АҚШ-та тәртіпсіз оқушыларды мектептен шығарып жібереді
Америкаға көшіп барған қазақтар аз емес. Соның бірі – журналист Азамат Темірбеков. Ол отбасымен осыдан бір жарым жыл бұрын Өскеменнен АҚШ-тың Солтүстік Каролина штатындағы Шарлот қаласына қоныстанған. Қазақстаннан көшіп кетсе де журналист әлеуметтік желіде мұндағы қоғамдық мәселелерге байланысты пікір білдіріп, үн қосып, шетел тәжірибесінен білгенін бөлісіп отырады. Осы ретте Qaz365.kz тілшісі Азамат Темірбековпен АҚШ-тағы орта білім беру жүйесі қалай жолға қойылғаны жөнінде сұхбаттасты.
«Қазақстандағыдай баланың тапсырмасын бәріміз жабылып қарамаймыз»
– Азамат аға, сіздің балаларыңыз ол жақта қандай мектептерде оқиды. АҚШ-тағы білім беру жүйесі қандай екен? Біздің елдегі жүйемен салыстырып көрдіңіз бе?
– Менің ұлым мен қызым екі түрлі мектепте оқиды. Жалпы АҚШ-та 1-5 сыныптар elementary school (бастауыш мектеп), 6-9 сыныптар middle school (орта мектеп), 10-12 сыныптар high school (жоғарғы мектеп) болып бөлінеді. Осылайша сыныбына қарай әртүрлі мектепте оқиды. Бұл бірінші кезекте жоғары сыныпта оқитын балалардың өздерінен кіші сыныптағы балаларға әлімжеттік көрсетпеуін қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылған шара деп ойлаймын.
– Ал оқушылардың үлгерімін қалай бағалайды? Бастауыш сыныптағы балаңыз қандай пәндерді оқиды? Бағдарлама қиын емес пе? Үй тапсырмасы беріле ме?
– Балалардың сабақ үлгерімін 1-ден 10-ға дейінгі шкаламен немесе балдық жүйемен бағалайды. Жыл екі семестрге немесе төрт тоқсанға бөлінеді. Күзгі, қысқы және көктемгі каникулдар жоқ. Тек қыста Рождество кезінде 5 күндік демалыс беріледі. Балалар оқу үрдісінен бас алмайды. Тоқсан аяқталған сайын оқушының білімін тексеруге бағытталған тесттер болып тұрады. Жыл соңында бақылау тесті өткізіліп, баланың жалпы білімі тексеріледі. Егер оның үлгерімі төмен болса сол сыныпта қалдырылып, тағы бір жыл оқытылады. Үй тапсырмасы бастауыш мектепте мүлде жоқ, ұлым оқитын орта мектепте бар. Бірақ оны Қазақстандағы сияқты бірнеше сағат бәріміз жабылып оқу жоқ.
Жалпы АҚШ-тың мектептері балаға пәндерді мәжбүрлеп оқытуға емес, алдымен оның әлеуетін анықтауға бағытталған. Яғни, қызым оқитын бастауыш мектепте көп жағдайда сабақтардың барлығы ойын форматында өткізіледі. Таңертең автобуспен алып кетеді. Автобустан түскен бетте таңғы асқа апарады (breakfast time). Содан негізгі сабақтар басталады. Негізінен күнделікті математика, ғылыми бағыттағы, ағылшын тілі, art (сурет, қолөнер, музыка), спорт сабақтары өткізіледі. Ғылыми лабораторияларда химия, физика салаларында түрлі эксперименттер жасайды. Сабақ ортасында үйден өзіміз салып беретін жеңіл тамақтармен snack time болады. Артынша далаға шығып бір-бір жарым сағаттай ойнайды. Түскі асы (lunchtime) бар. Түстен кейін оқулары жалғасады. Сөйтіп, бастауыш мектептегі оқу күнделікті таңғы 8.45-тен 16.00-ге дейін жалғасады.
Шет елдердің экономикалық даму жолдарын зерделейді
– Орта мектептегі жүйе туралы да айтыңызшы. Қандай пәндер оқытады?
– Ұлым оқитын орта мектепте де бағалау балдық жүйемен жүргізіледі. Орта мектепте қосымша пәндерді балаңмен ақылдаса отырып таңдайсың. Математика, ағылшын тілі және ғылым, әлеуметтік ғылымдар міндетті түрде болса, спорт, art (музыка, сурет), жоғары математика, испан тілі, дизайн және моделинг сияқты пәндер қосымша оқушының таңдауына қарай оқытылады. Менің ұлым жоғары математика, испан тілін, дизайн және моделингті таңдады.
Негізгі пәндерде математикада оқушылар есептер шығарса, әлеуметтік ғылымдар пәнінде түрлі елдер жайлы, олардың экономикалық даму жолдарын зерделейді. Ғылым сабағында түрлі эксперименттер жасайды. Химия мен физиканы тереңдете оқиды. Дизайн және моделингте әлеуметтік салаға қажетті түрлі жобалар жасап, соларды қорғайды. Жақсы жобалар кейіндеп әлеуметтік департаменттер арқылы қоғам қажеттілігіне қолданылуы мүмкін. Ағылшын тілі сабағында тілді оқумен қатар әдебиеті де кеңінен оқытылады. Мұнда әр балаға ай сайын бір кітап оқу міндеттелген.
Тәртіпсіз оқушыларды мектептен шығарып жібереді
– Америкаға алғаш көшіп барған кезде балаларыңызға қандай да бір буллинг болды ма? Ол жақта оқушы біреуді итеріп қалса, яғни денесіне қолы тисе, үш күн сабаққа келуге болмайды екен. Тіпті арнайы мектепке жібереді дейді. Бұл рас па?
– Мектепте төбелесуге болмайды. Төбелескен баланы бірнеше күн сабақтан оқшаулау әдісі қолданылады. Үйден оқиды. Мұндай әрекет бірнеше рет қайталанса, оқудан шығарылады. Оны мен өткенде фейсбукте де жазғанмын. Соңғы уақытта Қазақстандағы мектеп оқушылары арасында бір-бірін өлтіру, өз-өзіне қол жұмсау, бір-біріне әлімжеттік жасап, ақша бопсалау сияқты жағдайлардың жиілеп кеткенін көп еститін болдық. Бейнебір бойларында өмірге деген немқұрайлық, бір-біріне деген қатыгездік белең алып кеткен сияқты. Ата-ана мектептің, мектеп отбасының тәрбиесі дұрыс еместігін айтып кінәлап жатыр. Қазақстанда мектепте көрген теперішіңді ешкімге айтпа деген жаман бір әдет бар. Айтсаң, «тоқылдақсың», қоғамнан қалыс қалған біреу болып есептелесің. (Мұны өз басым түрме жүйесі деп есептеймін). Осыған көп жағдайда әке-шешенің өзі итермелейді. Баласы біреуді сабаса арасына түседі, таяқ жесе «өзің де оны ұр» деп үйретіп қоя береді. Жағдайды сараламай, ақыр соңында бір шекке жеткенде ғана сан соғып жатады. Яғни, мектепте көрген теперішті баланың айтуына еш мүмкіндігі жоқ.
АҚШ мектептерінде жаңағы біз өзімізше жақтырмайтын «тоқылдақ жүйе» керісінше қолдау тапқан. Мұнда бала өзгенің оғаш қылығын мұғалімге, әке-шешесіне айтып отыруы үйреншікті жағдай болып есептеледі. Былтыр басымыздан өткен бір жағдайды айта кетейін. Екінші сыныпта оқитын қызым бірнеше күн бойы үстіндегі киімдеріне қалам сиясы жағылып келді. «Бала ғой, бір-бірін қаламсаппен сызып ойнаған шығар?» деп мән бермей қоя салдық. Шынтуайтында, бұл жақта мұндай ұсақ-түйекке ерекше мән береді екен. Бірнеше күннен соң мұғалімі поштамызға хат жіберіп, қызымыздың басқа баланың киімін сызғанын, оның әке-шешесінің шағым түсіргенін айтыпты. Осы үшін бізді мектепке шақырып, баламызға олай істемеу керек екенін айтуды түсіндірді. Осындай қылық тағы бірнеше рет қайталанса, баланы девиантты балалар оқитын арнайы мектепке бірнеше аптаға жіберетіндерін хабарлады. (Ондай мектептерге барып келген бала қайтадан ол жерге барудан азар да безер болып келетін көрінеді. Бұзақы ортада оқыған кімге ұнасын? Мұны осы жағдайды бастан кешірген бірнеше танысымнан байқадым). Қызым ол баланың бірінші болып киімін сызғанын, содан соң өзінің де солай істеуге мәжбүр болғанын айтады. Десе де, кім бірінші шағымданса – соныкі дұрыс. Баламызбен тәрбие сағатын жүргіздік. Олай істеуге болмайтынын түсіндірдік.
Осы жолы орта мектепте оқитын ұлымнан қызық үшін «мектепте біреу сені ұрып, ақша сұрап жүрген жоқ па?» деп сұрасам, «бізде төбелесуге болмайды ғой. Төбелессең мектептен шығарып, арнайы мектепке жібереді. Sorry, excuse me деп қана жүресің» деп күліп қояды. Шынымен де, бала жаман қылықтарын бес рет қайталаса, мектеп түгіне қарамастан оны оқудан шығарып жібереді. Оқудан жаман қылықпен шыққан баланы басқа мектеп алмайды. Балаңды қылмыстық ортаға бейім арнайы мектепке бересің, болмаса еліңе қайтарып, сонда оқытасың. Осылайша, мектеп бала тәрбиесіне өзі ғана емес, ата-ананың да көңіл аударып, жауапты болуын осылай реттеген.
АҚШ мектептерінде мектеп формасы міндетті ме?
– Мектеп формасын кию талап етіле ме? Оқушылар мектепке қалай барып-қайтады?
– Менің балаларым оқитын мектептерде мектеп формасы талап етілмейді. Дегенмен, ұл болсын, қыз болсын ашық-шашық киім киюге тыйым салынған. Мектепке балалар төрт түрлі әдіспен жетіп, қайтады. Жақын тұратындар жаяу (walkers), велосипед немесе самокатпен (bike riders), ата-анасы автокөлікпен апарып, алып кететіндер (car rider) және автобуспен барып, қайтатындар (bus riders).
– Сынып жетекші ретінде арнайы кадрлар бар ма? Оларға ата-аналар тарапынан сыйлық беру деген сияқты дүниелер бола ма? Мұғалімдердің қанша айлық алатынын білесіз бе?
– Сынып жетекшісі сияқты мұғалімдер белгіленген. Мұғалімге жай кезде сыйлық жасалмайды. Туған күнінде өзі қандай нәрселерді, қандай түсті жақсы көретінін арнайы платформада жазып жібереді. Ата-аналар өз қалауларынша жасауларына болады. Мұғалімдердің жалақылары тым көп емес. Орташадан сәл жоғары. Көп жерде мұғалімдер қажет деп жазып жатады. Мұғалімдер қосымша табыс табу үшін мектеп автобустарын жүргізуге CDL куәліктерін оқып алып, сабақтан соң оқушыларды school bus-пен тасымалдайды.
«Балаларым Қазақстанға қайтқысы келмейді»
– Әр бала ай сайын бір кітап оқуға міндетті дедіңіз ғой. Нешінші сыныптан бастап? Содан егер оқымаса не болады?
– Жалпы кітап оқу орта мектептен бастап міндеттеледі. Бастауыш мектепте де оқиды, бірақ көбінде комикс түріндегі кітаптар. Кітапты оқымаса, қорқынышты емес. Өз еркі. Ай соңында оқыған кітабы бойынша жоба жасап, тапсырады. Қазіргі уақытта ұлым Шекспирдің шығармаларын оқымаса да, өзінің жасына қарай «Перси Джексон және грек құдайлары», «Перси Джексон найзағайды қалай бағындырды?» сынды шығармаларды оқып жатыр. Бұрын кітап оқуға құмартпайтын балам соңғы уақытта ғаламтор арқылы кітаптарға тапсырыс беруді әдетке айналдыра бастады. «Кітап оқысам, кино көріп отырғандай болам» деп қояды. Испан тілін қосымша оқып жатыр. Өйткені, АҚШ-тағы екінші тіл – испан тілі. Оны білсе, кейін мүмкіндігі еселене түсері анық. Келесі тоқсаннан бастап компьютерлік технологиялар сабағы басталмақ.
Жалпы екі балама мында ұнайды. «Қазақстанға қайтасыңдар ма десем» осында жақсы дейді.
– Сұхбатыңызға көп рақмет!
Нұрән Әділет