ҚР Ұлттық ғылым академиясына жаңа басшы тағайындалды

Qaz365.kz редакциясы

Ол 1961 жылғы 13 сәуірде Алматы қаласында дүниеге келген

Фото: 2gis

Мемлекет басшысының өкімімен Ақылбек  Күрішбаев Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының президенті лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды Qaz365.kz.  

«Мемлекет басшысының өкімімен Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаев Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының президенті лауазымына тағайындалды», – деп жазылған Ақорданың ресми сайтында.

 

Сенатор Зәкіржан Кузиев бұрынғы әріптесі Ақылбек Күрішбаевтың тағайындалуына орай өз пікірін білдірді. 

– Ақылбек Қажығұлұлы – ауылшаруашылығы саласының білікті маманы, іскер басшысы. Ол ғалым-агроном ретінде ауылшаруашылығы өнімділігін арттыру барысында бірқатар жаңалықтар ашты. Сондай-ақ Бараев атындағы Қазақ бидай шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры, сондай-ақ Сейфуллин атындағы Қазақ Агро-техникалық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры қызметтерін абыроймен атқарып, аталған мекемелердің беделін арттыруға мол үлес қосты. Бұл тағайындау өте ұтымды шешім, білікті тұлғаны дәл тану деп білеміз. Ақылбек Қажығұлұлы, жаңа қызметіңіз құтты болсын! – дейді сенатор З. Кузиев. 

Айта кетейік, Ақылбек Күрішбаев 1961 жылғы 13 сәуірде Алматы қаласында дүниеге келген.
Ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының және Ресей ауылшаруашылық ғылымдары академиясының академигі. А. И. Бараев атындағы сыйлықтың лауреаты, 200-ден аса жарияланымның, 4 монографияның авторы.
1983 жылы Ақылбек Күрішбаев Қазақ ауылшаруашылық институтын «Агрохимия және топырақтану» мамандығы бойынша үздік бітірді.
1977 жылы еңбек жолын Алматы облысы Талғар ауданындағы МРСХО бірлестігінде комбайнер болып бастаған.
1983 жылы В.Вильямс атындағы Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтының лаборанты болған.
1984 жылы аспирантураға оқуға түскен.
1986-1997 жылдар аралығында В.Вильямс атындағы Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтында кіші ғылыми қызметкер, кәсіподақ төрағасы, аға ғылыми қызметкер, директордың ғылым жөніндегі орынбасары лауазымдарында қызмет атқарған.
1997-2002 жылдары А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры болған.
2002-2005 жылдары Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министрі лауазымын атқарған.
2006 жылы ҚР АШМ Ғылым департаментінің директоры болып тағайындалған.
2007 жылы Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министрі болып қайта тағайындалған.
2008-2011 жылдары Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі лауазымын атқарған.
2011-2020 жылдары «С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» Акционерлік қоғамының Басқарма Төрағасы болған.
2020 жыл тамыз айы – 2022 жылы қазан айы аралығында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болған.
2022 жылы 1 қарашада «Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университеті» КеАҚ Басқарма Төрағасы – Ректоры лауазымына тағайындалды.