2029 жылға қарай бұл бағытта 45 млн тонна жүк ағыны жеткізілмек
Бүгін Елордада Астана халықаралық форумы (AIF-2025) аясында Қазақстан мен Еуропа арасын жалғайтын көлік дәлізін жобалау туралы сессия өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz .
Бұл туралы ҚР Экономика және Көлік минстрлігінің баспасөз қызметтері мәлімдеп отыр.
«Жаңа Жібек жолдары: жаһандық сауданың болашағын карталау» панельдік сессиясында спикерлер геосаяси шиеленістің дәстүрлі сауда дәліздерін қалай өзгертіп жатқаны және Орта
дәліз сияқты жаңа бағыттардың стратегиялық мәнге ие болып жатқаны туралы пікірлерімен бөлісті. Сессия модераторы, CNN International тілшісі Ханако Монтгомери көлік министрі Марат Қарабаевтан жаңа көлік дәлізінің Қазақстанға әсері қандай екенін сұрады.
«Бұл үлкен қызығушылық тудыратын өте қызықты сауда жолы, сондықтан мен әңгімемізді келесі сұрақтан бастағым келеді. Орта дәліздің Қазақстанға әсерін бір сөзбен қалай сипаттай аласыз? Бұл – Қазақстанның болашағы, бұл – үміт, бұл – тағдыр. Қазақстан үшін Орта дәлізді қалай сипаттай аласыз?» — деп сұрады Ханако Монтгомери.
Ал бұл пікірге ҚР Көлік министрі:
«Егер үш жыл бұрын бар болғаны 800 мың тонна болса, бүгінде 4,5 миллион тонна жүк ағыны бар, елестетіп көріңізші, шығыстан Еуропаға тауар тасымалдау туралы бізде алғашқы берік келісім-шарт бар, ал бұл тауарлардың көлемі 2029 жылға қарай 10 есеге артады. Бұл тек дәстүрлі контейнерлік тауарлар ғана, бұл біздің металл, алюминий, металлургия экспорты. Сондықтан біздің өндіруші компанияларға өз тауарларын экспорттауға жақсы мүмкіндік бар», – деп бөлісті Марат Қарабаев.
Министр Қазақстан қазір осы дәліз бойынша мұнай тасымалдау мәселесін алға тартып жатқанын айтты. Сондай-ақ үш жыл ішінде тасымалдауды 10 миллион тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда.
«Бұл Қазақстанның көлік секторы үшін тауарларды экспорттау тұрғысынан да, осы тауарлардың транзиттік дәлізін қамтамасыз ету тұрғысынан да келешегі зор болашаққа жол ашатын құнды дәліз болады», – деді Қарабаев.
Орта дәліз Қытайды Еуропамен байланыстыратын Қазақстан, Әзірбайжан, Грузия арқылы өтеді.Еуропалық инвестициялық банктің вице-президенті Кириакос Какурис Қазақстан сияқты елдер жаһандық жеткізу тізбегіне интеграциялануда қосымша құн әкелетінін, сонымен қатар энергетикалық, цифрлық және көліктік дәлізді белсенді түрде сынап жатқанын атап өтті.
"Каспий серіктестігі жағынан біз аймақтағы энергетика мен инфрақұрылымды қолдай алатын позициядамыз. Орталық Азия елдері сауда жолдарын нығайтып, табыстарын арттырып, экономикалық мүмкіндіктерді кеңейтулері үшін осы өзара байланыстарды ілгерілету еуропалық стратегиялық мүдде", – деді Кириакос Какурис.
Ханако Монтгомери Орта дәліз Еуропа қалағандай дамуы керек пе деп сұрады.
"Менің ойымша, біз әсер ету жолдарын іздемейміз. Біз әсер етуді қаламаймыз, біздің ынтымақтасқымыз келеді", – деді Кириакос Какурис.