр”, ‒ дейді Көкшетау қаласындағы №1 мектеп-гимназиясының неміс тілі мұғалімі Дина Грищенко.

Мұғалім балалардың ой-өрісін кеңейту үшін бар күш-жігерін салып жүр. Оның белсенді жұмысының арқасында оқушылар жыл сайын Гете институттарының Алматы, Берлин, Мюнхен сияқты қалаларда ұйымдастырған фестивальдеріне қатысып, жеңіске жетіп жүр. Сондай-ақ балалардың фестивальге қатысуы мен сапарларға шығуына іс-шараларды ұйымдастырушылар демеушілік жасайды.

Ұстаз мектептегі гимназия сыныптарын көбейтіп, балалардың ауқымды жобаларға қатысуын кеңейтуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ Дина Грищенко YouTube арнасын ашып, басқа балалармен онлайн форматта өз білімін бөліспекші.