Балалардың қауіпсіздігі – ел болашағына салынған жол

Qaz365.kz редакциясы

Лицензияланған күзет қызметі қандай рөл атқарады? ​​​​​​

Қазіргі уақытта білім беру мекемелерінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі басты назарда тұр. Осыған байланысты Qaz365.kz тілшісі Абай облысында қандай шаралар қолға алынғанын және олардың қаншалықты тиімді екенін анықтау мақсатында Абай облысы білім басқармасының басшысы Нұржан Ахметқалиевпен сұхбаттасты.

– Нұржан Нығметоллаұлы, білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздікке қатысты қандай негізгі шаралар қабылдануда?

– Абай облысында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кешенді жұмыстар жүргізілуде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы Жолдауында мектептердегі қауіпсіз орта қалыптастырудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Осыған байланысты облыс көлемінде бірқатар нақты шаралар қабылданды. Атап айтқанда, облыстың білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша тиісті жабдықтармен жарақтандыруға 2023 жылға 905,2 млн. теңге бөлінді. 2024 жылға 107,0 млн теңге қарастырылды. Бұл қаражат білім беру мекемелерін бейнебақылау камераларымен, дабыл түймелерімен, дауыстық хабарлау жүйелерімен және лицензияланған күзетпен қамтамасыз етуге жұмсалды.

Бейнебақылау жүйелері білім беру мекемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды құрал болып отыр. Абай облысындағы мектептер мен балабақшалар толығымен бейнебақылау жүйелерімен қамтылды. Қазіргі таңда 13 197 бейнебақылау камерасы орнатылған. Бұл камералар қауіпсіздікті бақылау ғана емес, төтенше жағдайларда жедел әрекет етуге де мүмкіндік береді.

– Лицензияланған күзет қызметі қандай рөл атқарады? 

– Облысымыздағы көптеген мектептерде лицензияланған күзет қызметі жұмыс істейді. Бұл балалардың физикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде негізгі рөл атқарып келеді. Лицензияланған күзет қызметі тек мектептің сыртқы қауіпсіздігін ғана емес, ішкі тәртіпті де қадағалап отырады. Мектептерде дабыл түймелері мен турникеттер орнатылып, күмәнді немесе қауіпті жағдайлар туындаған кезде жедел әрекет ету мүмкіндігі қарастырылған.

– Психологиялық қауіпсіздік туралы да кеңінен айтып өтсеңіз. 

– Психологиялық қауіпсіздік — білім беру процесінің маңызды бөлігі. Балалар тек физикалық тұрғыдан ғана емес, психологиялық тұрғыдан да қауіпсіздікті сезінуі керек. Осы мақсатта Абай облысында 2024 жылы психологиялық қолдау орталығы ашылды. Бұл орталықта балаларға және мұғалімдерге арналған семинарлар мен тренингтер ұйымдастырылады. Іс-шаралар балалардың эмоционалдық күйін жақсартуға және қиын жағдайларда психологиялық қолдау көрсетуге бағытталған.

– Цифрлық қауіпсіздік мәселелері қалай шешілуде? 

– Цифрлық қауіпсіздік те үлкен мәнге ие. Бүгінгі таңда технологияның қарқынды дамуына байланысты балалардың интернет кеңістігіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету өзекті болып отыр. Абай облысының мектептерінде осы бағытта кешенді жұмыстар жүргізілуде. Мектептерде киберқауіпсіздік бойынша арнайы сабақтар өткізіліп, балаларға интернеттегі қауіпсіздік ережелері түсіндірілуде. Сонымен қатар мұғалімдерге цифрлық қауіпсіздік бойынша оқыту бағдарламалары енгізілді, бұл балалардың жеке мәліметтерін қорғауға және интернетті қауіпсіз пайдалану мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

– Қосымша білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік қалай қамтамасыз етілуде? 

– Қосымша білім беру мекемелері де біздің ерекше назарымызда. Бұл ұйымдарда бейнебақылау жүйелері орнатылып, жедел басқару орталықтарымен байланыс қамтамасыз етілді. Спорт залдарында және шығармашылық орталықтарда балалардың жарақаттануын болдырмау үшін қосымша қауіпсіздік құралдары орнатылды. Бұл шаралар балалардың мектептен тыс уақыттағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

– Жалпы, Абай облысының білім беру ұйымдарында қабылданып жатқан осы қауіпсіздік шараларының болашақ ұрпаққа тигізер әсері қандай деп ойлайсыз? 

– Қауіпсіздік мәселесі — тек білім беру мекемелерінің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Біздің басты мақсатымыз – әр баланың өз мектебінде тек білім алып қана қоймай, өзін қорғалған тұлға ретінде сезінуіне жағдай жасау. Бұл болашақ ұрпақтың еркін дамуына және олардың қоғамға пайдалы азамат болып қалыптасуына мүмкіндік береді. Абай облысындағы білім беру ұйымдары қауіпсіздік шараларын жетілдіріп, балалардың сапалы білім алуына барынша жағдай жасауда.

– Сұхбаттасқаныңызға рахмет!