Құрылыс компанияларына не үшін салық өспейтінін түсіндірді
Алматыда Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин БАҚ басшыларымен кездесіп, қосымша құн салығын мемлекет неліктен көтеретінін түсіндірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Құрылыс компаниялары неге босатылды
«Бизнестің 80 пайызының капиталы 15 млн теңгеден аспайды. Сол себепті 80 пайыздың ішінде ештеңе өзгермейді. Қаржы министрлігі әр бизнестің қандай айналымы бар екенін көріп отыр. Қалғандарының ақша айналымы 40 млн теңгеден 80 млн теңгеге дейін. 15 млн теңгеге дейін капиталы бар адамдар айына 1 млн, ары кетсе 2 млн теңге тауып отырған азаматтар. Сол себепті біз де қарапайым азаматтардың жағдайын ойлаймыз. Қазір жасалып жатқан шаруаны аспаннан алып жатқан жоқпыз. Есептеп, Салық комитеті бәрін көріп отыр», - деді Серік Жұманғарин.
Вице-премьер құрылыс компанияларына не үшін салық өспейтінін түсіндірді.
«Мәселе сатылатын пәтерлерде. Пәтер қымбаттап кетсе, ол тұтынушылардың жағдайына әсер етеді. Егер құрылыс компанияларының қожайындарына салықты көтерсек, олар бірден бағаны көтереді. Сол себепті оны ойлау керек. Ешкім ешкімнен қорықпайды. Ондай жоқ бізде. Қорқудан шаршадық біз. Бірақ құрылыс саласының құрылымын өзгерту керек. Себебі әрбір үйді салу үшін бөлек ЖШС ашты. Неге? Өйткені ертең мәселен, үйдің сапасына шағым түссе, оны салған ЖШС-ның артында ештеңе жоқ. Ештеңе ала алмайсың. Қазір үлкен компаниялар үлкен бренд атауы тұрады, бірақ ештеңе салмайды. Соны өзгерту керек. Сату бар. Жеке кәсіпкерлік субъект ретінде үйді сатады. Айлықты әр жұмысшыға таратады. Олар да ИП. 15 млн деген – жартысы сондай адамдар. Оны дұрыстап түсіну керек», - деді ол.
Серік Жұманғарин егер халықтың жағдайына әсер етпесе, бізге ондай реформа түк те қажет емес деп мәлімдеді.
«Не істейміз оны? Ұлттық қор бар деп, жүре бере алмаймыз. Керек болса шетелден қарызға алайық. 5-6 жыл өмір сүреміз. Әлемде жағдай өзгерер, жаңа мұнай, газ қорын табармыз деп...» - дейді Үкімет басшысының орынбасары.
Банктерге салық
Мәжіліске енгізілген заң жобасында банктерге салықты 25 пайызға көтеру көзделген.
«Бірақ қазір билік біздің қолымызда емес. Заң Мәжіліске кірді ме – билік Мәжіліс депутаттарында. Олардың да біраз ұсыныстары бар. Банктерден алымды 30 пайыз, кейбіреулері 50 пайыз жасайық дейді. Банктер қазір кімге жамандық жасайды? Банктер қазір бізге қарсы сұрақ қояды – сіздер бізге неге сонша көп төлетесіздер дейді. Неге бізге 25 пайыз, басқаларға ондай жасамайсыңдар дейді. Банктер «біздің экономикаға беріп жатқан салығымыз басқалардан көп» дейді. Қазір банктер қаражаттың 40 пайызын нақты секторға беріп жатыр. 40 пайызын тұтынушыларға, қалған 20 пайызын пәтерлерге. Қазір бәріне салық салып жатырмыз. Банктен келетін салық – 500 млрд теңге. Осы реформа арқылы 1 трлн теңгеге дейін болады. Біз азық-түлік саласына қалай қараймыз – банктерге де солай қарау керек. Банктер ертең көлеңкеге кетсе, дұрыс болмайды ғой. Капиталды шетелге апараса, бізге де жақсы болмайды. Қазір Парламентте 25 пайыз. Меніңше, әзірге жарайды. Керек болса өзгертеміз. Қандай заң болмасын қазір Салық кодексімен кіреді», - деді ол.
Нұрлан Смағұловтың ұсынысы
Серік Жұманғарин қазір банктердегі қаражат біздің экономикадан да көп деп мәлімдеді. Банктер бюджетке көмектесіп, нақты секторға қаражат салса, тиімді болатынын айтты.
«Автоөндіріс бойынша, кеше Нұрлан Смағұлов мырза бір ұсыныс берді. Ірі узелдік құрау тоқтату туралы. Жеңілін ғана қалдырайық деді. Оған әзілдеп, «бәсекелестеріңізді ысырып жатырсыз ба?» деп жауап бердім», - дейді Серік Жұманғарин.