Қазақстан оқушылары халықаралық олимпиадаларда жеңіп, 77,5 млн теңге ұтқан: олар жайлы не білеміз

Qaz365.kz редакциясы

Халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарына қазақстандық ЖОО-ның кез келгеніне оқуға түсуге білім гранты беріледі

Олимпиададан медаль әкелген спортшыларға мемлекет миллиондап ақшасын береді, үлде мен бүлдеге орайды. Париж Олимпиадасынан кейін мұның бәріне халықтың өзі куә болды. «Бәйгі берем жығылған палуанға да» дегендей жүлде әкелмеген спортшылар да қос-қостап көлік мінді. Әйтсе де, спорттағы жалпы жетістікті санағанда – көңіл қаяу. Ал білім бәйгесінде Қазақстанның қаншама оқушысы жүлде әкеліп, әлемдік деңгейде ел намысын қорғап жүргенін білеміз бе?

Қанша оқушы жүлде әкелді

Qaz365.kz порталы қанша оқушы халықаралық деңгейде жүлде әкелгенін Оқу-ағарту министрлігінен сұрап білді. 2023-2024 оқу жылының қорытындысы бойынша еліміздің ұлттық құрамасы ең беделді әлемдік пәндік олимпиадаларда 2 алтын, 12 күміс, 12 қола медаль және бір диплом иеленген. Бұл олимпиадалар:  IMO (математикадан), IPhO (физикадан), IBO (биологиядан), IChO (химиядан), IOL (лингвистикадан), IGeO (географиядан) және IOI (информатикадан). Әлем бойынша ТОП-7 беделді олимпиадаларда жүлделі орын алған 26 қазақстандық оқушы қаржылай сыйақы алады. Сыйақының жалпы сомасы 77,5 миллион теңгеден асады.

Миллионер оқушылар

Талантты оқушыларды қолдау мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2022 жылдан бастап халықаралық олимпиадалардың  жүлделі орындарды иеленген оқушыларға және оларды дайындаған педагогтерге мемлекет тарапынан біржолғы сыйақы тағайындалған. Алтын медаль жеңіп алған оқушы 1500 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде, күміс медаль үшін – 1000 АЕК, қола медаль үшін – 500 АЕК мөлшерінде ақшалай сыйақы алады. Ал алтын медаль иегерін дайындаған педагогке – базалық лауазымдық айлықақы 26,5 еселенген мөлшерінде, күміс медаль иегерін дайындаған педагогке – базалық лауазымдық айлықақы 17,5 еселенген мөлшерінде; қола медаль иегерін дайындаған педагогке – базалық лауазымдық айлықақы 8,5 еселенген мөлшерінде беріледі.

Сонымен қатар халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарына қазақстандық ЖОО-ның кез келгеніне оқуға түсуге білім гранты беріледі.

Медаль иегерлері

Жалпы 12 ірі халықаралық жарысқа қатысқан 1218 қазақстандық оқушының 603-і медаль иегері атанды. Яғни, әлемдік додаларда еліміздің намысын қорғаған әрбір екінші қатысушы жүлделі орынға ие болған.

Qaz365.kz тілшісі министрліктен 2024 жылғы халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің тізімін сұрап білді. 2024 жылы 31 қазақстандық оқушы ең беделді 7 халықаралық олимпиадаға (IMO, IPhO, IBO, IOL, Co, IGeO, IOI) қатысып, 26 медаль - 2 алтын, 12 күміс, 12 қола жеңіп алған. (Өткен 2023 жылы 23 медаль 2 алтын, 11 күміс, 10 қола).

Әлемдік деңгейдегі ең ауқымды олимпиадаларға Қазақстан құрама командаларын іріктеуді, дайындауды және қатыстыруды ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасы «Дарын» республикалық орталығы қамтамасыз етеді. Одан бөлек 2023-2024 оқу жылы 2532 қазақстандық оқушы 31 халықаралық олимпиадалар мен конкурстарға қатысқан. Халықаралық олимпиадалар мен конкурстарда барлығы 721 медаль. Әрбір үшінші қатысушы жүлдегер атанады. Сондай-ақ, жыл соңына дейін екі іс-шараға қатысу жоспарда бар.

Үздік мектептер

Халықаралық аренада топ бастаған мектептердің көш басында Білім-инновация лицейлері (Астана, Ақтөбе, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, ШҚО), Павлодар қаласының дарынды балаларға арналған №8 лицейі, РФММ (Алматы қ.), Жамбыл облыстық мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернаты, НЗМ (Астана, Талдықорған, Шымкент қ.), «Мирас» халықаралық мектебі (Алматы қ.), «Haileybury» халықаралық мектебі тұр.