«Orletech»: Қазақстандағы инклюзивті білім беру жобалары қалай жүзеге асып жатыр

Qaz365.kz редакциясы

Мүмкіндігі шектеулі жандардың мүмкіндігі шексіз екенін дәлелдегім келеді

Қазіргі таңда елімізде инклюзивті жобалардың саны артып келеді. Күні кеше ғана Алматы қаласында «OrleTech» атты аталмыш жобаның аясында ұйымдастырылған екі күндік жазғы лагерьдің алғашқы күні өз мәресіне жетті. Екі күндік лагерьде қатысушыларға түрлі тренинг пен семинар өткізіледі. Ұйымдастырушылар еліміздің 8 өңірінен келген 180 адамға коммуникативтік, көшбасшылық дағдыларды және басқа да негізгі кәсіби құзыреттерді үйретуді мақсат еткен. Айтуынша, ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін денсаулық, білім беру, демалыс, спорт және кәсіби қызметін қамтитын жүйелі тәсілдерді, экожүйені қалыптастыру маңызды. Жобаға еліміздің түкпір-түкпірінен 18-35 жас аралығындағы ерекше қажеттілігі бар жастар арасынан 1800-ден астам өтінім келіп түскен. Олардың жоба аясында цифрлық мамандықтарды меңгеріп қана қоймай, жаңа жұмыс орнын табуға мүмкіндігі болады.   

Лагерь тәмамдалғаннан кейін қатысушылар  AI-маман, no code әзірлеуші, UI/UX + Web-шебер сынды үш бағыт бойынша үш айлық онлайн оқуға кіріседі.

Qaz365.kz тілшісі  жобаны қолдау мақсатында лагерьге қатысушы Альмира Дыхановамен сұхбаттасып қайтты. Альмира Дыханова  Түркістан облысының тумасы. Жасы 36-да.  Қазіргі уақытта Алматы қаласында тұрады. 2005 жылы мектеп бітіріп, Алматы қаласындағы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетіне оқуға түскен. Ағылшын тілі мамандығын оқып,   әртүрлі жерде жұмыс істеген.  Кейін 2013 жылы  ағылшын тілі одан әрі үйрену үшін шетелге магистратураға түскен.  Қазіргі кезде ағылшын тілін онлайн үйретеді әрі инстаграм желісіндегі оқырмандарына  ақылы  түрде психологиялық кеңес береді.

 – Алтмира, уақыт тауып сұхбат бергеніңізге рахмет.  Бұл жобаны қалай білдіңіз?

 – Бұл жоба туралы мен ештеңе білмедім. Іздеп те көрмегенмін. Жобаны әпкем арқылы білдім. Әпкем таныстары арқылы осы жобаның хабарламасын әлеуметтік желіден көріп қалған екен. Сол хабарламаны бірден маған жіберіп, осылайша осы жобамен таныстым. Бірден қатысамын деп шештім.

 – Жобаға қабылдану қалай өтті?

 – Иә, жобаға онлайн сайт арқылы тіркелдім. Кейін маған бірден хабарлама келді. Хабарламада кішігірім сұрақтан тұратын тест болды. Тесттен сәтті өткеннен кейін қабылдандым.  

 – «OrleTech» жобасы несімен қызықтырды?

 – Жалпы бұл жобаны әпкем маған босқа жіберген жоқ. Мен жұмыстан бөлек, жасанды интеллект жайлы оқыған ұнайды. Жасанды интеллект бойынша курстан да өткен болатынмын. Әпкем осы салаға қызығатынымды білгендіктен, бірден ұсынған еді. Бұл жобаның да ерекшелігі осында. Қатысушылар өз қызығушылықтары бойынша қалаған алаңын таңдап, үш ай бойы сол саланы меңгеріп шығатын болады. Бұл лагерьде үш сала бойынша оқытады. Мен жасанды интеллектке қызығып келген едім, алайда лагерьде дизайн да оқытылады екен. Маған сурет салған қатты ұнайды. Сондай-ақ графикалық дизайнды да үйренгім келіп жүрген еді. Өзімді осы қырымнан да дамытқым келеді. Қайсысын таңдасам екен ойланып жүрмін.

 – Лагерьдің алғашқы күні туралы әсеріңіз қандай?

 – Лагерьдің алғашқы күні өте жақсы өтіп жатыр. Ашылуында өзіңіз көргендей, жоба ұйымдастырушыларымен таныстық. Кейін қабілеттерді дамыту, қорқынышты жеңу, коммуникация бойынша тренинг өткізілді. Тренингте тыңдап қана қоймай, бірден іс жүзінде де көрсеттік. Негізі лагерь екі күн ғана болатындықтан, әр сағатымыз жоспарланған. Күніміз таңғы астан басталды, кейін таңғы тренингтер болды. Тренингтен кейін міндетті түрде 20 минуттық үзіліс берілді. Үзілісте қатысушылармен бірге билеп, ойын ойнадық, ән де айттық. Осы екі күнде барынша жақсы қарым-қатынас, коммуникация құруға тырысып жатырмыз. Күніміз әлі аяқталмады. Десе де лагерь ұнап жатыр.

 – Сізді өмірде не шабыттандырады? Шабыт қайдан келеді?

 – Мен йогамен айналысамын. Бос уақытымда кітап оқимын. Білесіз бе, Алматыда таулар өте әдемі, тауға жиі шығып тұрамын. Психолог мамандығын да меңгергенмін. Психолог болып та жұмыс істеймін. Жаңа айтып өткенімдей, сурет те салған ұнайды. Тігін тігіп те білемін. Жалпы өзімді әр қырымнан сынап көргім келеді. Әлемде қаншама біз білмейтін білім, өнер өте көп. Соны үйренуге құштармын.  Әрдайым өзімді осылай дамытып отырамын. Әр күнімнің, әр сағатымның пайдалы өткенін қалаймын. Сондықтан да болар, әр ісімнен шабыт аламын, алға ұмтыламын. Көптеген адамдар мидағы қорқыныштарының кесірінен бір істі бастауға қорқып, жүрексінеді. Қорқыныш, шектеу тек мида ғана. Адам өз-өзін ешқашан шектемей, керісінше жүрек қалауын тыңдау керек деп ойлаймын. Мен өзімді шектемей, керісінше әр саланы меңгеріп, жетістікке жеткім келеді.

 – Сұхбат бергеніңізге рақмет! Сәттілік тілеймін!