Тұрар Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары мен мектеп директоры қызметінен кеткен
Жамбыл облысында өзін емші ретінде насихаттап, «Томирис патшайым» атымен танымал болған балгердің мектепке барғаны қоғамда үлкен шу тудырған еді. Осыдан кейін тексеріс жүргізілді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Соның нәтижесінде Тұрар Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары мен мектеп директоры қызметінен кеткен.
Тереңөзек ауылында Жамбыл атындағы мектеп ұжымының қатысуымен болған іс-шара бойынша Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті арнайы тексеру жүргізген.
«Т. Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары Ә.Терлікбаев, Жамбыл атындағы мектеп директоры Э.Зәкімбаева өз өтініштері бойынша қызметінен босатылды. Рысқұлов ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы мен Тереңөзек ауылдық округі әкіміне «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолданылды», – делінген Тұрар Рысқұлов ауданы әкімдігі жазбасында.
Айта кетейік, Балгер емші Тұрар Рысқұлов ауданы, Тереңөзек ауылының мектебіне қонақ болуға шақырту алған. Оны мектеп басшылығы арнайы күтіп алып, салтанатты шара ұйымдастырып, оған ақша жинап берген. Ол өз миссиясын оқушыларға қайырымдылық жасау мақсатында келдім деп түсіндіріпті. Әкімдіктің мәліметінше, өзі сол мектептің түлегі болғандықтан жыл сайын туған жеріне сапарлауды дәстүрге айналдырған көрінеді.