«ENACTUS KAZAKHSTAN» командасы әлем чемпионатының жартылай финалына өтті

Nur-Altay Umirzak

Қазақстанның қарсыласы Ұлыбритания-Ирландия командасы

Forbes.kz

 Астана қаласында өтіп жатқан «Enactus World Cup 2024» әлем чемпионатына қатысушы 33 команда алғашқы айналымда өз жобаларын қорғады, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.

“Әлемдік кубокта біздің “ENACTUS KAZAKHSTAN” командасы еліміздің климатына бейімделген, құнарлылығы жоғары, антиоксиданттарға бай жүгерінің жаңа сұрпын шығаруға бағытталған «Sweet Rainbow» және иммунитеті жоғары және өнімділігі жақсартылған қара тауықтың жаңа тұқымын шығару бойынша “Gallus” жобаларын сәтті қорғап шықты.  Жобадағы тауық гибриді – “Казаукана” құсы көпшіліктің қызығушылығына ие болды. Ал қарсылас Ұлыбритания-Ирландия командасы – қайта өңделмейтін қалдықтарды тұрақты энергияға айналдыру, Бразилия – асаи жидектері тұқымдарынан кофе өндіру, Германия – жоғары сапалы IT қызметіне қол жеткізуге арналған жобаларды ұсынды”, – деді команда мүшесі.

 Алғашқы айналымнан Морокко, Бразилия, Қазақстан, Гонконг, Аустралия, Тунис, Солтүстік Африка, Үндістан, Канада, Корея, Нигерия, Ұлыбритания-Ирландия, Германия, Мексика, Гана, Пуэрто-Рико сынды 16 команда өтті. Жартылай финалда Ұлыбритания-Ирландия, Бразилия, Германия, Қазақстан командалары өзара бақ сынасады.

“Біз 68 бенефициарды жұмыспен қамтамасыз еттік және олар күніне орта есеппен 4,54 доллар табыс тапты. Осылайша, олардың жылдық табысы шамамен 2300 долларды құрады”,–  деп жауап берді команданың тағы бір мүшесі Аделия Хамитова.

Қазылар алқасы команда мүшелеріне сатылым, бенефициарлар, болашақ жоспарлары жайлы бірнеше сұрақ қойған.