Дене шынықтыру сабағын «ұл, қыз» деп екіге бөлу керек – Ғани Бейсембаев

Qaz365.kz редакциясы

Министр дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің мәселесін көтерді

Фото: t.me/oqu_agartu

Еліміздің бас ұстазы Ғани Бейсембаев Қызылорда мен Жамбыл облыстары және Шымкент қаласы мектептерінің директорларымен кездесу өткізді. Жиын барысында орта білім берудің өзекті мәселелері мен озық тәжірибені таратуға арналған «Заманауи мектепті басқару: трендтер мен болашақ» тақырыбында семинар ұйымдастырылды. Сол жиында министр дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің мәселесін көтерді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Біз дене шынықтыру мұғалімдерінің бәрін трансформациядан өткізуіміз керек. Расында жанын беріп тұрып, бүкіл мектепке дене шынықтыру мәдениетін әкелсе, әрине, қолдауға дайынбыз. Бірақ маған жазып жатқан бұл пәннің мұғалімдерінің пікірлері мені ренжітеді. Несиеміз бар, сондықтан сағат бер дейді. «Министр мырза, сағатымызды көбейтсеңіз, мектептегі балалардың денсаулығын мықты етіп жібереміз» дейді. Ал егер дене шынықтыру мәдениетін қалыптастырамыз десе, елең етер едім. Несиеміз бар, сағат бер дегенді түсінбеймін. Мұғалімдік философияда алдымен проблема туралы емес, оқушы туралы мәселені қозғау керек», – дейді Ғани Бейсембаев.

Ол осы жұмысты қолға алған соң, биыл немесе келесі жылы жоғары сыныптардағы дене шынықтыру сабағын «ұл, қыз» деп екіге бөлуді қарастырған дұрыс деп санайтынын айтты.

«Ұл, қыз деп бөлген дұрыс», «Бірінші орында ақша емес, оқушы болу керек», «Сатып алған дипломмен олар не үйретеді?», «Бұрын екі дене шынықтыру мұғалім болатын. Сол дұрыс еді», «Оларда қайдағы философия...», «Тамаша, керемет жоспар!» деген пікірлер бар.