Маңғыстаудағы оқушылардың улануы бірнеше бастық өз орнын босатты - министр

Nur-Altay Umirzak

Тамақ жеткізген кәсіпкерлікпен келісімшарт үзілді

krmm.kz

Қыркүйек айында Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданы Бесшоқы ауылындағы мектептердің бірінде 460 бала тамақтан уланды. Мәжіліс кулуарында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Маңғыстауда балалардың жаппай улануы мәселесіне себепкер болғандар қалай жазаланғанын айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Тамақтану мәселесіне келсек, барлық тиісті өзгеріс енгізілгенмен, оны жүзеге асырудағы кәсіпкерліктердің жауапкершілігі жайлы мәселені үнемі көтеріп жүрмін. Нақты Маңғыстау облысы бойынша айтатын болсақ, тамақтанумен айналысатын кәсіпкер мектептен аластатылды. Ол кәсіпкердің бұдан былай өзге мектептерге қызмет көрсетуіне де шектеу қойылды. Одан бөлек, тиісті тұлғалардың барлығы жауапкершілікке тартылды. Білім басқармасының басшысы жұмысынан босатылды. Әкімнің орынбасары да осындай жауапқа тартылды. Сәйкесінше, тамақ жеткізген кәсіпкерлікпен де келісімшарт үзілді», - дейді Бейсембаев.

Ол асханадағы тамақ сапасы жақсы болуы және денсаулыққа зиян тигізбеуі үшін тамақ мәзірі Денсаулық министрлігінің қатысуымен әзірленетінін жеткізді.

«Біз асханалардың қызмет көрсету сапасын тексердік. Тексеру жұмыстарына біздің ведомстводан бөлек, Денсаулық министрлігінің өкілдері, Санитарлық эпидемиологиялық қызмет өкілдері де қатысты. Асханалар заң талаптарына, санитарлық талаптарға сай жұмыс істей ме, жоқ па толық тексердік. Ас сапасын қамтамасыз ету үшін мәзір құрастыру жұмыстарына Денсаулық сақтау министрлігінің де қатысуын жөн деп шештік», – дейді министр.

Еске салсақ, Маңғыстаудағы оқиғадан кейін Үкімет басшысы Олжас Бектенов  бір ай ішінде республикадағы барлық мектеп асханаларының тазалығы мен тамағының сапасын тексеруді тапсырған болатын.