Оқушының ғылымды танудағы мүмкіндігін ашатын оқулық

Qaz365.kz редакциясы

Оқулық тек білім берумен шектелмей, тәрбиелік мәңге де ие

Оқушының мектеп қабырғасында сапалы білім алуы – оқу бағдарламасының басты мақсаты. Ал сапалы білімнің негізгі құралы, білім алушының танымын кеңейтетін ақпарат көзі – оқулық, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Белгілі бір пәннің оқулығы оқушының қолына түспес бұрын көптеген зерттеулер жүргізіліп, қажетті ақпараттар сарапталып, оқушының қабылдау деңгейі зерделенеді. Авторлар әртүрлі факторларды ескере отырып, оқулықты құрастырады. Осы орайда, жаңа оқу жылында «Астана-кітап» баспасы отандық жаңа өнімді ұсынды.

Баспаның білім беру мекемелеріне ұсынып отырған жаңа оқулықтар сериясына жаратылыстану бағытындағы химия, биология, физика, алгебра, геометрия және 7-11 сыныптарға арналған информатика пәнінің қостілді оқулықтары жатады.

Бұл жаратылыстану бағытындағы қостілді оқулықтардың ерекшелігі — оқушы алғашқы бетінен бастап, оқулықтың ағылшын және қазақ/орыс тілінде екенін байқайды. Оқулықта терминдер мен тірек сөздер үш тілде беріліп, оқушының екі тілде де сөздік қорын кеңейтуге ықпал етеді. Ақпараттың күрделілігі сынып деңгейіне сәйкес артып отырады.

Оқулықта көптеген визуалды құралдар ұсынылып, материалдар түсінікті әрі жеңіл игеріледі. Жаңа тақырыпты меңгере отырып, оқушы химияның тек формулалармен шектелмейтінін, оның қоршаған ортамен тығыз байланысты екенін түсінеді. Бұл пәнге деген қызығушылықты арттырады.

Сондай-ақ оқулықта сыни тұрғыдан ойлауға, функционалды сауаттылықты арттыруға арналған формативті бағалау тапсырмалары бар. Бұл жаттығулар топтық жұмыста өз ойын жеткізуге, тақырыпты тереңірек түсінуге көмектеседі.

Әрбір бөлімнің соңында және оқулықты аяқтаған кезде оқушыларға өзін-өзі бағалау үшін суммативті тапсырмалар ұсынылады. Бұл тапсырмалар арқылы оқушы өз білімін бағалап, қай тұста қиналғанын анықтай алады.

Оқулық тек білім берумен шектелмей, тәрбиелік мәңге де ие. Онда үлкендерге құрмет көрсету, ұлттар арасындағы теңдік және салауатты өмір салтын дәріптейтін мәтіндер де кездеседі. Оқушылар ғылымның құндылықтармен тығыз байланысын байқай алады. Әрбір жаратылыстану пәнінің оқулығы оқушының болашақ мамандығын таңдауға алғашқы қадам болады. Оқулықтарда болашақта қолдануға лайықталған тапсырмалар мен мысалдар бар, бұл оқушыларға өз бағыттарын айқындауға септігін тигізеді.

«Астана-кітап» баспасы