Тиімді болмаса, басқа нарықтарды қарастырады
АҚШ-тың Қазақстан экспортына қатысты баж салығын арттырғаны жайлы сұраққа Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Мәжілістің жалпы отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Бұл жағдайда біз тек ақпарат алған тараппыз. Қазіргі уақытта қарымта баж енгізу мәселесін қарастырып отырған жоқпыз. АҚШ енгізген баждардың көпшілігі іс жүзінде бізге әсер етпейді. Өйткені Қазақстан ұсынатын бірқатар шикізаттық тауарлар – ерекше тізімде. Қазақстан уран, шикі мұнай, күміс және көміртегі мөлшері жоғары феррохром сияқты өнімдер бойынша Еуропа мен Америка үшін сенімді жеткізуші ретінде танылған. Бұл өнімдерге енгізілген баж салдары жоқ», – деді вице-премьер.
Серік Жұманғариннің сөзінше, АҚШ-тың қабылдаған шешімі жалпы экспортқа тек 5 пайыз көлемінде ғана ықпал етеді.
«Әсер экспорттың небәрі 5 пайызына, шамамен 100 миллион доллар көлеміндегі тауарларға ғана тиеді. Алдағы уақытта біз ұсынатын бағаның жаңа баж салығына "шыдай алатынын", нарықтың икемділігін, маржаның қаншалықты азаюы мүмкін екенін қарастыру керек. Егер бұл тиімді болмаса, басқа нарықтарды қарастыруға тура келеді», – деді ол.