Академик Р.Сыздықова – тарихшы-лексикограф

Qaz365.kz редакциясы

Сөздік – бұл дәуірдің "жемісі"

Г.Б. Көбденова 

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты

«Тіл тарихы және түркітану» бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері,

филология ғылымдарының кандидаты

Сөздік – бұл дәуірдің "жемісі". Оның жасалуы мәдени-тарихи жағдайларға, лексикографтың қолданатын мәтіндеріне, тіл білімінің теориясы мен практикасының дамуына, сөздікшінің тілдік тұлғасына, білім деңгейіне, т.б. тікелей тәуелді болып келеді. Тарихи бағдарлы сөздіктердің әрбір сөздік мақаласы үлкен ғылыми ізденістің нәтижесі, сол себепті кейде сөздік мақала бір-бір ғылыми монографияның жүгін арқалап тұрады.

Сөз әр дәуірде тек анықтауды ғана емес, сонымен бірге түсіндіруді де  қажет етеді. Оның шығу тегін, фонетикалық құрамының өзгерісін, морфологиялық құрылымын, мағыналардың эволюциясын, өзгерісін зерттеу, ұлттық мәдени құбылыс ретінде тілдің дамуы тарихи лексикографияның негізгі нысанына айналды.

Академик Рәбиға Сыздықова абыройлы ғылыми еңбек жолында әртүрлі сөздіктердің редакция алқасының мүшесі болып, редакциясын басқарды, сөздік мақаланың дұрыс жазылып және сөздіктердің сапалы шығуына белсене араласты:

  • Қазақ тілінің алғашқы этимологиялық сөздігі – «Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігінің» (Алматы, 1966) алғысөзін жазып, сөздіктің мақсат-міндеттерін айқындап берді.
  • Ақын-жазушы тілінің сөздігі бойынша: «Абай тілінің сөздігі» (Алматы, 1968).
  • «Қазақша-орысша сөздіктің» (Алматы: Дайк-Пресс, 2002) жауапты редактордың бірі.
  • Нормативті сөздік болып табылатын «Орфографиялық сөздікті» құрастырушы (әр жылдары шыққан).
  • 10 томдық қазақ тілінің түсіндірме сөздігі (Алматы, 1974-1986 жж.), «Қазақ тілі сөздігі» (Алматы: Дайк-пресс, 1999) т.б.

Қарап отырсақ, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтынан шығып тұрған сөздіктерге акад. Р.Сыздықованың араласпағаны кемде-кем екен.

Ғалым тек сөздіктер жасауға ғана қатысып қоймай, сонымен бірге «Қазақ лексикографиясының дамуындағы орыс ғалымдары мен авторларының қызметі»  жайында 1975 жылы алғаш рет ғылыми мақала жазып, зерттеулер жүргізген.

Ғалымның тарихи лексикография саласында атқарған жұмыстары өз алдына бір төбе.

Қазақ тіл білімінде тарихи лексикография саласында істелген жұмыстардың бірегейі ғалым Р.Сыздықованың «Сөздер сөйлейді» деген еңбегінің [2] мақсаты, автордың өз сөзімен айтсақ, «сөздің не сөз тіркесінің бұрынғы және қазіргі қолданылуын, яғни семантикалық-мағыналық дамуын сөз ету, сөздердің түп-төркінін анықтауға ұмтылыс». Автор сөздің семантикалық қозғалысын, өзгерісін көрсетіп, этимологиясын ашуға ұмтылыс жасаған.

Еңбектің дереккөздері ретінде XV–XIX ғасырларда өмір сүрген ақын-жыраулардың шығармалары, батырлық жырлардағы, мақал-мәтелдердегі мағынасы күңгірт тартқан немесе архаизмге айналған сөздер мен сөз тіркестерінің бұрынғы және қазіргі қолданысы, сөз мағынасының өзгерісі, дамуы және этимологиялық сипаты қарастырылады. Сонымен қатар, бұл еңбектің маңыздылығы жеке сөздер мен тіркестердің қазақ тілінің он томдық түсіндірме сөздігінде, этимологиялық, диалектологиялық сөздіктерде көрсетілмеген сөз мағыналарынының терең қабатына бойлайды. Бұл еңбек XV–XIX ғасырлардағы сөздердің күй-қалпына барлау жасап, көп қолданылмайтын, мағынасы күңгірт, түсініксіз сөздерге дәйектеме материалдарын келтіру арқылы сөз мағыналарын ашады. Еңбек лексикологиялық-семасиологиялық талдау болып табылады. Академик Р.Сыздықова: «Сөз мағынасының эволюциясы тек дамудан, яғни жақсара түсу сипатында ілгері жылжудан тұрмайды, сонымен қатар сөз мағынасының күңгірттенуі не мүлде ұмытылуы, ауысуы, кеңеюі, тарылуы т.с.с. құбылыстар да сөз табиғатының қозғалысын танытады» [2, 165 б.] – деп тілдің тарихи сипатымен байланыстырады.

Этимологиялық зерттеулерге талдау жасаған профессор Ғарифолла Әнестің «Қазақ тіл біліміндегі этимологиялық зерттеулердің негізгі бағыттары» деген мақаласында [3] «Р.Сыздықованың «Сөздер сөйлейді» деген кітабы қазақ тіл біліміндегі «қызықты» этимология мен ғылыми этимологияны шебер ұштастыра білген тұңғыш ғылыми-көпшілік қолды еңбек деп бағаланады. Автор негізінен семантикалық ұстанымды (принцип) басшылыққа ала отырып, сөздердің көне мағынасы мен қолданылу тарихын айқындауды мақсат еткен. Тіліміздің тарихын жасауда көп  кедергі келтіріп жүрген жазба ескерткіштеріміздің аздығын (қазақ тіліне тікелей қатысты) Р.Сыздықова ұсынған осы әдіспен біршама толтыруға болатын секілді. Өйткені, ғалым «жазба факт болмаса, дәлеліміз қаншама орнықты болғанымен, көбінше болжам ғана болып қала бермек» [3, 115 б.] – дейді.

Р.Сыздықованың «Сөздер сөйлейді» деген еңбегі негізінен семантикалық ұстанымға құрылған. Алайда ішінара фонетикалық, морфологиялық ұстанымдар да көрініс береді. Сөздік түріндегі зерттеу еңбегінен фонетикалық ұстанымға мынадай мысалдар дәйек бола алады: абышқа (абшыйақ) сөзінің түбірі түркі-моңғол тілдерінде «әке, ата, әкенің ағасы» мағынасында бірнеше фонетикалық вариантта абы / абу / аба немесе абыш «шал» құбылып келеді (14-б.). Йенік/йеңк сөзінің қазақша жек болып кетуін автор түркі тілдерінде ғ, р, л, қ, й, у дыбыстары «әлсіз» дыбыстар, олардың түсіп қалуы, қосылуы, өзге дыбыстарға ауысуы «оп-оңай» (мысалы, бағла~байла, нең~не, бұл~бұ, сағ~саан-, йағы~жау т.б.) деген зерттеушілердің пікірлеріне сүйеніп йеңік>иек>жек тұлғаларын осы қатарларға жатқызу арқылы түсіндіреді (93-б.). ғ~у дыбыстарының алмасуынан жағы/йағы/жау, «аты-шулы» дегендегі шу сөзінің чау/чу/цуу/шау/шу (54-б.), ару сөзінің ары, арығ, аруғ, арық т.б. фонетикалық тұлғалары мысал болады.

Морфологиялық ұстанымға автор М.Қашқаридың көрсеткен дәйектеріне («ол сатқысы келді» – сатсады, «су ішкісі келді» – сусады) сүйене отырып, жемсе сөзінің мағынасы «жем жегісі келу», көне -са/-се жұрнағы бір нәрсені қалау, тілеу мағынасын беретін етістік деп қорытынды жасайды (83-б.).

Автордың пікірінше, қазіргі қазақ тілінде аяңдау (айаңда-) етістігінің түбірі ай-, бұл түбір «адымдау» мағынасын білдірген, оған қосылған -а қимылдың күшеюін немесе бәсеңдеуін білдіретін жұрнақ болса, мұның үстіне -ң жұрнағы жалғанып, қимыл есімін жасаған, ал қазақ тілінде етістік түбірлі есімнен қайтадан етістік пайда болған (айаң+да) (57-б.), аламан сөзі ал- етістігінен (ал+а+ман) жасалған (34-б.).

Зерттеу еңбекте белгілі бір дәрежеде этимологиялық мәліметтер де бар. Автор адырна сөзінің төркінін «бөлу, ажырату» дегенді білдіретін айыр- / адыр- деген етістіктен шығарады (18-б.). Ирек сөзінің этимологиясын табуға ұмтылыс жасай отырып, ол сөзге әлі де этимологиялық ізденістер жүргізу қажеттігін атап өтеді (102-б.).

Зерттеуші қазақ тілімен, оның диалектілік қолданыстарымен қоса, туыс тілдердің жергілікті ерекшеліктерін де сөз тарихын ашу үшін қажетті жерінде пайдаланып отырды. Мысалы қазақ тілінің диалектілеріне қатысты: Қазақстанның солтүстік, орталық өлкесінде айласу сөзі «үйлесу, ұқсау» мағынасында (26-б.), атайман вариантының Қостанай, Орынбор т.б. аймақтардағы жергілікті мағыналарын келтіреді (29-б.). Астана сөзінің «табалдырық» мағынасы жергілікті сөйлеу дағдыларында сақталған (53-б.).

Туыс тілдердің диалектілерінен, мысалы татар тілінің диалектісінен: 1) «атақты, белгілі», 2) «арнаулы» мағынасындағы атаулы сөзін «айтулы, атаулы, атайы» сөздерінің мағыналық даму жолдарын іздестіргенде пайдаланады (28-б.), аса сөзінің мағынасы қырғыз тілінің солтүстік диалектісіндегі осы сөздің мағынасымен салыстырылады (51-б.).

Тарихи бағыттағы зерттеулер туыс тілдердегі сөздерден айналып өтпейтіні белгілі. Сол бағыттағы салыстырмалы зерттеулер көзайым сөзін қарайым тіліндегі көз айдындық, көзің айдын болсын, түрік тілінде гөзуңүз айдын сөздерімен (25-б.), қазақ, қырғыз тілдеріндегі  жаушы жіберу/жуучу жиберу, жаушы боп бару/жуучу түшу тіркестері салыстырылады.

Моңғол тіліндегі бурчигна(х) сөзі мен түркіше бұрсану дегендердің арасындағы фонетикалық байланысты ч/с, и/а дыбыстарының алмасуы, г, ғ дыбыстары түркі тілдерінде сусымалы (түсіп қалғыш) деп түсіндіріп, салғастырмалы зерттеулер жүргізеді (72-б.).

Ғалымның өзіндік ізденістері қатарынан білік ағаш пен белағаш сөздерін түбірлес деп тануын (76-б.), «Аш құлақтан тыныш құлақ» мәтеліне жасаған өзіндік пайымдауларын (56-б.) немесе барым сөзіндегі -ым қосымшасы «балам, үйім, шапаным» дегендегі сияқты тәуелдік жалғауы емес, сөз тудырушы жұрнақ деп есептеуін (62-б.) т.с.с. атауға болады.

Өз кезеңінде жарық көрген әртүрлі сөздіктердегі кемшіліктерді, мәселен ала сөзінің «ат» мағынасының қазақ тілінің екі томдық түсіндірме, қазақша-орысша сөздіктерінде көрсетілмегендігін атап өтеді (30-б.). Автор «Арық-тұрақ. Арық-тұрық» деген сөздік мақаласында түсіндірме сөздіктің тұрқы сөзіне «тірі жан иесінің тік және көлденең қалпы» деп берген түсіндірмесін жаңсақтау деп табады (51-б.), Махамбеттің «Ереуіл атқа ер салмай» деп басталатын өлеңіндегі ереуіл сөзінің ақын жинақтары мен оқулықтарда «ерттеулі ат» деп қате түсіндірілген деп кесіп айтады (85-б.). Осындай зерттеулер еңбектің өзіндік құндылығын арттырады.

Апайдың үлкеншәкірттерінің бірі ф.ғ.д. Орынай Жұбаеваның «Сөзге жан бітірген ғалым» мақаласында жоғарыда аты аталған еңбек жан-жақты талданады [4] (ҚазҰУ Хабаршысы, Филология сериясы, 2004, N 5 (77).

Сөздік тек өзінің материалдары арқылы ғана емес, сонымен қатар оларды беру тәсілдерімен де тарихи болып саналатындығын ескерсек, сөздікте берілетін арнайы шартты белгілер де тарихи сөздіктің сипатын көрсетеді. 

Тарихи сөздікте сөздің семантикалық сипаттамасын беру кезінде графикалық белгілерді таңбалаудың өзіндік ерекшеліктері мен қиындықтары бар. Мағына, мағыналық реңк, қолданыс, соған сәйкес әртүрлі графикалық белгілерді (//, / т.с.с.) беру жолдары мен тәсілдердің логика-концептуалдық байланысы болу қажет.  1-сурет

таңба

Р.Сыздықова. Сөздер сөйлейді.

 

«Словарь русского языка  XVIII века».

 

Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі.

 

Э.В.Севортян. Этимологический словарь тюркских языков.

 

>

 

тұлғасы немесе мағынасы жағынан сөздің өзінен бұрынғы түрі

 ∆

ақ үшбұрыш жүзжылдық бойына жаңадан енген сөздерге қойылды

 

> <

сөздің тарихи өзгеру бағытын көрсету үшін

 

*

сөз, тұлға, мағына, фонемалардың ежелгі жағдайы

 

<

 

тұлғасы немесе мағынасы жағынан сөздің өзінен кейінгі түрі

 

қолданыстан шыққан сөздерге қара үшбұрыш қойылды

 

~

таңбасы сөздің тұлғалану вар-ианты мен  ды-быстардың ал-масуын көрсетуге

 

>

 

 

… дамып жатыр

 

 

 

 

~

 

 

қатар қолданылатын тұлғалар, сөздер, тіркестер

 ◭

жартылай боялған үшбұ-рыштар сөздің қолданылу жиілігінің ұлғаюын

 

+

таңбасы морфем-дік элементердің бір-біріне қосылуын көрсету үшін

 

<

 

… қолданыстан шықты

 

 

/

сөз (тұлға) варианттары

тарылуын көрсетеді     

 

 

~

 

… сәйкес келеді

 

 

+

түбірге қосымша-лардың не өзге түбірдің қосылуы

 

XVIII ғ. жаңадан пайда болып, осы ғасырда қолданыстан шығып қалатын сөздерге

 

 

 

 

 

Cонымен «Сөздер сөйлейді» тарихи бағыттағы еңбек болғандықтан болашақта түзілетін қазақ тілінің тарихи сөздігінің материалдық қорынан ерекше орын алады. «Сөздер сөйлейді» − сөздік түріндегі семасиологиялық-этимологиялық, тарихи-семантикалық зерттеу еңбек.

Келесі бір қаралатын ғылыми жұмыс Р.Сыздықованың 2009 ж. шыққан ғылыми-танымдық зерттеу еңбегі «Қазақ тіліндегі ескіліктер мен жаңалықтар» [5].

Автордың өзі атап өткендей, «Сөздер сөйлейді» – семасиологиялық-этимологиялық сөздік болса, ал «Қазақ тіліндегі ескіліктер мен жаңалықтар» – ғылыми-танымдық зерттеу және мұндағы талдаулар белгілі бір әдебиет үлгілеріне қарай (мысалы, «Едіге» жырын) немесе белгілі бір кезеңді қамтитын қазақ тілінің тарихи сөздігінің үлгісін ұсынуды көздейді» [5, 12].

Біздің пікірімізше, егер «Сөздер сөйлейді» практикалық еңбек болса, «Қазақ тіліндегі ескіліктер мен жаңалықтар» – теориялық еңбек. Екеуі бір-бірін толықтырып тұрған еңбектер.

Ғалымның ойынша, кейбір ескірген сөздердің қолданыстан ығысқан тұстарын шамалауға болады. Қолданыстағы ескі бірліктердің қай жылы, қай күні “жоғала бастағанын” жалпы топшылауға болады. Мәселен, ХІХ ғасырдың ІІ жартысында қолданыстан шыққан ескірген сөздер қатарына: бірауыз, қандауыз, жалаңқат, берен, зере, кіреуке, себіл тон, құяқ, бектер, тізерлік, бұтырлаң т.б. сөздерді жатқызуға болады. Бұл сөздің қолданысқа ену және қолданыстан шығу уақытын анықтап, көрсете білу белгілі-бір кезең немесе ғасырдың тілдік картинасын көрсететін тарихи сөздікті жасауда қажетті мәлімет болады.

Ғалым лексикалық ескіліктер немесе ескі бірліктерді көнерген сөздер (архаизмдер), ескірген сөздер (историзмдер), ұмыт бола бастаған сөздер  («күні кешегі» реалийлердің атаулары) деген түрлерге бөлген. Бұл күнде актив қолданылмайтын, бірақ мағынасы түсінікті, “сүйегі қазақтық”, тек сыртқы “пішіні” – морфологиялық құрылымы бөлектеу келетін ескіліктерді тұлғалық ескіліктер және аралық, мезгілдік бірліктер тобы деген түрлерін де атап көрсетеді. Сонымен қатар көне, ескі, ескірген, ескіре бастаған, ескіру белгілері бар лексика-фразеологиялық бірліктер деп саралап береді.

Сонымен қатар Р.Сыздықова қазақ тілі лексикографиясының алдағы міндеттерінің біріне лексикалық ескіліктердің толық түсіндірме сөздігін, фольклор тілінің сөздігін және Ясауи «Хикметтерінің» тілі бойынша түсіндірме сөздік жасау қажеттігін ұсынды.

Ескі жәдігерлерден мысал теру оңай жұмыс емес екені мәлім. Мәтіндерге мұқият қарау мен жәдігерлермен жұмыс істеу тәжірибесі қажет. Сол себепті жұмысқа кіріспес бұрын «Жинақтаушыларға арналған нұсқаулық» жасалып, онымен мысал теруші, жинақтаушы қызметкерлердің таныс болуы қажет. Карточка жинау бар да, оны сұрыптау тағы бар. Академик Р.Сыздықова тарихи жазба мәтіндерден карточканы қалай жинау керектігі бойынша жас зерттеушілерге осы еңбегінде құнды кеңестер береді [5, 134-137].

Қорыта айтқанда, акад.Р.Сыздықованың көне, ескі, ескірген сөздерге жасаған талдаулары, бір-бір зерттеу ғылыми жұмыстың жүгін арқалап тұрған сөздік мақалалары, ғылыми теориялық еңбектері қазақ тіл біліміндегі тарихи-лексикологиялық зерттеулердің, тарихи лексикографияның ғылым ретіндегі қалыптасып, дамуы үшін берері мол.

Әдетте сөздікшілер я теоретик, я практик болып бір жақты болып кететіні немесе сөздіктің бір түрін жасауға бар өмірін арнайтындығы мәлім. Акад.Р.Сыздықованың этимологиялық, орфографиялық, орфоэпиялық, түсіндірме және аударма сөздіктері бойынша жасаған орасан зор еңбектерімен қатар, оның тіл тарихы бойынша жазылған теориялық еңбектерімен қоса, тарихи сипаттағы сөздік жасауы оның ғалымдық деңгейінің тереңдігі мен жан-жақтылығын анық көрсетеді. Жоғарыда аты аталған еңбектер тіл тарихшысы Р.Сыздықованың әрі теоретик, әрі практик тарихшы-лексикограф екендігін толықтай дәлелдейді. Академик Рәбиға Сыздықова бірнеше бағыттағы синхронды және диахронды бағыттағы сөздіктердің құрастырушысы, білікті маман, үлкен лексикограф ғалым.

Тілдің дамуы, лингвистикалық зерттеу жұмыстарының артуы тек бүгінгі күннің түсіндірме сөздігін жасаумен ғана емес, кешегі күннің, өткен дәуірдің тілін, сөздік құрамын қамтыған тарихи сөздіктерін жасаумен де көрінеді. Әрбір жақсы сөздік, теориялық еңбек өз уақытындағы тіл білімінің дәрежесін көрсететін айнасы іспеттес.

 

Әдебиет:

    1. Сыздықова Р. Қазақ лексикографиясының дамуындағы орыс ғалымдары мен авторларының қызметі // ҒА Хабарлары. Тіл-әдебиет сериясы. – Алматы, 1975. – №1 (5). – 3-9 бб.
    2. Сыздықова Р. Сөздер сөйлейді. –Алматы: Арыс, 2004. – 230 б.
    3. Әнесов Ғ. Қазақ тіл біліміндегі этимологиялық зерттеулердің негізгі бағыттары // Қазақ тілі тарихи лексикологиясының мәселелері. – Алма-Ата: Ғылым, 1988. – 100-120 бб.
    4. Жұбаева О. Сөзге жан бітірген ғалым // ҚазҰУ Хабаршысы, Филология сериясы, 2004, N 5 (77).
    5. Сыздық Р. Қазақ тіліндегі ескіліктер мен жаңалықтар. Алматы: Арыс, 2009. -272 б.