Аралас мектептерден қашан құтыламыз - экс-депутат жауап берді

Qaz365.kz редакциясы

Аралас немесе орыс мектептер бұл – ата-аналардың таңдауы

tilalemi.kz

Парламент Мәжілісінің экс-депутаты Жұлдыз Сүлейменова еліміздегі мектептердің ау-жайы туралы Ұлыссұхбатта айтып берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Оның айтуынша, аралас мектептерден әзірге қашып құтыла алмаймыз. Керісінше сол мектептердегі қолданыс тілі толықтай қазақ тілінде өтуін қадағалауымыз керек. Бұл мәселе әрдайым күн тәртібінде тұрады. Тек, ата-аналар балаларын басқа тілде білім беретін мектепке бермес бұрын қазақ мектебінің жетістігін, қазақ мектептеріндегі оң өзгерістерді білуі керек.

«2016 жылы 17 бала 125 балл жинайды. Ұлттық біріңғай тесттен. Сол 17 баланың 17-сі де қазақ мектептерінің түлегі. Біз бұны ақпарат көздерінен естідік пе? Сіз естідіңіз бе? Немесе соңғы 3 жылды Халықаралық олимпиадаларда қазақ мектептері мен түлектерінің жүлделі орын алуының пайыздық көрсеткіші 33,7 пайызды құрайды. Ал аралас мектепте 15-17 пайыз. Бұл қазақ тілді мектептердің білім саласының қаншалықты өскендігін көрсетеді», – деді Ж.Сүлейменова.

Сонымен қатар, қазақ мектептеріндегі педагог мамандардың да кәсіби тұрғыда жоғары екендігін жеткізді. Сондықтан осындай ақпараттарды ел азаматтарына көбірек насихаттау керек екенін атап айтты. Бұдан бөлек, қазақ тілді мектептердің саны күн санап артып келе жатқанын жеткізді.

«1991 жылы Батыс Қазақстан облысында тәуелсіздік алғанда небәрі 3-ақ пайыз қазақ тілінде білім беретін мектеп болған. Дәл бүгінгі таңда 2023 жылы таза қазақ тілінде білім беретін мектептің саны 87 пайыз. Яғни, демография өскен сайын бұл проблема өзінен-өзі шешіле бастайды. Бірақ, үлкен мәселе – насихат жұмысы», – деп түйіндеді Парламент Мәжілісінің экс-депутаты Жұлдыз Сүлейменова.