Мектеп ішінде де қауіп барын көріп отырмыз - Әлихан Смайылов

Qaz365.kz редакциясы

Смайылов аталған оқиғаның келешекте қайталанбауы үшін министрлікке бірнеше нақты тапсырма берді

ЭК/Валерий КАЛИЕВ

Үкімет отырысында Петропавл қаласындағы мектепте болған оқыс оқиға қаралды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Премьер-Министр Әлихан Смайылов аталған оқиғаның келешекте қайталанбауы үшін министрлікке бірнеше нақты тапсырма берді.

«Бұл – өте қауіпті жағдай. Халықтың арасында үлкен алаңдаушылық тудырды. Балалардың қауіпсіздігіне алаңдамайтын отбасы жоқ. Мектептің ішінде де қауіп барын көріп отырмыз. Сондықтан бұл мәселені қайта қарап, оқу орындарына тексеру жүргізу қажет», - деді үкімет басшысы.

Сондай-ақ, ол бейнекамералардың санын көбейтіп, мектепке кіреберіс жерлерде бақылауды күшейту мәселесін қарастыру керектігін айтты.

«Ішкі істер министрлігі келісілген ұсыныстарды енгізсін. Денсаулық сақтау министрлігі зардап шеккен балаларды емдеуді ерекше бақылауға алсын. Оқу-ағарту министрлігі Ішкі істер және Төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесіп, қауіпсіздік сабақтарын әзірлеуі қажет. Балалар әртүрлі жағдайда өздерін қалай ұстау керектігін нақты білуі тиіс», - деді ол.

Еске салсақ, Петропавлда 9-сынып оқушысы мектепке қаруланып келіп, бірнеше баланы жарақаттаған болатын.