«Қазақстан депутаттары кедей тапқа жатады»: Азық-түлік бағасы жайлы экономистер не дейді

Qaz365.kz редакциясы

«Логикаға сыймайтын бағалар»

Коллаж Qaz365.kz

Қазақстандық депутаттар өз отбасыларының ай сайынғы азық-түлікке қанша жұмсайтынын бұған дейін Qaz365.kz тілшісіне айтып берген еді. Олардың бірі 100 мың, екіншісі 200 мың теңге десе, енді бірі айлығының жартысы кететінін жасырмады. Ал мәжілісмен Ардақ Назаров айына отбасы азық-түлікке бар-жоғы 30-50 мың теңге жұмсайтынын айтып, көпшіліктің сынына қалды. Депутаттың пікірімен келіспеген оқырмандардың кейбірі жағасын ұстап наразылықтарын жазса, енді бірі «40мың теңге берейік, бізді асырап берсең» деп күліп те, күрсініп те жатқандар да бар. Дәл осы тақырып қоғамда қызу талқыға түскен соң біз қарапайым халықтың азық-түлікке айына қанша шығындайтынын біліп көрдік. Ол үшін Астананың бір базарына барып, сауалнама жүргіздік.

Халық айына қанша теңгеге тамақтанады

Сауалнамаға қатысқан тұрғындардың көбі аты-жөнін атамауды жөн көрді. Дегенмен, қойылған сұрақтарға ашық жауап берді. Астаналық тұрғынның айтуынша, олардың отбасы азық-түлікке ай сайын 200 мың теңгеден астам қаражат жұмсайды.

«Күйеуім айлығын алған кезде  бірден базарға келіп, азық-түлік аламыз. Жаңа ғана біз, мәселен, 100 мың теңгеге ет алдық. Ол бізге екі айға жетеді. Ал жай азық-түлікке шамамен 100 мың теңге айына анық кетіп қалады. Кішкентай баламыз бар. Витаминдерімен қосып алғанда тіптен қымбат», - дейді бір әйел.

«Күніне 15-20 мың»

Астананың тағы бір тұрғыны бір күндік тамаққа 15-20 мың теңге кетіп қалатынын айтты.

«Енді айына қанша кететінін есептей беріңіз. Ол күнделікті тамақ. Ал оның сыртында күнделікті салатың бар, бірінші-екінші тамағың бар, кейде түскі асты жұмыста сырттан ішсең, кем дегенде 250-300 мың теңге кетіп қалады ғой», - дейді ол.

«Фантастикалық бағалар қайдан шығады?»

Базар ішіндегі тағы бір әйел «баға қымбаттап барады, бір күні бір нәрсені бір бағаға алсаң, келесі жолы соны басқа сомаға, қымбатқа сатып аласың» деді. Ол айына «шамамен 150 мың теңге тамаққа жұмсаймыз, күн сайын баға өскенімен, айлығымыз орнында тұр, фантастикалық бағалар қайдан пайда болатынын білмейміз» деп жауап берді.

«Кемі 250-300 мың теңге кетеді»

Сауалнама барысында «отбасымызбен айына 30-40 мың теңгені азық-түлікке жұмсаймыз» деген депутат Ардақ Назаровтай ешкім жауап берген жоқ. Кемі депутат айтқан бағадан 3-4 есе көп ақшаны айтты. Бір ер адам «айына 160-170 мың теңге жұмсаймыз, ет бәрін қосқанда 250 мың теңге» деп жауап берді.

«Өзімізге келсек, еттен бөлек шығарғанда айына азық-түлікке 120 мың теңге кететін шығар. Ал кісі келетін болса, 200-300 мың теңге болады», - дейді Астананың бір тұрғыны.

Біздің сұраққа жауап берген елордалықтың тағы бірі «етті қоспағанда 150 мың теңге жай кетіп қалады» деп жауап берді. 

«Күнделікті сүт, айран, қияр, қызанақ, шай мен нанын алсаң, шығын осы. Ал жазда жемістің түр-түрі піседі. Бір ғана алманы жеп отырмайсың ғой. Бір уақыт бүлдірген жегің келеді. Мысалы, мына бір келіге жетпейтін бүлдіргеннің бағасы 2,5 мың теңге тұрады екен», - дейді бір мұғалім.

Біздің сұраққа жауап берген астаналықтар  осылай жауап берді.

Депутаттар не деді

Еске салсақ, Qaz365.kz тілшісі ел алдында жүрген мәжілісмендердің отбасылық бюджетіне қатысты пікірін сұрап білген еді. Мәжіліс депутаты, экономист Дәулет Мұқаевтың сөзінше, азық-түлікке ай сайын шамамен 100–120 мың теңге кетеді. Депутат Айтуар Қошмамбетовтің айтуынша, азық-түлікке ай сайын шамамен 300 мың теңге жұмсалады. Мұрат Әбенов отбасының шығынын нақты есептемегенімен, табысының жартысы азық-түлікке жұмсалатынын айтты. Ал Ардақ Назаров 40–50 мың теңгемен де күн көруге болатынын жеткізді.

Азық-түлік неге қымбаттап барады?

Qaz365.kz тілшісі елдегі азық-түлік бағасы неге күрт қымбаттап кеткені және осы мәселеге қатысты Үкімет жұмысы қаншалықты тиімді жүргізіліп жатқандығы туралы қаржыгерлердің пікірін сұрап білді.

Әуелі белгілі сарапшы, экономист Мақсат Халықпен тілдескен едік. Сарапшының айтуынша, соңғы бес-алты жыл ішінде Қазақстанда инфляция қарқыны жоғары деңгейде қалыптасқан. Әсіресе, азық-түлік инфляциясы алаңдатарлық көрсеткішке жеткен. Инфляцияның негізгі себебі – ақша массасының артуы мен өндірістің әлсіздігі.

«Ақша көп, тауар аз»

 «Инфляция қазіргі таңда шамамен 10 пайыз деңгейінде, алайда кейбір жылдары бұл көрсеткіш 20 пайыздан да асып кеткен жағдайлар болды. Бұл – елімізде қымбатшылықтың қалыптасып, тұрақты сипат алғанын білдіреді. Дегенмен, мәселенің түпкі себептеріне үңілсек, оған әсер ететін бірнеше негізгі фактор бар. Соның ішіндегі ең маңыздысы – еліміздегі ақша массасының шамадан тыс көп болуы. Мысалы, жыл сайын Ұлттық қордан үлкен көлемде қаражат алынады. Бұл қаржы ел экономикасына құйылғанымен, оның орнын толтыратын өндіріс көлемі жеткіліксіз. Жасалынып отырған сапалы қызметтердің көлемі құны жағынан аз. Сондықтан да елдегі тауар өндірісінің баяу қарқыны инфляция деңгейінің жоғары болуына тікелей әсер етіп отыр. Бұған қоса, бюджет тапшылығы да ушығып кеткен. Бұл тапшылықты жабу үшін Үкімет жыл сайын Ұлттық қордан едәуір қаражатты трансферт ретінде алады. Ол қаражат шетел валютасында түсіп, елімізде теңгеге айырбасталады. Ал бұл жеткіліксіз болған жағдайда Ұлттық банк эмиссияға жүгінеді – яғни қосымша ақша шығарады. Осы үдерістің барлығы ақыр соңында ақша массасының ұлғаюына әкеліп, инфляцияны үдетуге себеп болып отыр», - дейді сарапшы Мақсат Халық. 

Мақсат Халықтың айтуынша, негізінен елде өндіріп отырған тауарлар және ақша массасы арасында баланс (теңгерім) болу керек. Ал өндіріп отырған тауардың көлемі өте аз, ал ақша массасының көлемі өте жоғары. Оған кейінгі кездегі зейнетақы қорынан ақша шешіп алу үдерісін қосуға болады. Азаматтар ол ақшаны мақсатты бағыттылықпен емес, әртүрлі мақсатта пайдаланғандықтан, айналымда артық бос ақша пайда болған.

Депутаттар ең кедей тапқа жата ма?

Сондай-ақ  көпшілік сынына ұшыраған депутат  Назаровтың пікірі жайлы да сарапшының көзқарасын білдік.

«Менің түсінгенім, ол кісі өз сөзінде сол отбасылық шығындарға араласпайтын, басын қатырмайтынын көрсеткен. Ал негізі шынтуайтында, қоғамдағы жағдайды қарасақ, біздегі орташа табыс қазір 400 мыңнан асты деп айтып отыр. Медиандық жалақы деген бар. Ол – халықтьң көп бөлігі алатын табыс (250 мың теңгенің үстінде). Бізде халықтың көбінің табысы сондай деңгейде. Ал сол табыстағы азаматтар табысының тең жарымын немесе 60 пайызға жуығын азық-түлікке жұмсайды. Бұл нақты деректер Ұлттық банк мәліметтерінде көрсетілген (яғни, 60 пайызға жетіп қалған). 50 пайыздың үстінде екені анық», - дейді қаржыгер.

Қаржыгер экономика саласының мамандарына таныс Энгель заңын атап өтті. Айтуынша, егер халық табысының 50 пайыздан астамы азық-түлікке жұмсалса, бұл – елдегі кедейліктің жоғары екенін көрсетеді.

«Әлемдік Энгель  заңы деген бар. Энгель деген немістің ғалымы мынадай тұжырымға келген: «Егер де отбасы табысының 50 пайызын азық-түлікке жұмсаса, ол кедей отбасы деген сөз» деген. Біздің тұтас қоғамымыз кедейшілк деңгейінде», - дейді қаржыгер. 

Қаржыгердің осы пікіріне орай жақында депутаттардың кейбірі айлығының жартысы азық-түлікке кететіні жайлы айтқанын да сөз еттік.

«Депутаттардың айлығы кемінде 700 мың теңге (қолға алатыны). Ал ол айлықты әлемдік деңгеймен салыстырсаңыз, орта табысқа да жетпейді. Бірақ Қазақстан деңгейінде Jusan Analytics деген зерттеу жасаған. Ол 700 мың теңгеден астам табысы бар адамдар орта тапқа жатады депті. Менің есептеуім бойынша, 1 млн 200мың, 1млн 500 мың табысы бар азаматтар орта тапқа кіреді. Сондықтан бір жағынан, Jusan Analytics деректеріне қарасақ, депутаттар орта тапқа кіретін адам деп қарастырылады. Алайда енді депутаттардың өзі табысының тең жартысын азық-түлікке жұмсаса, олар кедей отбасы боп қарастырылады», - дейді сарапшы.

«85 мың теңге – ойдан алынған сан»

Сондай-ақ экономистің пікірінше, елде әлі күнге дейін ең төменгі жалақыны есептеу дұрыс жүріп жатқан жоқ. Яғни, барлығы бұрынғы Кеңес заманынан қалған есептеу әдістемесімен есептелінеді. Азық-түлік себетіне қарайды. 

«Азық-түлік себеті ең соңғы рет 2006 жылы жаңарып, 43 тауарға дейін жеткізілген. Одан кейін әлі өзгерген жоқ. 20 жыл болды біз азық-түлік себетінде 40 шақты тауарды ұстап отырмыз. Өте күлкілі жағдай. Ешқандай ақылға, логикаға келмейді. Сондықтан есептеп келеді де, біздің елде ең төменгі күнкөріс шегі 40 мың теңге деп көрсетеді. Ал қалай бір адам 1 айда 40 мыңға өмір сүре алады. Бәрі күліп қарайды. Бұның бәрін есептеп отырған Үкіметтің қаржы блогы күлкінің астында жатыр деп айтуға болады. Бұл – үш айдың ішінде есептеп, біржақты қылатын шаруа. Біздегі орташа табыс – 400 мың теңге үстінде болса, әлемдік есептеулер бойынша сол орташа табыстың тең жарымы ең төменгі жалақы ретінде бекітіледі. Демек, бізде қазіргі көрсетіліп отырғандай 85 мың теңге емес, 200 мың теңгенің үстінде болу керек деген сөз. Ең төменгі табыс 85 мың теңге – ойдан алынған сан», - дейді қаржыгер.


«Баға өсімі – бюджеттік саясат пен импортқа тәуелділіктің салдары»

Аталмыш тақырып аясында елге белгілі ғалым, экономист, сарапшы Сапарбай Жобаевпен де әңгімелесіп, пікірін білген едік.

Сапарбай Жобаевтың айтуынша, біздегі бағаның өсуіне Қазақстанда әр жылғы ақшаның көбейіп (инфляция), ұсынысқа қарағанда сұраныстың артып бара жатқандығы себеп болып отыр. Елде бюджет тапшылығы болғандықтан, Ұлттық қордан, шеттен өте көп қаржы алынып жатыр. Бірақ өндірілген өнім, олардан түсетін салық бұрынғы деңгейде қалып қойған. 

«Бюджет ұйымдарының жалақыларын 10 пайызға индексациялаймыз ғой. Бұл - инфляцияның негізгі себептерінің бірі. Бұл жерде екі мәселе бар. Қарапайым адамдардың 150 мың алатындардың жалақысын 10 пайызға көтереді де, ал негізінен биліктегі олигархтар, квазимемлекеттік кәсіпорындар, әкімдіктер, яғни бюджеттен қаржыландырылатындар 5-10 пайыз адамдар, солардың жалақылары 2 млн болса, оларды 200 мыңға индексациялайды. Бұл тамақ өнімдерінің өсуіне де әсер етіп жатыр. Бірақ басқа да көп үлкен-үлкен себеп бар», - дейді Жобаев.

Сарапшының сөзінше, Қазақстанда әрбір отбасы әртүрлі шығын шығарады. Бірақ статистикадағы орташа көрсеткіштерге ие. Мәселен, Қазақстанда қазіргі таңда медиандық жалақы – 200-250 мың теңге. Сонда жұмыс істейтіндердің адамдардың қолына 150-200 мың теңге тиеді. Оның отбасында әке-шешесі немесе баласы болса, осы отбасыға 200 мың теңгені бөлгенде 50 мың теңгеден шығындалады. 200 мың теңге алған адамға артық болмаса да, күнкөрісіне жетеді. Бірақ егер адамдар біреу немесе екеу болса, бұл ақша жетпейді. Себебі, олардың коммуналдық төлемдері, көлік шығыны, басқа шығындары бар. Азық-түлікке бір адамға 50-60 мың теңге кетсе, қалған төлемдердің бәрі 100-150 мың теңгеге барады. Сондықтан зейнеткерлердің де, 200 мың теңге алатын адамның ақшасы да жетіспейді. 

«Қазақстанда статистика бойынша жұмыссыздар кедейлер қатарына жатады. Олар 1 млн адамға жақын дейді. Яғни, халықтың 5 пайызы. Ал Бүкіләлемдік банктің дерегі бұл санды 10 пайыз, яғни 2 млн адам деп есептейді. Оларға қалған 18 млн адам көбірек салық төлеп, Үкімет бюджеттен 2 млн адамға жәрдем беруі керек. Бұл – әлемдік тәжірибе. Сондықтан бұл депутаттың сөзіне келіспеймін (Ардақ Назаров). Қазақстанда бір адамның басына кететіні – кемі азық-түлікке шығыны 100 мың теңге болуы керек», - дейді экономист.

Не істеу керек? Сарапшылар ұсынған шешімдер

«Инфляцияны шектеу керек. Мәселен, Германия, Франция, АҚШ секілді өркениетті елдерде бүгінгі таңда инфляция 2-3 пайыз. Сол үшін олардың реттеуші орталық банктерінің қайта қаржыландыру көрсеткіші – 4-5 пайыз. Ал бізде инфляция 9-12 пайыз болғаннан кейін Ұлттық банктің қайта қаржыландыру көрсеткіші – 16,5 пайыз. Осы да инфляцияға әсер етеді, себебі мәселен, 16,5 пайызға несие алып, жұмыс істесеңіз, ертең өндірген өніміңізге 16,5 пайыз бағаны қосып, кейін ол ақшаны коммерциялық банктерге қайтарып беруіңіз керек. Сол себепті баға өсе береді. Инфляцияны шектеуде ақша массасын шектеу ең бірінші орында тұрады. Сондықтан, 16,5 пайыз бүгінгі күнде дұрыс деп есептеледі. Көрші Ресейде бұл база 21 пайыз, бауырлас түркі елдерінде 40 пайызға дейін барады. Басқа елдерде де өте жоғары. Еуропа, Жапония сияқты елдерде 3,4 пайыз ғана. Ең негізінен біз осы мәселені қарап шығуымыз керек», - дейді сарапшы.

Сонымен қатар экономистің пікірінше, елде орташа жалақы 400 мың теңге деп есептеледі. Сол 400 мың теңгеге дейінгі жалақыларды ғана индексациялау керек те, 500 мың теңгеден жоғары айлықты индексацияламау керек. Өйткені, олар орташа жалақыдан көп алғаннан кейін инфляцияның әсерін онша сезбейді. Биліктегілердің, олигархтар, әкімдіктегілер мен министрліктегілердің жалақысын индексациялауды тоқтату керек. Сонда ғана инфляция тоқтайды. Себебі индексация жүргізілген сайын инфляция көтеріле береді. 

«Әрине, өндіріс мәселесі, ауыл шаруашылығындағы жерлерді диқандарға беру, өндірістерді жекешелендіру үлкен макроэкономикалық мәселелер – өзінше үлкен сұрақ болып қала береді», - дейді экономист Сапарбай Жобаев.

Нұрән Әділет