Интеллектуалды жарыстарды негізге алып, олардың ішінде шахматпен ерекше айналысқан
Түркістан білім-инновация лицейінің оқушысы Ислам Абдурахманов әлемнің 40 университетінен шақырту алған. Енді Ислам БАӘ, АҚШ, Англия, Польша, Малайзия, Швейцария секілді мемлекеттеріндегі жоғары оқу орнының студенті атана алады. Qaz365.kz тілшісіне сұхбат берген Ислам Абдурахманов айтулы жетістігінің құпиясын бөлісті.
“Мен әлемге танымал APU, New Mexica University, Heriot Watt, NAU, Sanway, UCSI, RIT және басқа да 40 университеттен шақырту алдым. Олардың ішінде мен Малайзия елінде орналасқан APU мен Лондондағы RIT оқу орнына 100 пайыздық грантпен оқуға түсе аламын. Ал, қалған оқу орындарында түрлі жеңілдіктер бар. Бірақ менің таңдауым АҚШ-тың Техас штаты, Хьюстон қаласындағы «North American University(NAU)» мекемесі. Онда мен 90 пайыздық жеңілдікпен білім алатын боламын. Шет елде білім алып келген соң, өз елімде еңбек етуді көздеп отырмын. Мен бұл жетістікке 5 жылдық еңбегімнің арқасында жетіп отырмын деп ойлаймын. Себебі осы уақыт аралығында түрлі республикалық, облыстық білім сайыстарында жүлделі орындарға ие болдым. Одан бөлек, IELTS және SAT тесттерін тапсырдым. Сондай-ақ, мектеп көшбасшысы болдым, түрлі эко клубтар мен жеке клубтарымды аштым. Осы жетістіктерімнің арқасында мені шетелдегі оқу орындары қабылдады", - деді ол.
Айта кетсек, Ислам 7-сыныптан бастап түрлі білім сайыстарында жетістіктерге қол жеткізген. Интеллектуалды жарыстарды негізге алып, олардың ішінде шахматпен ерекше айналысқан. Одан бөлек, 8-сыныпта IT саласына қызығушылығы оянған. Бұл салада жүріп, республикалық деңгейде өткен «Hackathon» атты жарыста алтынға ие болған. Ал, ол 9-сыныпта Түркістан қаласының «Eco Turkistan» клубының мүшесі болып, Кентау қаласынан «Green Team» атты жеке эко клубын ашқан.