Бюджетке 60 млрд теңге түспей қалған
Шетелдік маркетплейстерге қосымша құн салығын төлетуді бұрын «Ақ жол» партиясының депутаттары көтерген еді. Экономист Сапарбай Жобаев бұл бастаманы дұрыс деп есептейді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Депутаттар не ұсынды
Депутаттардың айтуынша, импортты реттеу әрдайым бюджет кірісінің маңызды арналарының бірі. Бұл сектор бюджеттің толығуына ғана емес, отандық өндірушілердің мүдделерін қорғау тұрғысынан да айтарлықтай маңызға ие. Қалыптасқан жағдайды айқын көрсететін мысалдардың бірі – шетелдік маркетплейстер. Олар, өзге артықшылықтарымен қатар, 200 еуроға дейінгі бағасы бар сәлемдемелерді кедендік баж салығынсыз әкелу құқығын пайдаланады. 2023 жылы шетелдік маркетплейстер Қазақстанға жалпы құны 505 млрд теңге болатын тауар жеткізген, алайда бюджетке небәрі 24 млрд теңге ғана салық төлеген, бұл айналымның 4,8%-ын ғана құрайды.
«Бұл кедендік баж салығынан толықтай жалтару және жалпы елге жеткізілген тауарларға төленуі тиіс ҚҚС-тың 2,5 есеге аз төленуі болып отыр», – деді депутаттар.
Бюджетке 60 млрд теңге түспей қалған
Олардың айтуынша, «шетелдік маркетплейстердің ҚҚС төлеуден жалтаруы салдарынан 2023 жылы бюджетке 60 млрд теңгеден астам қаржы түспей қалған, бұл өндірістік орындардағы жұмыс орындарынан түсуі тиіс жеке табыс салығын есептемегеннің өзінде» дейді олар.
«Қазақстанда импортталатын тауарларға қатысты қазақстандық маркетплейстерге жүктелетін фискалдық жүктеме, сарапшылардың айтуынша, 16,3%-ды құрайды, бұл шетелдік платформаларға қарағанда төрт есе көп. Қазақстандық кәсіпкерлер жергілікті платформалар арқылы сауда жүргізген кезде 62%-ға дейін әртүрлі салықтар мен төлемдерді (ҚҚС, КПН, әлеуметтік аударымдар, кедендік баждар, сертификаттау және т.б.) төлеуге міндетті. Сарапшылардың есептеуінше, егер 505 млрд теңгенің тауары қазақстандық платформалар арқылы сатылған болса, бюджетке 24 млрд емес, 136 млрд теңге түсер еді, оның 82 млрд теңгесі ҚҚС және кедендік баж салығы, ал 54 млрд теңгесі өндірістегі 46 мың жұмысшыдан түскен жеке табыс салығы болар еді. Ал шетелдік маркетплейстер (Temu, Amazon, AliExpress және басқалары) Қазақстанда физикалық түрде тіркелмегендіктен, біздің заңнамаға сәйкес салықтар мен баждарды төлеуден жалтарып отыр», – деді мәжілісмендер.
Олардың пікірінше, бұл жағдай «импорттық салық салудағы үлкен олқылық болып табылады, шетелдік маркетплейстерге қазақстандық өндірушілермен салыстырғанда әділетсіз бәсекелестік артықшылықтар береді».
«Электрондық коммерция көлемі әр екі жыл сайын екі есеге артып келе жатқанын ескерсек, шетелдік маркетплейстерден түспей қалған бюджет кірісі биыл 250 млрд теңгеден асады. Бұл, ең алдымен, қазақстандық кәсіпорындарды нарықтан ығыстыру мен олардың жұмыс орындарын қысқарту есебінен жүзеге асырылады. "Qaztech" технологиялық компаниялар альянсының болжамдарына сәйкес, егер мемлекет осы үрдіске араласпаса, 2029 жылға қарай қазақстандықтардың 50%-дан астамы тек шетелдік маркетплейстер арқылы сауда жасайтын болады. Бұл өз кезегінде жергілікті өндірушілердің үлесінің азаюына және бюджет шығындарының 700 млрд теңгеге дейін өсуіне әкеледі», – деп ескертті депутаттар.
Нақты қандай шаралар қабылдау керек?
Осыған байланысты "Ақ жол" фракциясы келесі шараларды қабылдауды ұсынды:
1. Шетелдік маркетплейстерді Қазақстанның салық органдарында міндетті түрде тіркеу талабын енгізу;
2. Үндістанның үлгісі бойынша шетелдік маркетплейстерге қазақстандық платформалар мен өндірушілермен ынтымақтастық орнату міндетін жүктеу;
3. Қазақстандық тұтынушылардан түскен табыстарға ҚҚС және басқа да салықтарды міндетті түрде төлеуді енгізу;
4. Шетелдік сауда желілері арқылы жүзеге асырылатын бажсыз сауда параметрлерін төмендету немесе алып тастау мүмкіндігін қарастыру;
5. Отандық электрондық коммерцияны қолдауға бағытталған мемлекеттік шаралар кешенін әзірлеу, оның ішінде халықаралық төлем жүйелерімен интеграция, логистикалық қызметтерді дамыту және т.б.
«Біз бұл шаралар бюджет тапшылығын азайтуға, сондай-ақ үкімет жариялаған салық реформасына қатысты мәселелердің өткірлігін төмендетуге ықпал етеді деп есептейміз», – деп қорытындылады депутаттар.
Экономист не дейді
Экономист Сапарбай Жобаев Қазақстанда жұмыс істейтін кез келген шетелдік маркетплейс міндетті түрде бәрімен тең түрде салық төлеуі керек деп есептейді.
«Әрине, біз ең алдымен, өзіміздің отандық кәсіпкерлерді қорғауымыз керек. Кез келген нәрсені сатып алған кезде салықтың төленетіні белгілі. Мысалы, қазір қарапайым дүкенге барып бір нәрсе сатып алсаң, оған қосылған қосымша құн салығын төлейсің. Маркетплейстер де солай болу керек. Басында бәрі еркін болды. Енді жөнге салған дұрыс. Қазір билік блогерлерді, әншілерді жөнге салып жатыр ғой. Шетелдік маркетплейстер де шет қалмауы тиіс», - дейді Сапарбай Жобаев.
Жаңа салық кодексі
2025 жылғы 20 ақпанда Ұлттық экономика министрлігі Мәжіліске салық кодексінің жобасына түзетулер пакетін енгізді. Өзгерістер салықтық әкімшілендіруді жетілдіруге бағытталған, - делінген Ұлттық экономика министрлігінің хабарламасында. Басты өзгерістер ретінде қосылған құн салығы бойынша міндетті тіркеу шегін 15 млн теңгеге дейін төмендету, қосылған құн салығы мөлшерлемесін 16%-ға дейін арттырып, бұған қоса бірқатар сала үшін төмендетілген мөлшерлеме 10% белгілеу ұсынылған.
Алайда экономистер мен сарапшылар Үкіметтің бұл реформасына қарсы пікір айтып, салықты өсіру айналып келгенде қарапайым халықтың қалтасына салмақ болып түсетінін айтады.