Абай облысының оқушылары Италиядағы әлем чемпионатына қатысады

Qaz365.kz редакциясы

«Robotex» - робототехника саласындағы инновацияларды көтермелеу

Түркияның Анталия қаласында өткен «ROBOTEX TÜRKIYE 2024» халықаралық олимпиадасында Қазақстанның намысын қорғаған командалары арасында Абай облысының екі командасы жеңіс биігінен көрінді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«ROBOTEX TÜRKIYE 2024» халықаралық олимпиадасында «Жас Ұлан» ерлер лицейінің командасы «Robot technologies» номинациясы бойынша жүлделі ІІІ орынды иеленді. Ал «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей оқушылары «Judges Choice Award» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.

Бұл халықаралық білім сайысына әлемнің 9 мемлекетінен 400-ден астам команда және 3000-нан астам қатысушы бақ сынаған болатын. Ал Қазақстаннан 34 команда қатысқан болатын. 

Абай облысы білім басқармасының баспасөз қызметі мәліметіне сүйенсек, облысымыздың намысын қорғаған екі команда өздерінің инновациялық жобаларын ұсынған. Сөйтіп үздіктер қатарынан көрінген екі команда да биыл қараша айында Италияның Рим қаласында өтетін әлем чемпионатына жолдама алды. 

«Robotex» - робототехника саласындағы инновацияларды көтермелеу, жас таланттарды қолдауға бағытталған  әлемдегі ең ірі робототехника жарыстарының бірі. 

Команда құрамында Еркебұлан Нұрмұқашев, Нұрали Дюсембеков,  ⁠ Закария Икласов, Алимжан Раимжан және Ерасыл Сеилқанов сияқты білімімен топ жарған таланттар бар.  

Команда жетекшілері Сәкен Асқарбек, Мадина Қалбағаева.  

Айта кетейік, жеңімпаз командалар наурыз айында Астана қаласында өткен халықаралық «ROBOTEX» чемпионатына қатысқан еді. 240 команда қатысқан чемпионатта Түркияда өтетін жолдаманы ұтып алғаны есімізде.

Сәтжан Қасымжанұлы, Абай облысы