ШҚО-да «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асырудың басты бағыттары аталды

Qaz365.kz редакциясы

«Ауыл аманаты» бағдарламасы өңірдің дамуы үшін маңызды

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына келіп, ауыл халқының әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған «Ауыл Аманаты» бағдарламасының жүзеге асу барысымен танысты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Кеңесші  туризмді дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және басқа да басым бағыттарға бөлінген қаражаттың тиімді пайдаланылып жатқанына көз жеткізу үшін бағдарлама аясында несие алған кәсіпкерлермен кездесті.

Ералы Лұқпанұлы «Ауыл Аманаты» бағдарламасындағы негізгі өзгерістер туралы айтты. Егер бағдарламаның алғашқы жылы (2023) ШҚО-да бөлінген қаржының 80%-ы мал шаруашылығын қолдауға бағытталса, 2024 жылы басымдық туризмді, жол бойындағы сервисті және терең қайта өңдеуді дамытуға берілді. Оның айтуынша, 2025 жылы да негізгі назар шағын және орта бизнесті, нақты секторды, туристік жобаларды және қайта өңдеуді қолдауға аударылады. Мал шаруашылығына арналған несиелер тек сұраныс пен даму перспективасы бар белгілі бір аудандарда ғана берілмек. Оның көлемі бөлінген жалпы қаржы көлемінің 10%-ынан аспайды.

«Ауыл Аманаты» жеңілдетілген несие бағдарламасы бойынша 2024 жылдың күзінде 1 млрд теңге игерілді, ал жылдың соңында бөлінген тағы 1,5 млрд теңге 2025 жылы болашақ жобаларға үлестірілмек. Бұдан бөлек, биылғы жазда қосымша 3 млрд теңге қаржы бөлу жоспарланып отыр. Алайда, тәжірибе көрсеткендей, сұраныс жоғары болғандықтан, бұл қаражат ауыл тұрғындарының барлық өтініштерін қамтуға жеткіліксіз.

Премьер-Министр кеңесшісімен кездесу барысында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов «Ауыл Аманаты» бағдарламасының өңірдің дамуы үшін маңыздылығын атап өтті.

– Ауыл – мемлекеттің тірегі, сондықтан оның дамуына басымдық беру қажет. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Ауыл Аманаты» бағдарламасы ауыл халқы үшін жаңа серпін мен әлеуметтік жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді. Жүзеге асқан жобалардың статистикасы мен атқарылған жұмыстардың нәтижесі кәсіпкерлердің қызығушылығын арттырып, бағдарлама аясындағы жобалардың санын көбейтуге ықпал етеді. Әсіресе, шекара маңы мен жаңадан құрылған аудандарға ерекше көңіл бөлу қажет. «Ауыл Аманаты» жаңа жобаларға серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашады, бұл, сөзсіз, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасына және жалпы ауылдық аумақтардың дамуына оң әсерін тигізеді. Халықтың жеңілдетілген несиелерге сұранысы өте жоғары. Облыста жыл бойы қаражатты тиімді игеруге жеткілікті әлеует бар. Біз әрбір өтініштің мұқият қаралуын қадағалаймыз, өйткені бұл бағдарламаны сапалы жүзеге асыру – біздің міндетіміз, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Ералы Тоғжанов «Ауыл Аманаты» бағдарламасының Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен ауыл халқының әл-ауқатын арттыру үшін жүзеге асырылып жатқанын айтты.

– Оның басты мақсаты қандай?. Мақсаты – ауылдарды сақтау. Әсіресе, шекара маңы аудандарының әлеуметтік жағдайын қолдау маңызды, сондықтан бұл бағытта барынша күш салу қажет, – деді Премьер-Министрдің кеңесшісі.

«Ертіс» ӘКК және ШҚО кәсіпкерлер палатасының өкілдері өңірдегі барлық аудандарда бағдарламаның жүзеге асырылуын жан-жақты тексеру жүргізілгенін айтты. Арнайы жұмыс тобы ауылдарға барып, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтті. Нәтижесінде ауыл тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын, жаңа жұмыс орындарын құруға және жергілікті халықтың жұмыспен қамтылу деңгейін арттыруға ықпал ететін бизнес-идеялар тізімі жасалды.

Ералы Лұқпанұлы Шығыс Қазақстанның дұрыс бағытта келе жатқанын, оның ішінде ауылдық жерлерде де әлеуметтік-экономикалық дамудың оң динамикасын көрсетіп отырғанын атап өтті. Кездесу барысында көтерілген барлық мәселелер бекітілген ережелер шеңберінде шешімін табатын болады.