Қазақстанда бүгіннен бастап автонесие алу жеңілдеді

Qaz365.kz редакциясы
Фото: Qaz365.kz

Қазақстанда мойнында қанша қарызы барына қарамастан автонесие алуға мүмкіндік беретін қаулы қабылданды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Мысалы, сіз отандық автомобиль сатып алу үшін қаржы мекемесінен автонесие алуға өтініш бердіңіз. Бірақ бұған дейін алған несие бойынша қарызыңыз бастан асады. Соны ескерген қаржы мекемесі өтінішіңізді мақұлдамай тастауы әбден мүмкін.

Алайда бейсенбіден бастап күшіне енген қаулыға сәйкес, отандық автомобиль үшін несие алу кезінде азаматтың қаржы мекемелері алдындағы басқа да борышы ескерілмейді. Бұған қоса, автонесиені 4% мөлшерлемемен ала аласыз.

Қаржы нарығын дамыту агенттігінің хабарлауынша, құжат отандық автомобиль өндірісін қолдау мақсатында қабылданды.

Атап айтқанда, құжатта 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 2026 жылғы 31 желтоқсанды қоса алғанда, несие беру кезінде қарыз алушының борыштық жүктеме коэффициентінің шекті деңгейін сақтау талабы қолданылмайтыны көрсетілген:

  • пайдаланылмаған және Қазақстан Республикасының аумағында алғаш рет тіркеліп жатқан және несие бойынша қамтамасыз ету ретінде пайдаланылатын жаңа автокөлік құралын алу мақсатында;
  • көлік құралы құнының кемінде 50% бастапқы жарнамен несие бойынша кепіл ретінде қызмет ететін пайдаланылған автокөлік құралын сатып алу мақсатында;
  • 3 жылға дейін пайдаланылған және несие бойынша кепіл ретінде қызмет ететін автокөлік құралын сатып алу мақсатында, көлік құралы құнының кемінде 30% бастапқы жарнамен;
  • тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі шеңберінде.

Бұл ретте банк несиелік тәуекелдерді бақылау мақсатында мұндай несиелер бойынша қарыз алушының қарыздық жүктемесінің коэффициентін есептейді.