Қазақстанда ата-аналар оқитын мектептер бар: Ол жерде қандай білім беріледі

Nur-Altay Umirzak

Ондай еліміздің 20 өңірінде 52 мектеп бар

Сурет: жасанды интеллектпен жасалған

Бүгінде еліміздің 20 өңірінде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында 52 асырап алушы ата-аналар мектебі табысты жұмыс атқрарып жатыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.  

Олар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелеуге қатысқысы келетін азаматтарды психологиялық дайындайды.

 “Асырап алушы ата-аналар мектептеріндегі жаттығуларға қатысу тегін және ол тренинг форматында өткізіледі. Бағдарлама бала тәрбиесінің психологиялық, әлеуметтік аспектілеріндегі тақырыптарды қамтиды. Оқу ұзақтығы 42-ден 60 академиялық сағатқа дейін, оның соңында қатысушылар сертификат алады. Бұл сертификат олардың бала асырап алуға әлеуетті екенін білдіреді”, – делінген ҚР Оқу-ағарту министрлігінің хабарламасында.

Дайындықтан өтуге ниет білдіруші ата-аналар жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың біріне еркін нысанда жазбаша өтінішпен жүгіне алады.

 «Ата-аналарды дайындау — бұл балаларды табысты тәрбиелеудің негізі ғана емес, сонымен қатар олардың болашақтағы әл-ауқаты мен үйлесімді дамуының кепілі. Балалардың тәрбиесі мен эмоционалдық дамуын терең түсінуге бағытталған мектебіміздің арқасында біз үміткерлердің балаларды асырап алуға дайын немесе дайын еместігін анықтай аламыз», - деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.