Ескі мектепте жыл сайын жаңа оқу жылын бастай берудің өзі оқушыларға қауіп төндіретін түрі бар
Түркістан облысы Төлеби ауданы Киелітас елдімекеніндегі Мұхтар Әуезов мектебінің ұжымы дабыл қағып жатыр. Себеп – оқу ордасының әбден азып-тозып, жөндеу көрмей келе жатқанында. 1988 жылы іргесі қаланған мектепке 2012 жылы демеушілердің көмегімен терезесі мен шатыры ауыстырылған. Бірақ содан бері мектеп облыстың өгей баласындай жөндеу жұмыстарына жарымай отыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Облыс басшыларының балалары мұнда оқымайды»
Алдымен, бұл жайлы әлеуметтік желіге блогер Сәбит Рысбаев жазған. Оның хабарлауынша, мектептің жай-күйі төмендеп кеткен. Блогер оның алдында бір мәрте осы мәселені көтергеннен кейін ауданнан тексеріс келіп шынымен, білім ордасы күрделі жөндеуді қажет ететінін көрген. Аудан басшылығы мектеп директорын шақырып, биыл жөндеу жұмыстарын жасайтынын хабарлаған. Алайда жөндеу жұмыстары мектеп ұжымына биыл да арман болып қалатын түрі бар.
«Түсінгенім бойынша біздің облыс басшыларына бәрібір екен. Өздерінің балалары ауылда оқымайды. НЗМ, БИЛ арысы шетелде оқиды. Жәй мектепте не болса да бәрібір», - дейді Рысбаев.
«Екі жыл бұрын смета өткізгенбіз»
Qaz365.kz тілшісі осы ретте аталған мектептің шаруашылық бөліміне жауапты Зұлпыхар Балықбайды сөзге тартқан. Мектеп мәселесін батыл көтеріп жүрген азаматтың бірі осы.
«Біз осыдан екі жыл бұрын күрделі жөндеуге смета өткізгенбіз. Сөздің ашығы керек, үлкен проблема болып кетті. Облыстан осы күнге дейіг 9 млн теңге бөлдіре алмадық. Барлық жерге қоңырау шалдық. Республикаға өтінім беру керек деді, ол жақтан қашан келетіні белгісіз. Биыл одан да ағымдағы жөндеуді өткізейік деп аудан басшысы Бекайдар Тойлыбай айтқан-тын. Сөйтіп, бізге екі смета жасатқызды. Біреуі ішін жөндеуге, біреуін сыртқысына. Биыл әйтеуір, жөндеу жүргізетін болдық деп жүрсек, әнеугүні көрсетілген тізімде біздің мектеп жоқ болып шықты. Барсақ, былтырғы тізімде болғандарды биыл жасайын деп жатырмыз, сендердікі ендігі жылы болса, көреміз деп қояды. Солай болып тұр», - дейді ол.
Балықбай ел болғаннан кейін сәл ішіміз қынжылтатыны – 2017 жылы салынған мектептер жөндеуден өтіп жатыр, ал 1988 жылы салынған мектеп әлі жөндеусіз тұр дейді. Облыстан нақты қолдау болмағаннан кейін әлеуметтік желі қолданушылары да назар аударған.
600 орындық мектепте 415 оқушы оқиды. 44 мұғалім бар. Ауылда адамдар керісінше, көбейіп жатыр.
«Директор не дейді?
Мектеп директоры Адас Лесбекқызы білім бөліміндегілер маусым айында мәселе қаралатынын айтқанын атап өтті. Оның алдында, жиналыс болып, сессияда қаражат бөлу ісі қаралатыны айтылған. Төрт мектеп сессияға ілінбей қалған. Маусымда енді қарағалы отыр.
«Егер 9,32 млн теңге жобалық-сметалық құжаттарына бөлінсе, күрделі жөндеу жасалатыны айтылды. Есігі, дуалдары ауыстырылады. Шетінен болсын жасала берсін дейміз. Есігін, дуалын, жарығын ауыстыруға, ағымдағы жөндеуге 90 млн теңге сұрап тұрмыз. Одан кейін екінші смета жасаттық. Сыртындағы қаптауға, жылу жүйесін ауыстыруға 42 млн теңге сұрап тұрмыз. Сметаларды өткіздік», - дейді ол.
2012 жылы ғимараттың терезесі, шатыры демеушілердің көмегімен ауыстырылған. Мектептің қосымша корпусы 2019 жылы берілген. Ол жерде акт залы, кітапхана, спорт зал – барлығы бар. Ішіне әжетхана салынған. Мектептің айналасы қоршалған.
«Мектепті оқушыларды оқыту талабына сай жаңартып, заманға сай жасасақ оймен сметаға бәрін енгізген едік. Күрделі жөндеуге ілінбесек те, ағымдағы жөндеуге ілінсек деп дайындалып отырмыз», - дейді ол.
Мектеп ұжымы осылай, үнін билікке БАҚ арқылы жеткізіп, мәселесіне облыс та, республика жақтан да назар аударса дейді. Әйтпесе, ескі мектепте жыл сайын жаңа оқу жылын бастай берудің өзі оқушыларға қауіп төндіретін түрі бар.
«Қаржы сұралды»
Облыс билігіне аталған ауылдағы мектептің жай-күйі не болатынын сұрағанбыз. «Аталған мәселе Төлеби ауданының білім бөлімінің назарында» деген ресми ақпарат келді. Бөлімнің хабарлауынша, Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектептің ескі ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді. Осыған байланысты Түркістан облысының білім басқармасына, Төлеби ауданының әкімдігіне, облыстық мәслихаттың бірқатар депутаттарына хат жолданған. Мектептің ескі ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу үшін қажет жобалау-сметалық құжаттаманы дайындау үшін қаржы сұралған.
«Былтырғы жазда мектепке жаңа парталар мен тақталар берілді. Сондай-ақ, өткен жылы мектептің ескі ғимаратында ұлдар, қыздар әжетханасы жасалып, кәріз қалдықтары үшін шұңқыр қазылып берілді. Сонымен қатар, 2014 жылы ескі ғимараттың шатыры мен терезелері ауыстырылды», - делінген қысқа жауапта.
Qaz365.kz редакциясы Түркістан өңіріндегі осы мектептің мәселесін назарында ұстайды.