Қазақстанда биылғы жылдың қаңтар айында инфляция көлемі 8,9%-ға жетті
Қазақстанның Ұлттық Банкі ақша массасының инфляцияға әсерін анықтау үшін арнайы экономикалық зерттеу жүргізді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ақша массасының инфляцияға ықпалын анықтау COVID-19 пандемиясы кезінде өзекті бола түсті. Ол кезде ақша эмиссиясы (қосымша көлемі) айналымға жаппай шығарылып жатқан кез еді.
Зерттеу нәтижесінде екі көрсеткіш арасында тығыз байланыс бары анықталды. Инфляциясы тым жоғары елдерде де, бағаның өсу қарқыны тым төмен елдерде де осы үрдіс байқалған.
Еске салайық, Қазақстанда биылғы жылдың қаңтар айында инфляция көлемі 8,9%-ға жетті. Бағаның өсуі бірнеше негізгі фактордан туындады: азық-түлік инфляциясы, бірінші кезекте, жекелеген азық-түлік өнімдері бағасының өсуінен жеделдеді. Азық-түлікке жатпайтын инфляция жоғары тұтынушылық сұраныс пен теңгенің айырбас бағамының әлсіреуінен орын алды.
Жүргізілген талдау Қазақстандағы ақша массасы мен инфляция арасындағы тәуелділікті растады, сондай-ақ инфляциялық өсіммен сәйкес келетін ақша ұсынысының шамадан тыс өсуін көрсететін бірнеше кезеңді анықтады.
Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, ақша массасының 10%-ға көбеюі – инфляция мөлшерін бір жылда 0,8 пайызға ұлғайтып отыр. Ал 2 жылда оның көлемі 1%-ға дейін артады. Егер ұзақмерзімді перспективада қарайтын болсақ, онда ақша массасының 10%-ға көбеюі инфляцияны 1,8%-ға дейін арттырады.
Қысқамерзімді кезеңге қарағанда ұзақмерзімді кезеңде ақша массасының бағаға әсері күшті. Өйткені қысқамерзімді кезеңдегі инфляцияға валюта бағамының ауытқуы, сыртқы күтпеген өзгерістер және басқа да қосымша факторлар әсер етеді.
Осылайша, зерттеу нәтижелері ақша массасының Қазақстандағы инфляциялық процестерге айтарлықтай әсері туралы гипотезаны растайды және ақша-кредит саясатын қалыптастыру кезінде монетарлық факторларды есепке алу маңыздылығын көрсетеді.
Ұлттық банк инфляция мөлшерін 5% деңгейіне дейін төмендетуді көздеп отыр. Қаржы саласының мамандары дәл қазіргі кезеңде инфляция деңгейінің осы мөлшерде сақталғаны тиімді екенін айтады.