Көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақылар: кімге беріледі және мөлшері қандай

Qaz365.kz редакциясы

2025 жылдың сәуір айында жоғарыда аталған жәрдемақылармен 860,1 мың отбасы жалпы сомасы 51 млрд теңге мөлшерінде алды. 

Фото: gov.kz

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап көпбалалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 6,5 пайызға артты, деп хабарлайды Qaz365.kz.   

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың басынан бастап көпбалалы отбасыларға және наградталған аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақылармен орта есеппен 853,6 мың отбасы жалпы сомасы 201,9 млрд теңге мөлшерінде, оның ішінде: көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақымен – 611,5 мың отбасы 176,0 млрд теңгеге, наградталған анаға берілетін жәрдемақымен – 242 мың адам 25,9 млрд теңгеге қамтылды.

2025 жылдың сәуір айында жоғарыда аталған жәрдемақылармен 860,1 мың отбасы жалпы сомасы 51 млрд теңге мөлшерінде, оның ішінде: көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақымен 617,6 мың отбасы 44,5 млрд теңге, наградталған анаға берілетін жәрдемақымен 242,5 мың адам 6,5 млрд теңге мөлшерінде қамтылды.

Көпбалалы отбасыға берілетін мемлекеттік жәрдемақыға төрт және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады.

Төлем мөлшері бала санына қарай есептеліп төленеді және 2025 жылы:

  • 4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 63 030 теңге;
  • 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 78 798 теңге;
  • 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 94 565 теңге;
  • 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 110 332 теңге;
  • 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК немесе
    15 728 теңге мөлшерінде төленді.

Наградталған анаға берілетін жәрдемақы «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, бірінші және екінші дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналарға тағайындалады.

Наградталған анаға берілетін жәрдемақы ай сайын келесі мөлшерде төленеді:

  • «Күміс алқа» алқасымен наградталған аналарға – 6,40 АЕК немесе 25 165 теңге;
  • «Алтын алқа» алқасымен наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналарға – 7,40 АЕК немесе 29 097 теңге.