Бұған дейін ФИДЕ шебері атағы бар адам ешқашан Нобель сыйлығын алмаған
Бұрынғы шахмат вундеркинді 2024 жылы химия бойынша Нобель сыйлығының лауреаты атанды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұрынғы шахмат вундеркинді және DeepMind компаниясының негізін қалаушы Демис Хассабис 2024 жылы химия бойынша Нобель сыйлығының лауреаты атанды.
Бала кезінде британдық Демис Хассабис шахматтан өте мықты ойыншы болған, тіпті 1990 жылы 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында әлемнің үздік 5 ойыншысының қатарына кірген. Бірақ кейін Кембридж университетінде оқуға басымдық беріп, шахматты екінші орынға қойды. 2010 жылы ол DeepMind компаниясын құрды. Осы компанияның аясында оның басшылығымен AlphaGo және AlphaZero бағдарламалары жасалып, го мен шахмат әлемінде үлкен төңкеріс жасады.
Қазіргі таңда Хассабис тағы бір ерекше жетістікке қол жеткізді – ол Дэвид Бейкер және Джон Джампермен бірге “ақуыз құрылымын болжау” және “ақуыздарды компьютерлік жобалау” еңбектері үшін 2024 жылғы химия бойынша Нобель сыйлығымен марапатталды. Бұл шахмат әлемі үшін айрықша оқиға – бұған дейін ФИДЕ шебері атағы бар адам ешқашан Нобель сыйлығының бірде-бір санаты бойынша марапатталмаған еді.