Білім алудың әдіс-тәсілдері – тәрбие арқылы қалыптасады
Қазақ халқында «Уызына жарымаған төл аурушаң, әлжуаз болады» деген тәжірибелік түсінік бар. Мұның адам баласына да қатысты екенін қазіргі ғылым дәлелдеп отыр. Анасының уызына жарымаған сәбидің денсаулығы да кірпияз болады. Сол сияқты тәрбие үрдісі де ата-ана құшағынан, отбасынан берілетін рухани уыздан басталады. Мұны әлемдік педагогикада «Ерте дамыту» депжүр. Біз қазақы ұғымға сәйкес «Уыз тәрбие» деп атадық.
Қазіргі заманда бүкіл әлемдік педагогика баланы отбасында тумысынан тәрбиелеуге қайта оралып жатыр. Біз «қайта оралу» деген тіркесті әдейі қолданып отырмыз. Өйткені баланы туған сәтінен бастап, тәрбиеге алу керек екендігі адамзат санасында сан ғасырлық тәжірибемен ертеден орныққан қағида. Қазақтың «Баланы жастан...», «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген сөздері соның дәлелі. Бірақ өркениеттің өріне өрмелеген сайын адамзат осы бір қарапайым қағиданы «естен шығара» бастады.
Баланы ата-анадан барынша алшақтатқан қоғам – капитализм
Өндірістің дамуы, өркениеттің қарыштап өсуі ата-аналарды отбасынан ұжымдық жұмысқа жегілуге мәжбүрледі. Бұл – бала тәрбиесінің сипатын мүлде басқа арнаға бұрды. Енді адам тәрбиесінің бағбандығы балабақшаларға, мектептерге, түрлі білім ошақтарына ауысты. Ал бұл мекемелер балаға тәрбие беруден гөрі білім беруді басты мақсатқа айналдырды. Соның нәтижесінде адамзат қоғамында білімді адамдар мен әділетті, рахымды, ізгі жүректі, «толық адам»(Абай) – тәрбиелі жандардың ара салмағы өзгерді.
Қазіргі әлемдік білім жүйесі бойынша ата-аналардың қалауына қарай балаларына барынша мол білім беруге мүмкіндігі зор. Бұл, әрине, тамаша жетістік, бірақ оның екінші жағы тағы бар – балалардың сол алған білімдері олардың ертеңгі өмірлік қажеттіліктеріне толық сай келе ме? Олардан өз ата-анасының, ұлтының, халқының, жалпы адамзаттың ертеңгі қажетіне жарайтын жаны жайсаң тәрбиелі азамат шыға ма? Міне, бүгінгі адамзаттық педагогиканың аса өзекті сауалы – осы.
Білім – үнемі түрленіп отыратын құбылмалы құбылыс. Соңғы әлеуметтік зерттеулердің айтуынша, әлемде әрбір төрт жыл сайын білім мазмұны түбегейлі өзгеріп кетеді екен. Сондықтан ерте жастан алған бүгінгі көп білім ертең кәдеге аспай қалуы да кәдік. Демек, білім беру үздіксіз жүргізілетін, жетілдіріп отыруды қажетсінетін құбылыс.
Білім алудың әдіс-тәсілдері – тәрбие арқылы қалыптасады
Әдетте, ата-аналардың көпшілігі баланы жастайынан дамытуды балабақшаға, мектепке, одан әрі жоғары оқу орындарына даярлаудың алғашқы тиянағы деп санайды. Шын мәнінде бұл дұрыс түсінік емес. Өйткені балабақша да, мектеп те мемлекеттік мекеме болып табылады. Олар қалай болғанда да, қазіргі мемлекеттік саясаттың ықпалымен «стандартты» білім беріп, тәрбие жүргізеді. Нәтижесінде қоғамда бір қалыптан шыққан «стандартты» адамдар көбейеді. Оның үстіне, егер сіз өз балаңызды тек бүгінгі заманның идеологиясы аясында ғана тәрбиелеп, білім беретін мекемеге біржола сеніп тапсырсаңыз, оның ертең түкке жарамсыз адам болып шығуы да кәдік. Өйткені, саясат, идеология, білім мазмұны дегендер үздіксіз өзгерісте болады. Ал отбасылық тәрбие саясатқа емес, адамзаттық, ұлттық құндылықтарға негізделуі тиіс. Сондықтан сіз балаңыздың жүрегіне өтпелі саясатты емес, күнделікті өмірге қажетті, ешқашан құнын жоймайтын, бүгін де, ертеңгі қоғамда да азаматқа алтын тамыр болатын адамгершілік асыл қасиеттерді еге білуіңіз керек. Мұндай құндылықтар сәби бойына тек УЫЗ ТӘРБИЕ арқылы ғана орнығады.
Ақиқатына келгенде, сәбидің жастайынан алған тәрбиесі – адаммен ғұмыр бойына бірге жасайтын тіршілік дағдылары мен адамгершілік асыл қасиеттердің қоймасы. Әсіресе 3-5 жасқа дейінгі уақыт бала ғұмырындағы ең маңызды, басқа жас кезеңінің ешқайсысымен салыстыруға келмейтін аса жоғары құндылыққа ие. Қазір әлем халықтарының өмір-тәжірибесінен өткен дәстүрлі бала тәрбиесіне, отбасылық тәрбиеге, балаларды ерте жастан өмір дағдыларына тәрбиелеуге қайта оралуға мәжбүрлік туындап отырғаны да сондықтан.
Сіздің жөргекте құндақтаулы жатқан сәбиіңіз ақ қағаздай кіршіксіз тап-таза. Оның келешектегі жемісті жетістіктерінің кілті тек сіздің ғана қолыңызда. Және ол кілт сізге өте қысқа мерзімге берілген. Жапондықтар бұл мерзімді үш жылдың көлемі деп пайымдайды. Ал қазақы ұғымда бес жас. Ал жеті жаста тым кеш болатыны ғылымда да, өмірде де дәлелденген ақиқат.
Қайсыбір жағдайда халық педагогикасын идеал санап, ешқашан өзгермейтін догмаға айналдыру талпыныстары да жоқ емес. Шындығында, халықтық тәрбие құралдары да – адаммен, қоғаммен бірге дамып, өзгеріп, жетіліп отыратын жанды құбылыс. Оның ресми педагогикадан айырмашылығы – қағазға түсіп, кітап болып хатталмауында. Бір жағынан, ол оның артықшылығы да. Өйткені әрбір ата-ана халық мұрасын өз заманына, өзінің күнделікті тіршілігіне ыңғайлап, білім-білігімен толықтырып, тәжірибесімен байытып, келесі ұрпаққа жеткізіп отырады. Соған орай, әр әулеттің өзіне лайық тәрбие дәстүрлері де қалыптасады. Солардың ішіндегі озықтары халық тәрбиесінің қазынасына айналады. Міне, бізге керегі де осындай халық тәжірибесінде сынақтан өткен асыл құндылықтар.
Дәстүрлі отбасы тәрбиесін ұлттық тар шеңберге тұйықтамау керек!
Бұдан халық педагогикасының ұлттық сипаты жоқ деген ұғым тумайды. Әрине, дәстүрлі тәрбие әрбір ұлттың тарихына, тұрмыс-тіршілігіне, дүниетанымына, ділі мен мәдени ерекшеліктеріне қарай қалыптасады. Алайда, барша адамзаттың даму тарихында ортақ заңдылықтары болатыны сияқты, оның тәрбие ісінде де ортақ жүлгелері өте көп. Біздің айтпағымыз, оларды бірінікі-бірінен артық немесе кем деуге болмайды. Әр халықтың өзінше ұлы екендігі сияқты, бала бағу тәжірибесі де соған лайық.
Оған біз жапон, еврей, француз халықтарының отбасы тәрбиесінің типологиясын қарастырған кезде, толық көз жеткіздік. Әсіресе, отбасы тәрбиесіндегі үш, бес жасқа дейінгі тәрбиенің мазмұны мен тәсілдерінің өзегі бір. Мәселен, әлемде бесік жырын атпайтын халық жоқ. Немесе саусақ ойындары дүниежүзі халықтарының бәрінде бар. Барлығының мақсаты біреу – сәбиді жастайынан өмір дағдыларына баулып, жүрегіне адамзаттық асыл қасиеттерді ерте егу.
Ал оның уақыты өте қысқа. Дүниеге ұрпақ әкеліп, оны бағып-қағып өсіруге берілген сіздің уақытыңыз да, жалындаған жастық ғұмырыңыз да өлшеулі. Сондықтан бұл – сіз үшін аса жауапты кезең және өміріңіздің мәні деуге болады. Баланың осы балғын шағына орайластырып, табиғат нәрестенің бойына аса тылсым қабілеттерді де дарытып қойған, ата-ананың басты парызы өз уақыты мен бойындағы бар мүмкіншілікті пайдалана отырып, бала табиғатындағы осы тылсым күштердің көзін дер кезінде аша білу. Оны сіз қаншалықты ұтымды пайдалана алсаңыз, бүлдіршіннің келешегіне соншалықты кең жол ашасыз.
Егер баланың дұрыс өсуін тек, аста-төк байлық пен арнайы жалдамалы тәрбиешілер арқылы шешуге болатын болса, онда бай-бағландардың балаларының көп жағдайда тәрбиесіз, жат бауыр, жалқау, қабілетсіз, өмірге бейімсіз, еркетотай болып шығатындығы неліктен?!
Кешегі аштық пен жоқтықты, соғыстың зардабын тартып жүріп, алаш азаматы болған аға ұрпақтың өнегелі өмірін қалай түсіндіреміз?! Ауылда өсіп, ауыр тірлік кешіп, небір сынақтардан өткен қазіргі ел алдында жүрген бүгінгі қазақ зиялылары қайдан шықты деп ойлайсыз!? Олардың өскен алтын ұясы – қазақы отбасы (Б. Момышұлы «Ұшқан ұя»).
Баланы бағып-қағып, жақсылыққа баулу үрдісі отбасында, қарапайым жағдайда халық тәжірибесінен алынған адамгершілік үлгі-өнеге негізінде үздіксіз, дүниеге келген сәтінен бастап, рет-ретімен жүргізілуі тиіс. Оның әдіс-тәсілдері апта сайын, ай сайын, жыл сайын түрленіп, баланың табиғи ерекшеліктеріне қарай өзгеріп отырады.
Ұрпақ тәрбиесі үшін бәрін құрбан етуге болады!
Қазіргі ата-аналардың көпшілігі «менің бала бағып үйде отыруға мүмкіндігім жоқ, тіпті сол баланы асырау үшін жұмыс істеп жүрмін» деп ақталатыны бар. Енді біреулер «менің жеке өмірім өтіп барады, дүниенің қызығынан құр қалмауым керек қой» деген сылтау да айтуы мүмкін. Әсіресе, бала бағуды жеке бас бостандығынан айырылу, қоғамдық, мемлекеттік, кәсіпкерлік қызметтен қағылу деп түсінетін аналар көбейді. Олар өздерінше қауымдастыққа бірігіп, гендерлік теңсіздікті желеу етіп, оны саясатқа айналдыруда. Түптеп келгенде, осының барлығы ұрпақ алдындағы ата-аналық жауапкершіліктен жалтару. Оған қазіргі өркениетті қоғамның өзі адамның жеке бас бостандығы дегенді желеу етіп, тосқауыл қоя алмай отыр.
Бұл – қазір бүкіл әлемдік әлеуметтік күрделі мәселеге айналды. Соның нәтижесінде отбасылық тәрбиенің көбесі сөгіліп, тіпті дамыған елдердің өзінде берекесі кете бастады. Ана мен баланың арасына сот орындары түсетін жағдайға жеттік. Адамзат қазір бұл мәселеге ерекше алаңдаулы.
Ал, енді өзіңіз ақылыңызға салып көріңізші. Адам үшін ұрпақ тәрбиесінен артық не бар? Ол үшін бәрін де құрбан етуге болады ғой!? Шындығына келгенде, ол сізден артық ештеңені де талап етпейді, тек тәңірдің сізге берген ата-аналық махаббатын, ұрпағыңызға үш, бес жасқа келгенше бойына сіңіріп, балаңыздың өмірлік тұғырын тиянақтасаңыз болды.
Әрине, әлемде ондай аналар өте көп, солардың көптігіне тәуба! Олар болмаса, өмірде жақсы адамдар да көп болмас еді. Сіздер де солардың санатында болыңыздар!
Кенжехан Ісләмжанұлы Матыжанов,
фольклортанушы, филология ғылымдарының докторы,
М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институтының директоры