Ол 7-ші сыныптан бастап түрлі білім сайыстарында жетістіктерге қол жеткізген
Түркістан білім-инновация лицейінің оқушысы Абдурахманов Ислам әлемнің 40 университетіне грант жеңіп алды. Ол БАӘ, АҚШ, Англия, Польша, Малайзия, Швейцария мемлекеттеріндегі қалаған жоғары оқу орнының студенті атана алады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Ислам 7-ші сыныптан бастап түрлі білім сайыстарында жетістіктерге қол жеткізді. Интеллектуалды жарыстарды негізге алып, олардың ішінде шахматпен ерекше айналысты. Соның аясында қалалық және облыстық деңгейде өткен түрлі жарыстарда алтын мен қолаға қол жеткізді.
«8-ші сыныпта айти саласына қызығушылығымды оятып, жаңа бағытқа қадам бастым. Бұл салада республикалық деңгейде өткен «Hackathon» атты жарыстан алтынға қол жеткіздім, осы іс шарада алған тәжірибем Қазақстандағы білім олимпиадасынан. бірінші орын иеленуіме себепкер болды. 9-шы сыныпта қоғамдық істермен айналысамын деп шештім. Түркістан қаласының «Eco Turkistan» клубының мүшесі болдым және ол жерде біраз тәжірибе ала отыра, Кентау қаласында өзімнің «Green Team» атты жеке эко клубымды аштым», – дейді ол.
11 сыныптан бастап жоғары оқу орнына түсуді қолға алған Ислам әлемнің 6 елінен 40-тан астам университетінен шақырту алып, облыстың абыройын асқақтатты.
Исламның таңдауы АҚШ-тың Техас штаты, Хьюстон қаласындағы «North American University(NAU)» мекемесіне түсті. Үздік оқушы шет елде білім алып, Отанға оралып, еңбек етуді көздеп отыр.