Қатаң тексеріс: мектеп асханаларына мониторинг қалай жүргізіліп жатыр

Qaz365.kz редакциясы

Бүгінге дейін 15 мектеп тексерістен өткен

Абай облысы мектептеріндегі тамақтану сапасын бақылау мақсатында құрылған ведомствоаралық сараптамалық топ өз жұмысын қайта жалғастыруда, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Арнайы топ: қалалық мәслихат өкілдері, ата-аналар қоғамдастығының мүшелері, білім бөлімі қызметкерлері, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінен құралған.  Сараптамалық топтың жұмысына сәйкес бүгінге дейін 15 мектеп тексерістен өткен.

"Абай облысында қазіргі таңда мектептерде ведомствоаралық комиссия жұмыс атқаруда. Яғни, барлық мектептердің асханаларына тексеріс жүріп жатыр. Қазіргі уақытта облыста 65 мектеп тексерілді, оның ішінде Семей қаласы бойынша 15 мектеп тексерістен өтті.  Тексеріс мектеп асханаларының бекітілген мәзіріне сәйкес тамақтануына, азық-түлік пен дайын өнімдердің мақсатты түрде пайдалануына, олардың сапасына байланысты жүргізілуде. Өткізілген тексеріс нәтижелері бойынша талап бұзұшылықтар болмады. Алайда мониторинг барысында ас блоктарында, жергілікті жерлерде  санитариялық талаптар сақталмаған бұзушылықтарды жою мақсатында комиссия мүшелері  өздерінің ұсыныстарын білдірді", - деп атап өтті Абай облысы білім басқармасының мектепке дейінгі, жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Макия Әмірханова.

Қазіргі күні өңір бойынша 275 мектепте ас блогы, тамақтану залдары бар (91 %). Сонымен қатар интернатық тұрмыспен 3 облыстық мектепте (БИЛ, МММИ, Жас Ұлан) ас блоктары бар, ыстық тамақ ұйымдастырылған. 23 шағын жинақты мектептерде (Семей қ., Ақсуат, Аягөз, Бородулиха, Жарма, Көкпекті, Үржар ауд.) асхана жоқ. Аталған мәселені шешу мақсатында бұл мектептерде оқушылардың тамақтануына бейімделген кабинеттер дайындалып, 362 оқушыға 20 мектепте кейтерингтік қызметтер арқылы тегін ыстық тамақ ұйымдастырылса, 8 мектепте кейтерингтік буфеттік тамақтану жағдайы қарастырылған.

"Мектеп оқушыларының рационын нормаларға сәйкес келтіру мақсатында 2024 жылы жергілікті бюджеттен тегін тамақтандыруға қосымша қаражат бөлініп, облыс бойынша тегін тамақтандырудың орташа құны 620 теңгеге (2023 жылы - 565 тг.), буфеттік тамақтандырудың құны 430 теңгеге (2023 жылы – 384 тг.) өзгерген. Бұл тамақтану құнына мектептегі бір реттік тамақтандыру нормаларына сәйкес өнімдер кіреді. Бір реттік тегін тамақпен 54 594 оқушы (5,5 млрд. теңге бөлінді), оның ішінде 1-4 сыныптың 40 491 оқушысы, 5-11 сынып аралығындағы әлеуметтік осал топ санатынан шыққан 14103 оқушы қамтамасыз етілуде", - дейді Макия Әмірханова.

Сапалы теңдестірілген тамақтандыруды ұйымдастыру мақсатында облыстық Білім басқармасы тарапынан білім беру ұйымдарындағы балалардың тамақтану стандарттары қаралып, бақылануда. Өңірлерде шығарылатын отандық өнімдерді пайдалана отырып, ас мәзірін әзірлеуге қатысты қағидалар мен бракераждық комиссиялардың, ведомствоаралық сараптамалық топтардың мүшелері үшін мониторинг топтары қызметінің тәртібі туралы заңнамалық нормалар басшылыққа алынған. Сондай-ақ қалалық/аудандық білім бөлімдерінен 10 ведомствоаралық сараптамалық топ жұмыс істейді.

"Бүгінгі таңда Семей қаласының жалпы орта білім беретін мектептерінің басты мақсаты білім алушылардың мектепте жайлылықты сезіне алуы. Осы тұрғыда біз мониторингтік топпен бірлесе отырып, ас мәзіріне тексеріс жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Дәл қазір жалпы орта білім беретін №18 мектепте мониторинг шаралары жүргізілуде. Негізгі дүние балалардың тұтынып жатқан ас мәзірі, оның табиғилығы және санитариялық талаптарға сай екендігі  маңызды. Сараптамалық топтың жұмысы алдағы уақытта барлық мектепте жалғаспақ", – деп атады Мониторингтік топтың мүшесі Алмас Айтмұқаш.