Зейнетақы жинақтары қайда инвестицияланатыны, шоттағы сома неге азайып кететіні туралы айтылды
Кей уақытта қазақстандықтар бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) шоттарындағы қаражат көлемінің азайғанын байқайды. Бұл немен байланысты? Несиемізден айырыламыз ба? Осындай сұрақтар мен алаңдаушылық пайда болады. Зейнетақы жинақтары қалай қалыптасып, қайда инвестицияланатыны, кейде шоттағы сома неге азайып кететіні және алдағы өзгерістер туралы Zakon.kz берген сұхбатында Қазақстан Ұлттық банкінің төраға орынбасары Әлия Молдабекова айтып берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Зейнетақы шоттарындағы қаражаттың азаюы туралы
2025 жылдың басынан бастап салымшылар зейнетақы шоттарындағы сома азайғанын байқаған болуы мүмкін. Жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша инвестициялық табыстылық (-)1,05%-ды құрады, ал жиынтық теріс қайта бағалау көлемі – 231,5 млрд теңге.
Бірден атап өткім келеді: бұл нарықтағы активтердің бағамдық құн қайта есептелуінің нәтижесі. Демек, алаңдауға негіз жоқ, себебі сәуір айында инвестициядан түскен оң нәтиже (+)215 млрд теңгені құрап, жыл басындағы шығынның көп бөлігін жапты.
Негізгі себептері туралы
Мұнда екі негізгі себеп бар. Біріншісі – Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарының табыстылығының артуы. Табыстылық өскен сайын облигациялар бағасы төмендейді. Бұл инфляциялық күтулер мен республикалық бюджеттің тапшылығын жабу мақсатында Қаржы министрлігінің облигациялар ұсынуын көбейтуіне байланысты.
Екінші себеп – теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бағамының 525,11-ден 512,34 теңгеге дейін нығаюы. Бұл валюталық активтердің теңгемен есептелген бағасын төмендетті. Айта кету керек, бұл – қағаз жүзіндегі, яғни іске аспаған залал. Егер нарықтағы жағдай қалпына келсе немесе бағам өзгерсе, бұл шығындар табыспен өтеледі.
Зейнетақы активтері – ұзақ мерзімді инвестициялар. Қысқа мерзімді ауытқулар – қалыпты құбылыс. Нағыз тиімділікті бір жылдық немесе одан да ұзақ мерзімдегі көрсеткіштер арқылы бағалау қажет.
Мысалы, соңғы 12 айда (2024 жылғы мамырдан 2025 жылғы сәуірге дейін) зейнетақы портфелінің табыстылығы 13,35%-ды құрады, ал инфляция 10,7% болды. Яғни нақты табыс оң нәтиже көрсетті, жинақтар өсуде.
2014 жылғы сәуірде зейнетақы активтері БЖЗҚ-ға шоғырланғалы бері жинақталған табыстылық 180,2%-ды, ал жинақталған инфляция – 156%-ды құрады. Бұл шынайы өсімді білдіреді. Ұлттық банк тәуекелдерді үнемі бақылауда ұстап, нарықтық ахуалға, мүмкіндіктерге қарай шұғыл әрекет етеді – барлығы салымшылардың мүддесі үшін.
БЖЗҚ активтерін инвестициялау туралы
Қазіргі уақытта БЖЗҚ-да 22,6 трлн теңге жинақталған. Бұл – қазақстандықтардың міндетті, ерікті және кәсіптік зейнетақы жарналары. Барлығы Қазақстан заңнамасына сай басқарылады.
Зейнетақы жинақтары жай жатпайды, олар инвестицияланады – бұл халықаралық тәжірибе. Активтерді басқарумен Ұлттық банк пен жекеменшік басқарушы компаниялар айналысады. Стратегиямыз – табыстылық пен қауіпсіздіктің тепе-теңдігін сақтау. Активтер елімізде де, шетелде де орналастырылады.
Портфель 60% теңгемен, 40% шетел валютасымен диверсификацияланған. Бұл – табыстылықты теңгерімдеуге және валюталық тәуекелді төмендетуге мүмкіндік береді.
Инвестиция облигацияларға, акцияларға, депозиттерге және басқа қаржы құралдарына салынады.
2024 жылдың қорытындысы бойынша инвестициялық табыстылық – 17,84%, ал инфляция – 8,6%. Яғни нақты табыс жоғары. Бір жылдағы жалпы инвестициялық табыс – 3,4 трлн теңге. БЖЗҚ ай сайын портфель құрылымы мен табыс туралы есепті ресми сайтында жариялап отырады – барлығы ашық.
БЖЗҚ активтерін квазимемлекеттік секторға инвестициялау туралы
Қазақстан эмитенттерінің қаржы құралдарына инвестициялау – қалыптасқан және тиімді тәжірибе. БЖЗҚ қаражаты «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ сынды сенімді эмитенттердің облигацияларына салынады. Бұл компаниялардың кредиттік рейтингтері жоғары, мемлекетпен тең дәрежеде.
Олар бұл қаражатты энергетика, көлік, инфрақұрылым, АӨК сияқты стратегиялық салаларға инвестициялауда қолданады.
Маңыздысы – бұл инвестициялар тек нарықтық талаппен, қайтарымды және ақылы негізде жүзеге асырылады. Яғни зейнетақы активтері кәдімгі инвестор ретінде жұмыс істейді.
Бұл тәсіл тұрақты табыс алып қана қоймай, ел экономикасын қолдауға мүмкіндік береді. Қазақстандықтардың ақшасы, ең алдымен, ел ішінде жұмыс істеуі тиіс – инфрақұрылымды дамытып, халықтың әл-ауқатын арттыру үшін. Ұлттық банк эмитент пен инвестор мүдделерін нақты бөліп көрсетеді. Барлық инвестициялық шешім тек салымшылар мүддесіне сүйене отырып қабылданады.
БЖЗҚ активтерін басқару тәсілдерін өзгерту туралы
Біз бірнеше бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз. Мақсатымыз – болашақтағы төлемдердің жеткіліктілігін арттыру.
Негізгі индикатор – табысты алмастыру коэффициенті. Яғни, адамның зейнетке шыққаннан кейінгі табысы бұрынғы шығыстарын қаншалықты жаба алады. Бұл көрсеткіш лайықты болу үшін, инфляциядан жоғары нақты табыс керек.
Біріншіден, валюталық әртараптандыру сақталады: активтердің 40%-ы валютада қалады. Екіншіден, портфельдің валюталық бөлігін табысы жоғары активтерге – акциялар мен баламалы құралдарға (жылжымайтын мүлік қорлары, жеке капитал, хедж-фондтар) бағыттау жоспарлануда. Бұл тәсіл ұлттық қор мен алтын-валюта резервтерін басқаруда бұрыннан қолданылып келеді. Үшіншіден, жеке басқарушы компаниялардың рөлін дамыту жалғасады. Бүгінде салымшылар зейнетақы жинақтарының 50%-на дейін жеке компанияларға бере алады.
Әзірге олардың көлемі аз, бірақ бұл олардың икемді болуына жол ашады – тиісінше, табыстылықты арттыруға мүмкіндік бар.
Бұл – салымшы өз инвестициялық стратегиясын таңдап, оны әртараптандыру арқылы тиімділікті арттыра алады деген сөз. Сонымен қатар, біз нормативтік базаны жетілдіру мен халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру бағытында да жұмыс істеп жатырмыз. Әр азамат өз таңдауын саналы түрде жасап, зейнетақы жинақтарын тиімді пайдалана алуы тиіс.
Басты мақсат – зейнетақы жүйесінің тұрақтылығын арттырып, болашақ зейнеткерлердің лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету.